Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4211 0 пікір 2 Қаңтар, 2011 сағат 10:54

Шоқан туған халқымен өз тілінде қауышты

Еуропаша білім алған қазақтар шоғырының көшбасшысы, этнограф-ғалым, фольклортанушы, географ, этнолог, саясаткер, ағартушы-демократ әм суретші, бір сөзбен айтқанда, сахарада саңлақ туған Ұлы Шоқан Уәлиханов тұңғыш рет туған халқына өз тілінде «үн қатқалы» тұр. Сіз расында таң қалуыңыз мүмкін, осы күнге дейін Мұхаммед-Ханафия (Шоқан) Шыңғысұлының толық шығармалары қазақ тілінде жарық көрмеген еді. Сонда дейміз-ау, бүгінгі дейін Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография  институты қайда қарап отырған? Кешегі алыптар шоғыры Шоқанды өз тілінде сөйлетуге қалайша пәрмен жасай алмаған? Шоқантанушылар бұл мәселеге неге жете мән бермеген? Кейінгі 4-5 жылдың шегінде игілігті істер атқарып үлгерген «Мәдени мұра» бағдарламасына Шоқан шығармалары неге енбей келген? Жә, ештен кеш жақсы.

Биыл Ұлы Шоқанның туғанына қараша айында 175 жыл толады. Осы мерейлі мереке қарсаңында ғалымның 6 томдық шығармалар жинағы алғаш рет қазақ тілінде басылып шығуда.

Еуропаша білім алған қазақтар шоғырының көшбасшысы, этнограф-ғалым, фольклортанушы, географ, этнолог, саясаткер, ағартушы-демократ әм суретші, бір сөзбен айтқанда, сахарада саңлақ туған Ұлы Шоқан Уәлиханов тұңғыш рет туған халқына өз тілінде «үн қатқалы» тұр. Сіз расында таң қалуыңыз мүмкін, осы күнге дейін Мұхаммед-Ханафия (Шоқан) Шыңғысұлының толық шығармалары қазақ тілінде жарық көрмеген еді. Сонда дейміз-ау, бүгінгі дейін Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография  институты қайда қарап отырған? Кешегі алыптар шоғыры Шоқанды өз тілінде сөйлетуге қалайша пәрмен жасай алмаған? Шоқантанушылар бұл мәселеге неге жете мән бермеген? Кейінгі 4-5 жылдың шегінде игілігті істер атқарып үлгерген «Мәдени мұра» бағдарламасына Шоқан шығармалары неге енбей келген? Жә, ештен кеш жақсы.

Биыл Ұлы Шоқанның туғанына қараша айында 175 жыл толады. Осы мерейлі мереке қарсаңында ғалымның 6 томдық шығармалар жинағы алғаш рет қазақ тілінде басылып шығуда.

Бодандық қамытын арқалап, Ресейге қосылудың соңғы кезеңін бастан өткеріп жатқан туған халқының тағдыры оны терең толғандырды. Ш. Уәлиханов отаршылардың қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-санасына қайшы келетін әрекеттеріне батыл қарсылық көрсетті. Бірақ, ол орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымымен жете араласып, достық қарым-қатынаста болды. Ондағы басты мақсаты - өз халқын еуропалық және бүкіл адамзаттық өнер-білімді игеруге бастап, жол көрсету еді. Осы ұлы мұрат бар болғаны 30 жыл өмір сүрсе де артына өлмес мұра қалдырған Шоқан Шыңғысұлын қазақтың көгіндегі жарық жұлдызға айналдырды.

Оның еңбектерін еліне жеткізуге Әлкей Марғұлан көп күш жұмсап, 1961-1972 жылдар аралығында Шоқан шығармаларының 5 томы басылып шықты. Ал, мына қазақ тіліндегі көп томдық сол басылымның негізінде дайындалды. Бұған бастамашы болған Саяси мәдениет және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров мырза. Ерлан Бияхметұлының тікелей үйлестіруімен ғылыми ұжым мен кәсіби аудармашылар үш жыл бойы тынбай еңбектеніп, көп томдықтың қазақша басылып шығуына қол жеткізді. Жаңа жинақта бұрынғы басылымдарда кеткен кейбір кемшіліктер түзеліп, бірқатар түсіндірмелер нақтыланды.

Қазақ бүгін де Шоқан заманындағыдай жолайрықта тұр. Тек қазіргі айырмашылығымыз таңдау еркі өзімізде. Ал Шоқан бізге керекті, қазаққа қажеттіні өзінің еңбектерінде толық айтып кеткен еді.

Қазақ тілінде тұңғыш жарық көріп отырған 6 томдық Шоқан шығармаларын Д. Медерова, Т. Жұманов, Д. Мәзен.  А. Нұрманова, А. Таусоғарова, Л. Мұсалы секілді кәсіби тәржімешілар аударды.

Жобаның үйлестірушісі - Е.Б. Саиров. Редакциялық алқа - Қ.С. Алдажұманов, М.Қ. Әбусейітова, М.М. Әуезов, Ә.С. Бейсенова, Ә.Б. Ғали, С.З. Зиманов, Т.Е. Жабелова, К.Л. Есмағамбетов, С.А. Қасқабасов, Б.Е. Көмеков, С.Ф. Мажитов, С.К. Өтениязов, А. Сарым, Е.Ж. Уәлиханов.

Көптомдықтың электронды толық нұсқасы «Абай.кз» ақпараттық  порталында жарияланады.

«Абай-ақпарат»

 

Суреттерде:

1. Шоқан ауылындағы Шоқан ескерткіші.

2. Алтынемелдегі Шоқанның жамбасы тиген жер.

3. Көптомдықтың жарық көруіне байланысты Алтынемелдегі (Кербұлақ ауданы, Алматы облысы) Ұлы Шоқанның басына барып, бір топ жас тәу етіп қайтты.

 

XVIII ҒАСЫР БАТЫРЛАРЫ ТУРАЛЫ ТАРИХИ

АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕР

 

1. Абылай хан1 жоңғарларды2 шапқан бір шабуылда 1000 адамды барлаушы ғып алға жіберіпті. Оларды екіге бөліп екі батырды бас етеді: қарабұжыр қанжығалы Жантай3 және сол рудың үлкені Бөгенбай4. Батырлар ұзақ уақыт оралмайды; Абылай қатты мазасызданады, олардың тағдыры туралы жырауы Бұқардан5 сұрайды, «Менің батырларыма не болды, олар неге оралмай жатыр?» дейді. Оған Бұқар былай жауап береді:

«Жантай Талқын6 арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжанмен7 өтеді. Хан Баба8 кері қашады. Жантайдың Талқындағы жолы тар әрі қауіпті». Жантай батыр қатерге ұрынды деп ойлайды Абылай. «Жантай барады, барып ұлысты шабады, күлін көкке ұшырып, Жантай әкелген ақша бет қызды хан Абылай алады». Абылай кейіннен Бұқардың айтқаны келгенде, төбем көкке жеткендей қуандым дейді*1.

2. Бірде Абылай қытайлармен соғыста шегінуге мәжбүр болады. Жеңілтек қырғыздарға осы бір шағын сәтсіздік қаншалықты әсер ететінін ойлап, қатты ызаланып, қайғырады. Сонда оның жырауларының бірі Тәтіқара жырау9 шегініп бара жатқан қайсақтардың және Абылайдың рухын көтеру үшін былайша жырлайды: «Қашқан қытайлар қайтадан өз әрекеттерін бастады, құлан жотасынан адырналар созылды. Кебеже қарын, кең құрсақ Абылай бұл істі қоя тұр. Жау қытайлардың аттары болдырды, жоқ хан Абылай қашпады, «қашты» деген дұрыс емес, ол тек қиғаш тартты. Бәсентин Сырымбет10, жебесін заулатып, соғысты. Қашқан кезде ойланба! Асығыстық салқын қандылық емес! уақ*2 Баян11, иә, біз мұны көрдік! Ол артына бұрылып, найзамен түйреп жатқан сәтте»

3. Абылай үйсін биі Ерденді бір қателігіне бола жазалау үшін оның ауылын шабуға қол жинайды. Бұл жолы ханның қатулы болғаны соншалық, қасына жақындауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Сонда халықтың өтінішімен хан алдына Бұқар жырау барып, былайша толғайды:

«О, Абылай, Абылай! Сенің сөздерің арсы мен гүрсі*3 сияқты таумен таласып гүрілдейді; сенің босатқан құлдарыңның бес қақпасына да сыймайды*4. Алатауға барыңыз, ашуыңызды басыңыз, ашуыңызды бассаңыз, боз шекпенді құлыңыз Ерден сіздің алдыңызға 80 түрлі ат-шапан айыбымен келмей ме?».

4. Аңыз бойынша, Түркістаннан шыққан Абылай бірде ең жақын туысқаны Әбілмәмбет12 ханның ордасына туысы Оразбен бір атқа мінгесіп келеді және біраз уақыт бойы қарауыл руынан шыққан дәулетті қырғыз жақсылық Дәулетбайдың қызметінде болып, жылқысын бағады. Дәулетбайдың әйелі жат жерліктің өздері ұсынбайынша, ешқашанда тамақ сұрамайтынын байқайды, ұсынған тамақты да ықылассыз алатынына және ешқашан кір ыдыстан ас ішпейтініне қатты таңданады. Бұл қырғыздарға мүлдем тән қылық емес. Бұған қожайын да назар аударады, сонда ол Оразды тергеп, оның шыққан тегін білген соң, ең жақсы атын мінгізіп, Әбілмәмбет ханға алып барады. Бұл ат әйгілі Шалқұйрық болатын. Жас сұлтанның шайқастағы алғаш серігі соныменен жауға шауып, Абылайға батыр атағын әперген де осы Шалқұйрық болатын.

5. Абылайдың Қалдан Серенге13 тұтқынға түсуі. Жоңғарлардың қырғыздарға жасаған бір шабуылында Абылай жекпе-жекте Қалданның ұлы Шаршыны өлтіреді. Сүйікті ұлының қазасын естіген Қалдан кім болса да, қайда болса да, ұстап алдына әкелуді бұйрады.

Қалмақтар аң аулап жүрген Абылайды тұтқиылда қолға түсіріп, қасындағы бірнеше би және атығай руының әйгілі батыры Құдайберді Жәпекпен*5 Қалданға алып келеді.

«Менің ұлымды қай жерде өлтірдің» деген сұраққа Абылай былай жауап береді: «Сен мені айыптап отырсың, бірақ оны өлтірген халық, мен тек сол халықтың қалауын орындап Шаршының басын алдым». Қалданның бұл жауапқа разы болғаны соншалықты: мöн, мöн деп бірнеше рет қайталайды да, жендетін тоқтатып, Абылайды киіз үйге қамап, қатаң бақылау қояды. Абылайдың нағыз азабы сонда басталады: Шаршының анасы ұлын өлтірген қазақты (қырғызды) көру үшін күнде келеді, келген сайын оған қарғыс жаудырып лағынеттейді; «сен оны не үшін өлтірдің», «оған қалай қолың барды» деп айыптайды. Абылайдың төзімі таусылады, бір күні ана тісін шықырлатып өзінің әдеттегі сауалын қойып жұдырығын түйе ұмтылғанда ол былай деп жауап береді: «Сенің ұлың сияқты қаңғыған құлдар қайда өлмеді дейсің, кәрі қалмақ!» Әйел күйеуіне жүгіріп, астамсыған қазақты өлтіруді талап етеді. Абылайды өлтіріп жүрмесін деп қорыққан Қалдан оны және Жапақ батырды тұтқыннан босатып жібереді14. Аманатқа Жапақтың ұлын қалдырады, ол өзінің батырлығымен және тапқырлығымен көзге түсіп, Сары қазақ15 атанады.

6. Абылайдан үш жүздің батырларының ішінде кімді қатты құрметтейсің деп сұрағанда ол былай деп жауап береді: «Өзімнен бұрынғылардан Қалданның тұтқынынан 90 адамды алып шыққан қаракесек Қазыбек16 пен өз адамдарын тұтқыннан босатып алған уақ Дербісәліге қатты таңқаламын. Біріншісі Қалданның алдына өзі барса, екіншісі ауылында отырып, жауын ықтырған. Менің батырларымның ішінде бәсентин Малайсары17 байлығы мен батырлығы жағынан, ал уақ Баян ақылы мен ержүректігі жағынан барлығынан артық».

7. Тарақты Байғозы18 батыр. Ресейден қашқан торғауыттарды қуалаған19 қырғыздар ашық далада дамылдап, қазанға сүрленген жылқы етін асып, торсыққа құрт езіп, күні бойына нәр болатындай етіп таңғы астарын ішіп отырады. Бір шатырда Абылай,келесіде өзінің тәкаппарлығымен танымал арғын Шақшақ Жәнібек батыр20 отырады. Батыр насыбай атып отырғанда, бір жас қырғыз жігіт шатырға келіп, атынан түспей қолын созып: «Жәнібек батыр, шақшаңды таста» дейді. Жәнібек оған еш назар аудармайды, бірақ оған өзінің менсінбегенін көрсетіп, асықпай шақшасындағы қалдықты қызыл етігінің өкшесіне қағып, баптап қалтасына салып қояды. Көп ұзамай жасақ қозғалып, әрбір ру өз туының астына жиналады, батырлар садақ-жебелерін асынып, шеңбер құрып ханды қоршап тұрады. Кеңесіп, жаудың көптігіне қарамай, шабуыл жасауға шешім қабылданды. Бірінші қарауыл жіберіп байқап алмақ үшін еріктілерді шақырады, алғаш болып бағанағы Жәнібектен шақшасын сұраған жігіт шығады. Шолғыннан оралған соң, Жәнібектің сұрағына*4 жігіт: «Аз да емес, көп те емес» деп жауап береді. Шабуыл басталады, қалмақтардың саны 10 000, қырғыздар көп шығынға ұшырап, ақыры шыдамай қашуға мәжбүр болады.Ең алдыда ту ұстаған, қара атқа мінген ұзын бойлы қалмақ, қырғыздардың қатарына кіріп, бірнешеуін аттан түсіріп кетеді. Жәнібек те шегінгендердің арасында болып, қатты қапаланып, бар дауысымен «Әттең, мына дүлейді*7 өлтіретін қырғызда бір азамат тумағаны ма?» деп айғай салады. Осы кезде бағанағы жас жігіт садағын қолына алып, бар күшімен тартып, көздеп тұрып жіберіп қалады. Жебе зулап барып тура тағдыр-тесікке қадалып, қалмақ жерге домалап түседі. Жас батыр жебесінің дәл қадалмай ирек жасағанына өкініп «Бұл өзі Алланың назарындағы біреу болды ғой» дейді. Батырларының өлімін көрген қалмақтар абыржып қалады, осы сәтті пайдаланып қырғыздар қарсы соққы беріп, жеңіске жетеді. Сонда Байғозы (бағанағы жас қазақ) шақшасын атып Жаныбайға*8 жақындап: «Батыр, енді міне шақша атуға болады» дейді. Тарақты Байғозы батырдың есімі елге осылайша танылады.

(Үзінді)

Ш. Уәлиханов, 1-том, 186-189 беттер

 

0 пікір

Үздік материалдар