Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 5914 0 пікір 2 Шілде, 2015 сағат 22:32

ШКОЛЬНИК ПЕН ИСЕКЕШЕВ ОТСТАВКАҒА КЕТСІН!

Астана қаласында киік пен малдың қырылу себебін анықтауды мақсат еткен «Шындық экспедициясы» өзінің тоғыз күнге созылған жұмысын қорытындылайды.

Жиында «Шындық экспедициясының» мүшелері арнайы түсірілген видео, фото материалдарды ұсынып, киіктердің, малдың, аңдардың жаппай қырылу себептері туралы өз ойларын ортаға салып, жинаған ақпараттарымен бөлісті.

Экспедиция мүшелері Мақсат Ілиясұлы, Еділ Мәкен, Жеңіс Тілеубайұлы, Нұрлан Жабаев және Амандық Дәулетбекұлы экспедиция барысында болған қиындықтарды айта келіп, шындыққа көз жеткізудің оңай болмағанына тоқталды.

«Билік өкілдері шындықты жасырып бақты, жергілікті халықты бізбен кездеспеуге үгіттеп, тіпті қорқытып отырды. Жергілікті полиция қызметкерлері экспедиция мүшелеріне қысым жасады» деп мәлімдеген белсенділер баспасөз мәслихаты соңында Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Премьер-министр Кәрім Мәсімовке, Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабидолла Жақыповқа арнайы хат жолдап, жеті талап қойды. оның ішінде 150 мың киіктің, жүздеген малдың, аңдар мен құстардың жаппай қырылуына кінәлі деп тауып, экология мен қоршаған ортаны қорғауға тікелей жауапты ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникті, ғарыш саласына тікелей жауапты ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевті лауазымдық қызметінен босатуды талап етті.

 

Өздерінің талап-арыздарын белсенділер «Шын сөз»  деп атап, төмендегі мәтінді жария етті. Бұл талапқа қол қоюға басқа да қоғамдық ұйым басшыларын шақырды. Қол жинау жалғасуда.

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы

Нұрсұлтан Назарбаевқа

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

Кәрім Мәсімовке

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы

Қабидолла Жақыповқа  

 

ШЫН СӨЗ

«Шындық экспедициясы» 2015-жылдың 17-26-маусымы аралығында Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарының жеті ауданын аралап, киік, мал, аңдар мен құстар қырылған аймақта болып, барлық мән-жайға қанық болып қайтты.

Экспедиция қорытындысы бойынша мынандай шындықтардың беті ашылды:

1. Қазақстан аумағында осы жылдың 10- мамырынан бастап 134 мың  киік қырылды деген ресми ақпарат таратылған еді;

Алайда қырылған киіктердің шынайы саны  150 мыңнан асады.

2. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті және оған қарасты «Ғарыш-экология» мекемесі басшылары  Қостанай және Ақтөбе облыстарына Протон зымыранының бөлшектері құламайды деп мәлімдеген еді;

Шындығында, соңғы бес жыл бойы Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарының, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының аумағына Протон зымыранының бөліктері ұдайы құлайтыны дәлелденді.

3. Облыстарда орын алған мал шығынының да саны таратылған ресми ақпаратта көрсетілген саннан әлде қайда көп екені анықталды;

Мәселен, Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы  «Сыма-К» шаруа қожалығында киік қырғыны басталғаннан кейін он күн ішінде 67 бас мал қырылғаны, онымен көршілес «Қазымбек» шаруашылығынан 9 бас мал шығынының болғаны, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты «Құмқұдық» серіктестігінде 35 жылқының өлгені анықталды. Бұдан басқа да көптеген мал шығындары туралы ақпараттар расталды.

4. Протон зымыранының ұшырылуы, құлауы, Ресей Федерациясы әскери полигондарындағы түрлі сынақтар Қазақстан халқының денсаулығына кері әсер етіп жатқаны анықталды. Ел арасында түрлі ісік, қан тамыр, жүрек, тыныс жолдары ауруларының артып отырғаны белгілі болды;

5. Протон зымыраны ұшырылып, әскери сынақтар болғаннан кейін жергілікті жерлерде ауа-райының күрт өзгеретіні анықталды. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың мал өсіріп, егін егу жағдайына кері әсерін тигізуде.

Осы аталған жағдайларды ескере отырып:

1. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Протон зымыранын ұшыруды тез арада мүлде тоқтатуды;

2. Қазақстан аумағындағы барлық әскери-жаттығу полигондарын жабуды;

3. Осыған дейін Протон зымыранының бөлшектері құлаған, әскери сынақ жүргізілген  аймақтардағы тұрғындардың денсаулығына толықтай тексеру жүргізуді және зардап шеккендерге өтемақы тағайындауды;

4. Протон зымыранының ұшырылуынан, әскери қарулар сынаудан қоршаған ортаға келген зиян көлемін толықтай анықтауды;

5. ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес Ресей Федерациясынан  Протон зымыранының ұшырылуынан, әскери қарулар сынаудан адам денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен қаупін анықтап, бағалап, соған сәйкес өтемақы көлемін анықтауды және ол өтемақының тез арада төленуін талап етуді ұйымдастыруды;

6. 2013-жылдың 02-шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында  Протон зымыранының құлауынан болған зардаптар үшін өтемақы ретінде Ресей Федерациясы төлеуге міндеттелген 90 млн. долларды тез арада алып, киіктің, малдың жаппай қаралу себебін анықтау мен  зардап шеккендерге өтемақы ретінде беруді;

7. Қырылған 150 мың киіктің, жүздеген малдың, аңдар мен құстардың жаппай қаралғаны үшін нақты лауазым иелері жауапқа тартылуы тиіс.

  Осыған орай еліміздегі экология мен қоршаған ортаны қорғауға тікелей жауапты ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникті, ғарыш саласына тікелей жауапты ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевті лауазымдық қызметінен босатуды талап етеміз.

 

  1.          «Антигептил» азаматтық қозғалысы
  2.          «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» Астана қаласы бойынша филиалы
  3.         «Нағыз желтоқсан» қоғамдық қоры
  4.         «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігі
  5.         «Халықтық Альянс» азаматтық қозғалысы
  6.         «Адам құқықтары мен бастандықтарын қорғау» қоғамдық қоры
  7.         «Қазақ елі» қоғамдық бірлестігі
  8.        «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитеті»

 

 

Abai.kz 

0 пікір