Жұма, 17 Мамыр 2024
Қоғам 4820 0 пікір 16 Шілде, 2015 сағат 16:10

ЕРМЕГИЯЕВТІҢ СЫЙАҚЫСЫ - 4,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Адам сенбейді – «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат ЕРМЕГИЯЕВ мырза заңсыз сыйақы ретінде қолма-қол ақшамен 4,2 миллиард теңге алыпты. Бұл туралы бүгін ғана мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жетекшісі Айгүл ШАЙЫМОВА ханым хабарлады.

«Талғат Ермегияев «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы лауазымды тұлғаларымен, сондай-ақ мердігер ұйымдар мен жалған кәсіпорын жетекшілерімен бірлесе отырып ЭКСПО құрылысына бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын талан-таражға салған, - деді Шайымова бүгін түске қарай өткізілген жедел брифингте, - дәлірек айтатын болсақ, Ермегияевтің 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі бюджет ақшасын заңсыз сыйақы ретінде қолма-қол ақшамен санап алғаны анықталып отыр. Қазіргі кезде осы сыбайластыққа қатысы бар деп күдік келтіріліп отырған 10 лауазымды тұлға қамауға және үйқамаққа алынған...»

Рас, таң қалып, таңдай қақпасқа амал жоқ, өйткені 4 миллиард 200 миллион теңге дегеніңізді қолма-қол ақша күйінде көзіңіздің алдыңа елестетудің өзі тіпті қорқынышты енді, ашығын айту керек. Ал енді осы жерде тағы бір сұрақ көкей шіркінде көлбең-көлбең ете қалады, ол – «осы миллиардтар сол – қолма-қол ақша күйінде табылды ма, жоқ әлде ухит-сухит болып, ізім-қайым жоқ боп кетті ме?» деген сұрақ. Бұлай дейтін себебіміз – оқырмандарымыз ұмытпаған болса, осы жақында ғана ақтөбелік Өндіргенов деген депутат-кәсіпкердің үйінен табылған қолма-қол ақшаны Қожамжаров агенттігінің қызметкерлері «табаны күректей» бес сағат санаған болатын. Бес-алты адамның бес сағат бойына мұрнынан шаншылып, ақша санағанын көзіңіздің алдына елестетіп көріңізші! Сұмдық енді! Біз сонда Өндіргеновтің «өндіріп» тастағанына қатты-қатты таңданып едік, сөйтсек – Ермегияевтің жанында Өндіргеновтің «өндіргені» баланың ойыны боп қалды, ашығын айтайық. Қысқасынан қайырғанда, көңілдегі сұрақ: агенттіктің аппарат жетекшісі айтып отырған миллиардтар «құтты орнына» қашан қайтарылады? Әлде қайтарылды ма? Мұны – бірінші мәселе десек, екінші мәселе – «осыншама миллиардтарды шытырлатып тұрып санап алды деген күдік келтіріліп отырған Ермегияевтің «әншейін ғана» үйқамақта отыруы қалай өзі?» деген көңілге қонымсыздау мәселе, өйткені қазірдің өзінде «Ермегияев үйінде отырған жоқ, ол – миллиардтарын жасырумен айналысып жатыр» деген әңгімелердің құлағы қылтиып жатыр. Ұзынқұлақты растап отырған жоқпыз біз әрине, әйтсе де «жел соқпаса, шөп басының қимылдамайтыны» да беп-белгілі нәрсе. Қысқасы, брифинг барысында ЭКСПОдан қолды болған миллиардтардың кешелі-бүгінгі және болашақтағы тағдыры туралы Шайымова ханым ләм-мим деген жоқ. Соған қарағанда, өзі де онша-мұнша біле бермейтін болса керек.

P.S. Біз брифингтен шыққанда ЭКСПО құрылысынан қайтып бара жатқан ауыл қазағының гитараны тоқпақтап айтқан әнін естідік – «ЭКСПОдан «жел» шықты – Ермегияев деген «ер» шықты...» деген. Жел шығып жатса жақсылық емес әйтеуір, біздің білетініміз.

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2103
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2206
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624