Сенбі, 27 Сәуір 2024
Құлақтың әңгімесі 4970 0 пікір 9 Шілде, 2015 сағат 16:48

ГЕНЕРАЛ ЕРТАЕВ БАНКИР ЕРТАЕВТЫҢ ӘКЕСІ МЕ?


Кеше Парламент мәжілісінің депутаттары әдеттегіден өзгеше – көтеріңкі көңіл-күйде жүрді. «Төбесі көрініп» тұрған каникул күндерінің әсері ме, жоқ басқадай бір себебі бар ма – әйтеуір олар кеше біраз шаруаны тындырып-ақ тастады. Айналдырған бірнеше сағат ішінде мүгедектерге миллиард доллар тауып берді. Еліміздің шет елдіктер алдындағы беделін білдіретін имидж-кампания дегенді ойлап тапты. Тіпті олар өздерінің жеке өмірлерінің де бірқатар белестерін «аударып-төңкеріп» тастады. Рас, халық қалаулыларының қарбаласқа толы деп айта қоюға келмейтін күнделікті тірліктеріне онша-мұнша қызығушылық таныта қоймайтын БАҚ өкілдері әңгіме осы бір «жеке өмір» жайына келгенде «аяқ астынан тіріліп» сала берді. Елдің көз алдында жүрген зіңгіттей де зіңгіттей... қалаулы да қалаулы адамдардың жеке өмірлері әлбетте, кез-келген адамды қызықтырып тұратыны айтпаса да түсінікті нәрсе. Дегенмен, жеке өмір мәселесіне келгенде Ауған соғысының батыры, генерал-депутат Бақытжан ЕРТАЕВ әріптес-керістес адамдардың барлығын да жолда қалдырды, өйткені кейінгі кездері батыр адамның «болмайтын бірдеңеге бола» басы шатылып жүр – қып-қызыл әңгімеге қалып.

ӘЛҚИССА: бәріміз білеміз, осыдан бірнеше күн бұрын банкир Жомарт ЕРТАЕВ деген елге белгілі қаржыгер-бизнесменнің басының дауға қалып, өзінің тиісті органдар тарапынан іздеуге ұшырағанын. Қазір қашып жүр, қысқасынан қайыратын болсақ.  Сол-ақ екен, баспасөз беті мен теле-интер-әлеуметтік желі дегендеріңізді «банкир Ертаев генерал Ертаевтың ұлы екен» деген әңгіме аралады да кетті. Рас-өтірігін ешкім білмейді. Ал енді генерал мен банкирдің суреттерін салыстырғандар, о тоба, екеуінің бір-біріне қатты ұқсайтынын демде байқаған. «Айқай әңгіме» генерал-депутаттың да құлағына жеткен болса керек, кеше дәл осы сұраққа ол кісі де « тезірек құтылайыншы» дегендей, қысқа да нұсқа жауап қайтарып, қолын бір сілтеді. Сондағы айтқан айдай шындығы мынау: «...осы әңгіме шыққалы мен ұйқыдан айырылдым. Қайдағы біреулер телефондайды түннің бір уағында. Телефондайды да, «банкир Ертаев сіздің ұлыңыз ба?» деп сұрай береді... сұрай береді. Қазір мен әңгіменің ашығын айтып,  нүктесін қойып тастайын, ал содан кейін мені бұл мәселе бойынша мазаламаңыздар. Қысқасы, банкир Жомарт Ертаевты мен танимын, бірақ біздер туысқан адамдар емеспіз. Мен тіпті оның анасын танымаймын да. Оның анасымен ешқашанда пойыздың бір купесінде жол жүрген емеспін де.  Бітті. Бұдан басқа айтарым жоқ...»

Өмірінің көп бөлігі әскер қызметінде болғандықтан үйреніп кеткен әдет болса керек, генерал-депутат ұзақ сөйлеп, ешкімнің басын қатырмады – осылай да осылай деп үлкенді-кішілі Ертаевқа қатысты бұрқ-бұрқ ете қалған ұзынқұлақтың нүктесін нығыздап тұрып осылайша қойып тастады. Қойып тастады да, қолын бір сілтеп – кетті де қалды. Аң-таң боп біз қалдық. Және жәй қалған жоқпыз, бірдеңе-шірдеңені түсінбей, жынды боп қалдық. Ол түсінбегеніміз – үлкен Ертаевтың «кіші Ертаевтың шешесімен бір купеде болған жоқпын» деген бір ауыз сөзі. Аңырып қалдық – «купесі несі?» деп. Ойраны шыққан ойымызда «генерал Ертаев купеде не бүлдірген?» деген жауабы табылмаған сұрақ және қалды. Білмейміз ғой, әскерилерді түсінуден әбден қалған сияқтымыз, тәрізі..!

 

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір