Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7243 0 пікір 27 Шілде, 2015 сағат 12:10

"ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ - 2" ФИЛЬМІ ТҮСІРІЛЕДІ

2015 жыл 31 шілде күні таңғы 11:00-де Қызыләскер елді мекенінде әйгілі Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» туындысының жалғасы болып табылатын «Тақиялы періште–2» толықметражды фильмінің түсірілімі басталады.

Туынды қалың көрермен көңілінен орын алады деп сенеміз. Себебі, дәл қазіргі кезеңде осындай тақырыпқа құрылған фильмдер жоқтың қасы десек те қателеспейміз.

Бүгінгі таңда қара шалдың қайғысы болып отырған "шаңырақ ұстар телқозының", яғни өз әкесі мен атасынан өнеге алған ұл, жанына жалау болар, қабырға кеңесшісі, босағаның алтын қазығы болар ұстамды, саналы да сабырлы, ойы өрелі, көзі қарақты қазақ келіндерін, яғни болашақ жарларын дұрыс тани, таңдай білуі - басты нысана, діттеген ой, дұрыс болжам. Көркем туынды барысында үш ұрпақ, яғни ата, әке, немере арасындағы байланыс өте жақсы, ашық көрсетіліп, оқиға барысында бәрінің тұлғалары әр түрлі қырдан ашылған.

Фильмнің тағы бір ерекше, болашақ ұрпаққа үлкен бір ой тастар оқиғасы - бүгінгі ана тілінің ахуалы. Тілге жанашыр жастар арқылы ұлттық рух - ана тілімізді құрмет тұтуды үлгі етеді. Лирикалық комедияның тағы бір ұтымды тұсы - қазақ баласы негр қызын, қытай қызын жар етіп алуды басты мақсат етпей, ермек, ойын ретінде көрсетуі - ой желісінің жымдасып, астарлы өрілгенінің айғағы. Туындының авторы жалпы қазаққа түсінікті, жалпақ тілмен үн қатады. Шытырман, әуресі көп, думанға толы қала өмірі мен бауырмал, ақжарқын, көпшіл, жатсынуды білмейтін, үйінен қонағы арылмайтын, қаймағы бұзылмаған қазақ отбасы тіршілігін қатар алып суреттейді. Жастарға берер тәлім-тәрбиесі зор, мәнді, қазақы қалжың мен астарға толы тұщымды, тартымды, құнды дүние.

«Аңсар Арманым» продюсерлік орталығының негізі 2013 жылдың қыркүйек айында каланды. Шалабаев Құсман Кәрімұлының бастамасымен ашылған орталық жылдан жылға көркейіп, өзінің алғашқы және үлкен жобаларын іс-жүзінде жүзеге асырып, қарыштап дамып келеді. Қазіргі таңда продюсерлік орталық қанат қағып, биік белестерді бағындыру үстінде. 
«Аңсар Арманым» продюсерлік орталығы клип түсіру, концерттік бағдарламалар мен әр түрлі ауқымды іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Алғашқы жобасы 2013 жылдың қараша айында ұйымдастырылған «Еліме келіп, елеулі болдым» атты шетелден келген қандас бауырларымыздың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама болды. Сонымен қатар қазақ хандығының 550 жылдығына арнап шығарылған, қазақтың патриоттық рухын көтеріп, қазақ елін билеген әр ханның ерліктерін жеке-жек жырға қосқан «Ұлыларды ұлықтау» әніне түсірілген клип те көптің ыстық ықыласына бөленген болатын.

Абай-ақпарат

0 пікір