Жұма, 17 Мамыр 2024
Шынның жүзі 4113 0 пікір 16 Шілде, 2015 сағат 14:04

«ӘЛИЕВЩИНА» ӘЛI ДЕ ӘЛIНДЕ

 

Венада бiрнеше ай бойына созылған сот процесi аяқталды. Соңғы отырысына қатысып қайттым.
Жолдас Темiрәлиев пен Айбар Хасенов секiлдi “Нұрбанктiң” топ-жетекшiлерiн ұрлап әкетiп, өлтiрдi деген айып тағылған Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляк толық дерлiк ақталып, сот залынан бостандыққа шықты. Осы сотта iсi қаралуы тиiс Рахат Әлиев бұдан ертерек белгiсiз жағдайда түрмеде көз жұмды. Бiреу оны өлтiрiп тастады дейдi, ал бiреу – өз-өзiне қол жұмсады дейдi. Бiр сөзбен айт­қанда, жұмбақ өлiм.

Әрине, аса ауыр қылмысқа қатысы бар деп саналған осы қаскөйлердiң сүттен ақ, судан таза боп шығуы барша жұртты таңғалдырды. Көп адамның түсiнбеушiлiгiн, ашу-ызасын туғызды. Ал залдың тең жартысын алып отырған қашқындардың әрiптестерi өз қуаныштарын жасырған да жоқ.
Десек те, заңгерлердiң айтуынша, осынау аса жұмсақ шешiмнiң бiр үмiттендiрер тұсы бар. Яғни, Кошлякқа «адам ұрлады» деген кесiмдi өкiмнiң құқықтық жалғасы болуы тиiс. Осы арқылы Вена соты қылмыстың сөзсiз орын алғанын мойындап отыр. Ал қылмыс бар болса, қылмыскердiң аты ерте ме, кеш пе, әйтеуiр, аталуы тиiс. Әзiргi үмiт сол.
Сонымен, Венадағы соттың талай жыл бойына қазақстандық режимнiң қандықол жазалаушылары болып табылған осы екi адамның кiнәсiз деп та­былуының себебi неде?
Ең басты себеп – бiздегi билiктiң 1995 жылы Ата Заңымызды өзгерткеннен кейiн барлық өкiлеттiктi бiр адамның қолына шоғырландырып алып, сот секiлдi дербес билiк тармағын билеп-төстеп, сол сот арқылы саяси қарсыластарын оңды-солды жауапқа тартып, масқара процестер арқылы барша жұрттың, соның iшiнде шетел аудиториясының сенiмiнен түпкiлiктi айырылып қалуында деп ойлаймын. Қазақстандық сотқа деген терiс көзқарас осы процеске өз әсерiн, кесiрiн мықтап тигiзген сыңайлы.
Сот барысында Мұсаев пен Кошляктың қорғаушылары мынадай бiр тезистi ерттеп алып, содан түспей қойды: яғни, “осыдан бiраз уақыт бұрын осы екi адамды соттап, қос банкирдi ұрлап, аяусыз өлтiрдi деген қазақстандық соттың үкiмi – әдiлетсiз әрi заңсыз! Өйткенi Қазақстанда әдiлеттi сот жоқ! Сот тiкелей атқарушы билiкке бағынышты. Сол себептi Мұсаев пен Кошляк та кiнәсiз!”.
Мiне, қандай құқықтық казуистика мен қитұрқылық!
Және де осынау тұжырыммен келiспеудiң өзi де қиын, өйткенi шын мәнiнде бiздiң сот сондай емес пе?!
Бiр сөзбен, бiздiң билiк кезiнде бiреулерге өзi қазған орға өзi түстi.
Оның үстiне осынау екiұшты дәлелдiң сорпасына мынадай бiр кiлкiген майлы тұздық қосылуда: “Әлиев, Мұсаев пен Кошляк – Қазақстан өкiметiне оппозиция, олар билiкке қарсы шығып, оны әшкерелеп жүрген адамдар, олар саяси қуғын-сүргiннiң құрбандары, осы сотта тағылып жатқан айыптаулар да сол репрессияның жалғасы”.
Соның дәлелi ретiнде олар айыптаушы елден бiржолата кеткен кезден бастап, президенттi, үкi­меттi сынаған сөздерiн дәлел ретiнде ұсынып жатыр. Не уәж айтасың, сынағандары, сынап жатқандары рас. Әлиевтiң өзiнiң бұрынғы қайынатасы туралы атышулы кi­табының өзi не тұрады.
Осы тұста бiз сөзсiз саяси астары бар бiр үлкен моральдық-этикалық тығырыққа тiрелгендеймiз. Оған да бүгiнгi билiктiң өзi кiнәлi. Ол тұйыққа тiрелудiң негiзi екi түрлi пiкiрдiң қарама-қайшылығында жатыр. Бiрi – кез келген азамат, оның iшiнде, кешегi шенеунiктер мен елбасы отбасының мүшелерi, сол билiкке сын айта алады, уақыт келе, оппозиция қатарына өте алады. Бiреуге “оппозиция бола алмайсың” деудiң өзi демократияға жатпайды. Екiншiсi – кеше өзi оппозицияны, еркiн бизнестi, өз қарсыластарын аяусыз қанаған, қудалаған, өлтiрген, ұрып-соққан азаматтар сол оппозицияның қатарына кiрiп кеткен болып, “маған тағылған айыптың бәрiнiң саяси астары бар!” деген уәжбен өзiне саяси қорған таба салады. Яғни, кешегi қанiшерлер өңiн айналдырып, бiр күннiң iшiнде халық жақтаушылары боп шыға келедi. Ал Батыста “адам құқы мен саяси бостандық” деген ұғымдарға көзқарас қандай екенi о бастан белгiлi.
Осы кереғарлықтың шешiмiн таба алмай, Венада болған сотта орын алған құқықтық нонсенстен құтыла алмаймыз! Өйткенi бүгiн билiктiң iшiнде жүрiп, оның былықтарына әбден былғанған (бәлкiм, қолы қанға малынған!) кейбiр тұлғалар күнi ертең осы әлиевтер мен мұсаевтар секiлдi “оппозиция” болып жатпасына кiм кепiл? Өйткенi басына iс түскенде шетел асып, дереу билiк туралы бiрнеше сыни мақала жариялап, керек десеңiз, Әлиев секiлдi “Азат Қазақстанның үкiметi” деген аты бар да заты жоқ ұйым құрып, оны өзiне тиiстi саяси қалқан ету олар үшiн түк емес қой.
Оның үстiне қалтасы қалың олар сол кезде оппозиция қатарында жүретiн (қазiр де жүрген) кейбiр кешегi әрiптестерiмiздi өз жақтастарына айналдырып алуы да қиын емес. Әйтпесе, Венадағы сот кезiнде Әлиев пен Мұсаевты бүгiнгi күнге дейiн Мұхтар Әблязовтiң командасы болып келген, оппозиция қатарында талай жыл жүрiп, шетелде орнығып алған бiрқатар тұлғалар қолдап шыққанын қалай түсiнуге болады?
Адамда, әсiресе, саясатқа араласып, ел алдында сөз сөйлеп жүргендерде “бiрiздiлiк, бұрын айт­қан сөздерiне берiктiк” деген iшкi ұстаным болуы керек емес пе? Күнi кеше ғана өздерiнiң бас әрiптесi Мұхтар Әблязовтi асқан зұлымдықпен қудалап, түрмеге жауып, адам айтқысыз азапқа салған адамдарды ол топтың ендiгi жерде қорғап жатуын өз басым өрескелдiк деп танимын. Ең болмағанда, алдымен өздерiн осыншама жыл қаржыландырып келген Мұхтарға жасалған қылмыстары хақында сұрау салмай ма?! Әлде ол адамдардың моральдық критерийлерi мүлдем басқа ма?
