Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4328 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ТОҚЫМА ӨНЕРКӘСІБІ КӨҢІЛДІ ТОҒАЙТАДЫ

«Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақта биыл жалпы инвестиция көлемi 5,5 млрд. теңгенi және 1 387 жұмыс орнын құрайтын 5 жоба iске асырылмақ. Ал, таяу болашақта жалпы құны 100 млрд. теңгеден асатын 15 кәсiпорын ашылады деп күтiлуде. Бұл арқылы 7457 жаңа жұмыс орны iске қосылмақ. Бұл жобалардың 5-еуi – жiп иiру, 2-еуi – тiгiн, 1-еуi – қағаз-картон, 4-еуi – дайын тоқыма бұйымдарын, ал, 3-еуi тоқыма емес бұйымдарды шығаруға бағытталған. Бұл туралы «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы АҚ басқарма төрағасының мiндетiн атқарушы Артур Укбаев «Оңтүстiк» ақпарат орталығында өткен брифингте мәлiм еттi деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газетінің тілшісі Гүлжамал Мұсаева.

Артур Самидуллаұлының мәлiмдеуiнше, «Оңтүстiк» АЭА-да бүгiнде жалпы құны 22,6 млрд, теңгенi құрайтын 1445 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкiндiк берген 8 жоба жұмыс iстеуде. Мұндағы «Окси текстиль» фабрикасы мақта мен жүннен жiп иiрумен айналысса, «АГФ-Групп» тiгiн фабрикасы тiгiн өнiмдерiн шығарады, «Хлопкопром-Целлюлозада» мақта целлюлозасы шығарылады. «Шымкент-Кашемир» – дайын тоқыма бұйымдарын өндiрiп, ендi қой және түйе жүнiнен көрпе тiгудi қолға алмақ. «Қағаз-шахар» картон-қағаз өндiрiсiмен айналысса, «Бал текстиль» мен «Назар текстильде» кiлем тоқылады. Яғни, бұл аймақ Оңтүстiкте жеңiл өнеркәсiптi, оның iшiнде тоқыма өнеркәсiбiн дамыту мақсатында ашылған.

Ал, басқарма төрағасының орынбасары М.Дiлдәбаевтың айтуынша, әлемде джинсы мата тоқитын оншақты компания болса, алдағы уақытта Оңтүстiк Қазақстан облысында осындай екi жоба жүзеге асырылуы мүмкiн.

Атап өтерлiгi, «Оңтүстiк» АЭА-да мемлекет тарапынан кәсiпкерлерге қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл аймақтан жұмыс орнын ашқан кәсiпкерлер корпоративтiк табыс, мүлiк және жер салықтарынан босатылады, жер телiмi тегiн берiледi. Жоба қатысушысының кейiннен жердi кадастрлық бағасымен сатып алуына мүмкiндiгi бар. Сондай-ақ, мұнда бизнеске ыңғайлы кеден мен салық органдары және ХҚКО өкiлдiгi орналасқан. Бұл аумақта барлық коммуналдық ресурстар қолжетiмдi, әрi олардың тарифтерi де төмендетiлген. Темiржол тартылған.

Сонымен қатар, брифинг аясында «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағының 49% үлесiн сенiмгерлiк басқаруға беру арқылы арнайы экономикалық аймақтарды басқаруда халықаралық тәжiрибесi бар басқарушы компанияны тарту көзделуде. Осы орайда әлемнiң 8 iрi тоқыма қауымдастығы мен 8 елдiң (Түркия, Пәкiстан, Бiрiккен Араб Әмiрлiгi, Корея, Үндiстан, т.б.) iрi тоқыма компанияларына ұсыныс хат жiберiлген. Экономикалық аймақты дамыту үшiн 300 гектар жер резервке қойылыпты.

Сондай-ақ, тоқыма саласын дамыту мақсатында шетелден инвестиция тарту үшiн Түркия, Қытай, Жапония секiлдi елдердiң тоқыма саласындағы алпауыттарымен кездесулер ұйымдастырылған.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар