Жұма, 17 Мамыр 2024
Дат 5509 0 пікір 21 Шілде, 2015 сағат 08:11

САУЫҚ ПЕН КЛУБ КӨП АСТАНАДА «АБАЙТАНУҒА» ЖЕР ЖОҚ

Абайдың туғанына биыл 170 жыл. «Айдың күннің аманында» ұры шенеуніктер миллиардтап ұрлаған бюджеттен Абайдың 170 жылдығын атап өтуге мардымды ақша шыққан жоқ, елеп-ескерген де жоқ.   Анығында көп ақша бөліп, аста-төк дастарқан жайып, ішіп-жеп кететін той да керек емес данышпан Абайдың мерейлі датасына.  Қазақ үшін даңғаза тойдан гөрі Абай мұрасын халыққа жеткізетін, түсіндіретін, ұрпақтың санасына сіңіретін бір институт керек. Соған лайық мекеме - Астанадағы жалғыз Абайтану орталығы, паналайтын орын таппай жүр бүгінде. Кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеп, халыққа таныстыратын орталық орналасқан жоғары оқу орны 1 жыл бұрын жабылып қалған. Содан бері абайтанушылар қанша мекеменің табалдырығын тоздырса да, мәселе шешімін таппай келеді. «31 Арна» жаңалықтары  Абайдың мұрасын зерттеудің машақаттары мен биыл аталып өтуі тиіс 170 жылдық мерейтойға дайындықтың қалай жүріп жатқаны туралы хабарында бұл мәселеге арнайы тоқталды.

Астана қаласындағы Абайтану орталығының директоры, Abai.kz-тің тұрақты авторларының бірі - Алмахан Мұхаметқалиқызы былтыр орталық орналасқан оқу орны жабылғалы бері тек жиған-тергенін түгендеуге ғана келеді екен. 2010 жылдан бері әр жерден қолмен тасыған деректер мен кітаптар ешкімге керек емес сияқты болып қалған. Ал, 4 жыл ішінде Абайдың ғұмырымен таныспақшы болған 7 мыңнан астам адам орталыққа бас сұғыпты.

Астанадан тоқымдай жер бұйырмаған Орталықтың директоры: «Негізі Абайтану институтына оқу орнының жанынан ашылу ғана маңдайына жазылып келе жатыр. Осы оқу орындарының жанынан ашылып келе жатқан Абайтану өзінің болашағының қандай екенін дәлелдеп берген де еді. Өйткені 3-4 жылдан аспай қаржы мәселесіне байланыстыжабылып қалып отырады», - дейді.  Расымен де, ең алғашқы Абайтану орталығын Мұхтар Әуезов Алматыдағы ұлттық университет жанынан ашқан. Ол 4 жылдан соң жұмысын тоқтатыпты. Бертіндегі зерттеушілердің де бастамасы көпке ұзамай тоқырап отырған. Енді елордадағы жалғыз орталық жабылып қалмасын деп зыр жүгірген абайтанушылардың ұсынысын қала билігі ескерген болыпты. Бірақ, әзірге 1 ғасыр бұрын тұрғызылған тарихи ғимаратты жаңартып бермек.

Қазақтың хакім Абайына бір үлкен ғимарат лайық екенін айтатын зерттеушілер  болашақта оған қол жеткізетініне сенеді. Қаржы мен жер бөлінсе, бұндай ғимаратты тұрғызу да қиындыққа соқпасы анық. Ал, Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов негізгі түйткіл қаржыда да емес екендігін айтады. «Мұның түк қиындығы жоқ. Тек шенеуніктер халықтың арын, қамын ойлайтын болса, алақандай жерді бере салса, тез арада үйді соғамыз да өзімізбен өзіміз күн көреміз. Үкіметтен ештеңе алмаймыз. Сонда бұл биік деңгейге шығады. Бір қадам жасаса бітті - мәселе шешіледі. Ал енді содан да бірдеңе жонып қаламын дейтіндер болса, онда Абайдың аруағы атсын ондайларды» , - дейді профессор Мырзахметов.

Бір айдан соң Шығыс Қазақстан облысында аталып өтетін Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай Астанада бірқатар шаралар жоспарланып отыр екен. Нақтырақ айтсақ: ақынның ескерткіші алдында кішігірім жиын мен кітапхана, мектептер деңгейіндегі отырыстар. Жалпы, Абайға арналған алғашқы кеш осыдан 100 жыл бұрын өтіпті. Ғалымдар, содан бері ауыз толтырып айтатындай басқосу әлі болған жоқ дейді.

«Қазаққа ес кірмей, Абайдың даналығы ескірмейді» деп жүрміз. Сол қазаққа бүгінде ес кіргені былай тұрсын, Абайдың өзін ескермей жүр. Қос-қостап коттедж салып, маусым сайын шетел барып демалатын шенділер Астанадан алақандай жер бөлсе, орталық өзі-ақ бой көтермек. Абай ешқашан ескірмес. Абайын, Абай керек қазағын жетімсіреткен атқа мінерлерге ес кірсе екен!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2102
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2202
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624