Жексенбі, 28 Сәуір 2024
46 - сөз 4846 0 пікір 16 Шілде, 2015 сағат 13:33

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. МАСТЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Мастанудың (мас болудың) кәдімгі алкогольдік ішімдіктерге мас болудан бөлек, өзге түрлері де өте көп қой, санап тауыса алмайсың! Атаққа мастану, байлыққа мастану, өз көркіне мастану (нарцисстік) , т.с.с. Несін айтасың, толып жатыр! Бірақ, төмендегідей мастықтардың да болатынын мен кейінгі жылдары ғана өз көзіммен байқап-көріп, қайран қалдым!..

Бірде, бір тойханада бір топ творчество адамдары бас қосты. Ішінде мен де бармын. Ондай ортаның сондағы "ортақ қызуын" суреттеп айтып берудің өзі өте қиын шаруа!.. Жасыратыны жоқ, біраз шамаға дейін "кәусарлатып" та бақтық. Асабамыз жас, ақын жігіт болатын. Айтары жоқ, "кілең жын-перілерді" тәп-тәуір-ақ басқарды. Әркімімізбен әзілдесіп те, қалжақтасып та жүрді, армансыз. Бірақ, тойдың соңына таман, әлгі асаба бауырымыз кәдімгідей мас болды да қалды! Тіпті, сөйлеуге аузының икемі де келмей, бірдеме деп "былдыр-былдыр" етеді. Егер, бізбен бірге "шараптанып" жүрсе бір сәрі ғой; ол - мүлде ішпейтін, "тартпайтын", "атпайтын" нағыз намазқор жігіттердің "сырттаны" еді-ау!.. Бізбен бірге шаттанамын деп жүріп, шарап ішпей-ақ, сондай күйге ұшырады!
"Жын-перілердің ортақ қызуында" алапат күш барлығына сонда көзім жетті!
Тағы бірде, біздің үйге бір бауырым келді, өзін классик жазушы санайтын. Келді де, қонақ бөлмеде адыраңкөздене арлы-берлі адымдай жүріп, өзінің жаңадан жазып бітірген "супер" шығармасы жайында есіп бір сөйледі-ай кеп-кеп!.. Үйге арақ ішпей, сау келгенін анық білем. Содан, дастархан жайылды, шарап қойылды. Байқасақ, әлгі "классик" бауырым, - бөтелке тығыны ашылмай жатып-ақ, - қып-қызыл мас!.. Елірген көңіл мен есіле сөйленген Сөздің арақтан да асқан қуаты барлығын мен сонда көрдім. Көрдім де,.. небір мастықтар жайында да "кісіөлтірерлік" Сөздер айтып кеткен Абайдың асқан даналығына қайта құладым. Бір-ақ мысал: "Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының көтін жауып кетіп, екі көзі - аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен; - соны көрдім" (Абай. "Он бесінші Сөздің" түйіні).

Abai.kz

0 пікір