Жұма, 26 Сәуір 2024
Арылу 4185 0 пікір 9 Шілде, 2015 сағат 11:42

ЖЕҢІЛДІК ЖАППАЙ ЖАСАЛСА ҒАНА ӘДІЛ БОЛАДЫ

Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың ақпан айында Үкіметке берген тапсырмасын орындауға сәйкес жасалған Шаралар жоспарының 87 –ші бөлігін орындау мақсатымен Ұлттық банк тұрғындардың ипотекалық қарыздарын «айрықша кезеңде» қайта қаржыландыру бағдарламасын бекіткен болатын. «Қайта қаржыландыру» (рефинансирование) дегеннің бұл жердегі мағынасы – қарызды қайтару шарттарын қайта қарау дегенге саяды.

Бұл бағдарламаның мақсаты борышкерлердің қалың тобына ипотекалық қарыздарын қайтару шартын мүмкіндігінше жеңілдету болатын. Бағдарламаның қамтуына 2004 жылдан бастап 2009 жылға дейінгі мерзімде ипотекалық қарызбен тұрғын-үй алғандар енгізілген. Қазір осы жеңілдікті алу үшін халық өздері несие алған банктардың есігін тоздыруда. Ал енді банкылық операциялар жасау құқынан айрылып, лицензиясы қайтып алынған «БТА-Ипотека» АҚ және «Астана-Финанс Ипотека» АҚ сияқты қаржылық ұйымдардан несие алғандар осы жеңілдікті пайдалану үшін қайда баруы керектігін білмей дал болуда екен.

Қайда барарын білмеген олардың біразы өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды өтініп, Қазақстанның Халықтық коммунистер партиясы офисінің есігін тоздыруда көрінеді. Бұл туралы Мәжілістің бүгінгі, соңғы пленарлық отырысында депутат Айқын Қоңыров жариялап, осы азаматтардың жеңілдік алуын шешіп беріңіз деп Ұлттық Банктың төрағасы Қайрат Келімбетовтың атына депутаттық сауал жолдады. 

Жоғарыда аталған ұйымдардың банкылық операциялар жасау құқынан айрылғанына клиенттер кінәлі емес. Кезінде олар да Ұлттық банктан лицензия алып, жұмыс істеп тұрды, сондықтан халық оларға сеніп, несие алды. Демек, халықтың бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ, сондықтан оларды жеңілдік алу құқынан айырмаңыз делінген сауалда.        

Сонымен қатар депутат өзіне белгілі болған деректерге қарағанда қазір сот орындаушылар көптеген осындай борышкерлерді шырылдатып, соттың шешімімен жалғыз үйлерінен қуып шығып жатқанын айтты. Ал егер Үкіметтің жеңілдігін қолданса, олардың біразы қарыздарын өтеу мүмкіндігіне ие болар еді дейді депутат. Сондықтан осы екі ұйымнан ипотекалық несие алғандардың жеңілдікке қол жеткізу тетіктерін тез арада жасауыңызды өтінемін делінген сауалда.      

Бұл сауалға А.Қоңыровпен бірге Мәжілістегі ҚХКП фракциясының барлық мүшелері қол қойды.

 

Серік Елеу, сарапшы 

Abai.kz

0 пікір