Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6122 0 пікір 2 Шілде, 2015 сағат 21:12

"АЛТЫН ТОБЫЛҒЫҒА" ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының

«Алтын Тобылғы» сыйлығына облыстарда өтініштер қабылдау басталғаны жарияланды


Бүгін Астанада Қазақстан Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының «Алтын Тобылғы» («Золотая Таволга») сыйлығына облыстарда өтініштер қабылдау басталғаны белгілі болды. Жүлде қорының жалпы мөлшері 5,5 млн теңге.

Шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұрақанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков, Мемлекеттік тілді дамыту қорының  директоры Азат Шәуеев және ақын Қалқаман Сарин қатысты.

«Алтын Тобылғы» әдеби шығармалар сыйлығы - қазақстандық авторлардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру мақсатында әзірленген жаңа буынның өмірлік философиясын көрсететін жоба.

Ұйымдастырушысы әрі Құрылтайшысы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры. Жобаға  ҚР Жазушылар одағы мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры серіктес болып отыр.

«15 жылдан бері Президент Қоры Қазақстанның талантты жастары мен жас дарындарға қолдау жасап келеді. «Алтын Тобылғы» жобасы қазақстандық талантты жастардың жолын ашып, әлемдік деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мұндай іс-шаралар жастардың мемлекеттік тілге құрметі мен оқуға деген мотивациясын және отандық әдебиетке үлкен қызығушылығын оятады деп сенеміз», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұрақанов брифинг барысында.

Жобаға 18 бен 35 жас аралығындағы қазақстандық жас авторлар қатыса алады. Ұсынылатын материалдар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы тиіс. 

«Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия» және «Үздік балалар әдебиеті» деп 4 номинация бойынша беріледі. Жеңімпаздарға 1 млн. теңгеден сыйақы беріледі. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» тақыры бойынша жеңімпаз атанған автор 1,5 млн теңге ақшалай сыйлығы бар арнайы премияға ие болады. 

Қазылар алқасы құрамына Қазақстан Республикасының белгілі мәдениет қайраткерлері сондай-ақ әдебиет өкілдері мен журналистер еніп отыр.

«Алтын Тобылғы» - берері мол жоба болғалы отыр. Сонымен бұл сыйлық жаңадан бастап жүрген буынға күш беріп қана қоймай, қазірігі әдебиетті заманауи деңгейге дейін көтеруге ықпал етеді.  Осы себепті Қордың жобасына қуана-қуана қолдау білдіріп отырмын» , – дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

Авторлық жобалар жанр, ойлау ерекшелігі, авторлық көзқарас, дәйектілік және шығармашылық қадам секілді ерекше критерийлер бойынша бағаланады. 

Өтініштер 2015 жылдың 1 шілдесі мен 1 қарашасы аралығында қабылданады. Жеңімпаздар 2015 жылдың желтоқсанында марапатталады.

Толық ақпаратты www.presidentfoundation.kz сайтынан білуге болады.

 

 

ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР:

 

1. Номинаторлардың өтініштері қандай үлгіде болуы тиіс?

Қатысу туралы өтінім «Алтын Тобылғы» әдеби шығармалар сыйлығы үшін деген белгімен жолдануы тиіс:

Конвертке бөлек салынады:

1)    Шығарма, авторын көрсетпей (құпиялылық шарттарын сақтау үшін) бір данамен қағазға шығарған нұсқасы

2)    Автордың аты-жөні, туған күні, мекен-жайы, байланыс телефондары, e-mail көрсетілген қосымша конверт болуы тиіс.

Өтініш Астана қаласы, Еңбекшілер көшесі 10,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры мекен-жайы және at2015@fpp.kz. Электронды поштасына жіберіледі.

 

2. Байқауға жіберілетін әдеби шығарманың көлеміне байланысты шектеу бар ма?

Қолжазба А4 форматында, Times New Roman қарпімен, әріп өлшемі 14,  жол аралығы 1,5 үлгісінде болуы тиіс.

Қолжазба көлемі:

Прозалық шығармалар 35 беттен аз емес;

Поэзиялық шығармалар 5 беттен аз емес;

Драмалық шығармалар – 30 беттен көп емес;

Балаларға арналған шығармалар – 25 беттен көп емес;

«Мәңгілік ел» тақырыбы кез-келген жанрда (проза, поэзия, драма, балаларға арналған шығармалар) т.б бола береді

 

! Жұмыстарды ұйымдастырушыларға жеткізіп беру, салтанатты марапаттау шараларына қатысу шығындары авторлардың өз қалтасынан төленеді.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры - 2000 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен коммерциялық емес ұйым. Қор әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және басқа да әлеуметтік және саяси жобаларды жүзеге асырады. 2007 жылдан бастап Қор директоры Дариға Назарбаева болып табылады.

Абай-ақпарат

0 пікір