Тiптi қаза тапқан банкирлердiң отбасы мүшелерiне қолдау көр­сетiп, Венаға барған бiз секiлдi адамдарға “оларды Ақорда сатып алған, олар ҰҚК-нiң сойылын соғып жүр, сол үшiн ақша алған” деген ауыр айып тағудан тартынбай жатыр емес пе? Әлде жұрттың бәрi тек ақшамен қимыл-әрекет жасайды деп ойлай ма екен олар? Сонда қайғылы отбасын демеу, оған жанашырлық таныту, қиын сәтте, соның iшiнде, сотқа барып, қасында болу деген адамгершiлiктiң қарапайым ишаралары да сатылатын болғаны ма?!
Айыптап сөйлеген австриялық прокурорлардың сөздерiн тыңдадым. Бiрi – мектептегi мұғалима секiлдi мейлiнше жүйелi әрi тәп­тiштеп сөйлейдi екен. Қылмыстың хронологиясын әр минутына дейiн тарқатып, тiзбелеп бердi. Екiншiсi аса талантты, тiптi керемет шешен екен! Келтiрген уәждерi де, өз ойын жетiзу стилi де тамаша. Алқа билерге “Алдарыңызда күлiмсiреп отырған Мұсаев арнайы қызметтiң мектебiнен өткен, оның киiп алған маскасына қарап, алданып қалмаңыздар!” – деуiнде де бiраз гәп жат­қан секiлдi. Мұсаев шынымен де сот залында аяғын аяғына салып, түк болмағандай, жылмиып отырған едi.
Айыптаушылардың адвокаттары да қарап қалған жоқ. Бiрi тiптi сөзiнiң iшiне поэзия элементтерiн қосып, өлеңдетiп жатты. Бiр қы­зығы, олар осыдан сегiз жыл бұрын Алматыда болған қылмыстан гөрi, Әлиев, Мұсаев және Кошлякты Ақорда тек қана олардың саяси көзқарасы үшiн сотқа тартып жатқанын баса айта бердi. Сол күнi сот залында екi ғана фамилия қайталанды. Бiрi – президент Нұрсұлтан Назарбаев. Екiншiсi – осы сотта Қазақстан жағының мүддесiн қор­ғаған атақты адвокат Ланский. Айтпақшы, осы уақыт iшiнде шетел басылымдарында Ланскийдiң заңдық компаниясына қарсы бiрқатар сыни мақала жарияланыпты. Айыпталушылар жағы сол тұсына ерекше тоқталды.
Әрине, “қара пиарға” негiздiлген ол мақалалар қарсылас жақтың тапсырысымен жазылуы әбден мүмкiн. Бiрақ қайткенмен де, менiңше, жоғалған банкирлерге жәрдем жасап жатқан осы компания өзiне айтылған айыптарға қарсы тұшымды жауап берiп, абыройын қорғап қалуы тиiс.
Мұсаев соңғы сөзiнде: “Бұл – таза саяси процесс. Қылмыстық әрекеттерге менiң еш қатысым жоқ”, - деп қысқа қайтарды.
Ал Кошляк болса, немiсше жазыл­ған мәтiндi оқып бердi. Ол да өзiн саяси қуғындаудың құрбаны ретiнде көрсетуге тырысып-ақ бақты. “Маған, менiң отбасыма жаңа отан бол­ған Австрияға дән ризамын” деген сыңайда сөз қатты. Сөзiнiң соңында үш рет шоқынып та алды... “Нет­кен әртiстiк!” деп қалдым.
Екi күн бойына сот залында отырғанда көптеген ой келдi. Соның бiрi – неге жапа шеккен бiр қазақ айыпты деп санаған басқа қазақпен Астана не Алматыда емес, сонау Еуропаның төрiндегi Венада соттасуға мәжбүр?
Өйткенi залда отырған сегiз адамнан құралған алқа билерге қарап отырсам, Қазақстандағы бiзге бесенеден белгiлi есiмдер мен жайттарды олар, әрине, бiл­мейдi. Өйткенi олардың iшiнде өз күнiн өздерi көрiп жүргендер, саясаттан, геосаясаттан мүлдем аулақ қарапайым жұмыскерлер, үйде отырғандар бар. “Қайдағы бiр” Қазақстандағы жағдайды, оның iшкi саясатының бүге-шiгесiн олар қайдан бiле қойсын. Зардап шеккендер мен айыпталушылардың аты-жөнi де оларға таныс еместiгi түсiнiктi.
Солай бола тұра, айыпталушының кiнәлi не кiнәлi еместiгiн дәл осы сегiз адам шештi! Сот процесiн басынан бастап бақылап, соңғы отырысына тiкелей куә болып, “бiздiң билiк шын мәнiнде осы екi қыл­мыскердi жазалап, елге қайтарғысы келдi” дегенге мен осы жолы онша сене қоймадым. Оның екi түрлi себебi бар.
Неге қолында бар мүмкiншiлiк бола тұра, бiздiң билiк сотталушылардың шынайы қылмыскерлiк бет-әлпетiн Венада барынша бадырайтып көрсету үшiн Әлиев пен Мұсаев­тың арнайы қызметтiң басшылығында жүрген кезiнде олардан зардап көрген, қуғын-сүргiнге ұшыраған жапа шеккендер мен куәлердi топтап-топтап сол сотқа апармады? Мәселен, мен де оппозициялық әрiптестерiме, өз басыма, отбасы мүшелерiне де тiкелей қатысы бар талай-талай әңгiменi шертер едiм ғой. Саясатты айтпағанда, осы екi адам рейдерлiк жасап, әлiм­жет­тiкпен бизнесiн тартып алған кәсiпкерлер қаншама! Аса қауiптi “үштiктiң” тiзесi батқандар сол сотта сөйлеп, оларға деген айыптардың ешқандай саяси астары жоқ екендiгiн, керiсiнше, олардың өздерi кезiнде оппозицияны мей­лiнше қудалағанын айтқанда, бәлкiм, алқа билердiң шешiмi басқаша болар ма едi? Мәселен, сол куәлардың арасынан кезiнде Әлиев пен Мұсаевтың бiрге жүрген, тонның iшкi бауындай араласып, олардың кiм екенiн бiлетiн, шынайы психологиялық портреттерiн бере алатын небiр шендiлердi көре алмадық. Неге олар тергеу амалдары мен сот процесiне қатыспады? Әлде, Әлиев өмiрден өтсе де, әлиев­щина әлi әлiнде, бәлесiнен аулақ деп, үркiп жүр ме?
Екiншi себеп ақпараттық алаңда жатыр. Қарап отырсаңыз, қазақстандық БАҚ-та Венадағы сот туралы көп жазылып жатқан жоқ. Бiрдi-екiлi тәуелсiз басылым ғана сөзге тиек етуде. Осынау үнсiздiктi өз басым билiктiң тiкелей тапсырмасы деп бiлемiн. Әлиев, Мұсаев пен Кошляктың шынайы бет-пердесiн ашып, тиiстi қоғамдық пiкiр қалыптастыру туралы Ақордада ешкiм де бас қатырып жатқан жоқ. Мүмкiн, ондағылар “сот процесiне ақпараттық қолдау көрсетiлсе, ертеңгi күнi өзiмiздiң де артымыз ашылып қалар” деп қорқа ма? Кiм бiлiптi...
Бiр нәрсе айқын: осы процесте билiк бұған дейiн болып көрмеген бiр мықты мүмкiндiктi пайдалана алмады. Яғни, өз iшiнен шыққан шұбар жыландарды жазалап, ретi келсе, елге жеткiзу деген өзiнiң тiлегi мен қоғамда қалыптасқан осы “үштiкке” деген терiс көзқарас иелерiнiң де оларды жауапқа тарту керек деген ниетiн ұштастыра алмады!
... Оппозицияда жүрiп көп нәрсенi көрдiм. Бұл жолы да мен үшiн ең қиыны қылмыскерлердi ақтап жiберген Вена сотының үкiмiн естiген банкирлердiң туыстарының көзiне қарау болды. Темiрәлиевтiң сонау Атыраудан келген әкесi мен шешесi Мұсаев пен Кошляктың ақталғанын өз құлағымен естiдi де, қолдарын бiр сiлтеп, ешнәрсе деместен, таксиге қарай кете барды. Армангүл Қапашева да не айтарын бiлмей, абдырап қалғандай боп көрiндi маған. Ал Айбар Хасеновтiң жап-жас қызы: “Сот үкiмiнде менiң әкемнiң аты тiптi де аталмады ғой!”, – деп, булыға жылап жатты. Сiрә, сол көз жасы жiбермейдi-ау, қос банкирдi аяусыз өлтiрген қас­көйлердi!
Әншейiнде сөз таба қоятын мен дәл сол сәтте оларға қандай жұбату сөз айтарымды бiлмей отырдым олардың жанында. Сот процесiне дайындалу iсiне және оның барысына еш қатысым болмаса да, ел өкiлi ретiнде мен өзiмдi солардың алдында кiнәлi сезiндiм. Сол сезiммен Венадан Алматыға қарай жол тарттым...
Осы күндерi мен қаншама жайсаңға көпе-көрiнеу қиянат жасаған Мұсаев пен Кошляктың дәл қазiр Вена секiлдi әп-әсем қалада талтаңдап жүргенiн көз алдыма елестетсем, бiртүрлi болып қаламын. Тұтас бiр мемлекеттiң өздерiне түк iстей алмағанын олар қаланың бiр қымбат мейрамханасында, сапалы австриялық шарапты сiмiре отырып, масаттана әңгiмелеген шығар.
Осы орайда мен о бастан өз жұбайы мен оның жолдасының тағдырын анықтауға тiкелей араласып, бар қиындық пен қауiп-қатерден қаймықпай, шүберекке жан түйiп, тәуекелге бел буып, Әлиев-Мұсаев секiлдi аса ықпалды әрi бай тандемге қарсы шыққан және сол бетiнен осы күнге дейiн қайтпаған Армангүл Қапашева секiлдi қазақ қызының ерекше рөлiн атамасам болмас. Осы жағдайда мен оны тiптi аяп кеттiм. Өйткенi ақиқат пен әдiлеттiктi iздеген оның қызметi жоғарыда мен атаған билiк тарапынан кеткен кемшiлiктерге тап болып жатыр. Билiктiң тым сауатсыз әрекет­терi мен оның лоббистiк қимылдарына қатысты айтылған сын Армангүлге де өз көлеңкесiн түсiрiп жатқаны қисынсыз.
Әрине, бұл сотпен iс бiтпейдi. Австрия прокуратурасы, банкирлер отбасыларының қорғаушылары iстi қайта қарау туралы ұсыныс-талаптарын жазды. Яғни, сот жалғасады. Бiрақ мен Венадағы сотты Тәуелсiз Қазақстанда орын алған барша сая­си астары бар соттардың бiр бөлiгi ретiнде ғана қабылдаймын.
Алда үлкен сот бар. Соның iшiн­де осы жылдар бойына Әлиев пен Мұсаев секiлдi елдегi еркiн ойлы азаматтарға қысым жасап, құпия қимыл-әрекет арқылы олардың обалына қалған билiкбасты тұлғаларға қатысты тергеу мен соттар. Мен осы күннiң өзiнде ол соттарға кiмдер тартылатынын сезiп отырмын. Сол соттарда не айтарын, қалай ақталарын, кiмдi куәлiкке тартарын ол адамдар осы бастан ойлана беруi тиiс! Бiрiншi сот – халық, екiншi сот – тарих!
Сонымен, сот келе жатыр! Әзiрленiңдер! Талап қоюға, куә болуға және жауап беруге дайын болыңдар!
Әмiржан Қосанов, саясаткер
Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2109
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2217
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625