Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Қоғам 7546 0 пікір 18 Тамыз, 2015 сағат 16:06

САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ 56-ШЫ ТҰРҒЫНЫ...СҰРАУСЫЗ БА?

06-шы тамыз күні Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылында марқұм Уалихан Ахметовтың қырқында болдық. Естеріңізге сала кетейін, маусымның 27-нен 28-іне қараған түні Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қызыләскер ауылына қарасты Сырдария өзенінің жағасында Қазақстан азаматы – балықшы Уалихан Ахметов өзбек шекарашыларының қолынан қаза тапқан болатын.  Аталған жағдайға байланысты Қазақ билігінің үнсіздігін көріп, біздер (Болашақ қозғалысы), бір топ адаммен Алматы қаласындағы Өзбекстан консулдығының алдында кіші-гірім митинг ұйымдастырған болатынбыз. Мақсатымыз – Ислам Кәрімовке хат жолдау. Талап: кінәлі өзбек шекарашысын жауапқа тарту. Қолма-қол сол жолы консулға бере алмаған хатты біз ақыры пошта арқылы Кәрімовке беріп жібердік. Бірақ әліге дейін жауап жоқ. Біздің үкіметтің құнын бес тиын көретін Өзбекстан жағы үкіметтік емес ұйымдарын қайтсін Қазақстанның!?

 

Сарыағашқа барып тұрып тың ақпараттарға тағы да құлақ түрдік. Мәселен жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, Уалихан Ахметов – тәуелсіздіктен бері Өзбекстан шекарашыларының қолынан қазақ тапқан тек Сарыағаш ауданының 56-шы тұрғыны. Бұл 56-ның ішінде шынымен шекара бұзып өлгендері де бар(ол жағдайда да адам ату – асқан қатігездік болып саналады), бірақ қазақ жағында жүріп оққа ұшқандар да аз емес. Аталған 56-ға қатысты нақты дәлелдер сұрағанымызда, жергілікті тұрғындар: «Қажет болса, 56 көз жұмған қазақтың да үйіне кіріп шығуға болады» деген уәж айтты. Және де осы ақпарды бірнеше беделді ақсақалдар да растады.

Қаза болған жігіттің қырқы бітісімен, оның атылған жеріне баруға бел байладық. Сырдың бойында, қалың тоғайдың ішінде екен.  Ахметовтың атылған жері нақ Қазақстанның территориясы. Екі елдің шекарасы Сырдарияның ең терең жерімен өтеді деп келісілген екен. Ал, Ахметов өзен ішінде атылған, түн ортасында. Қалыптасқан жағдайда балықшының өзен ішінде ең терең жерден өтіп кеткенін анықтау мүмкін емес. Сол себепті Өзбекстан жағының «шекара бұзып атылды» деуі еш қисынға келмейді.

Ахметов атылысымен Өзбек шекарашылары біздің шекара қызметіне хабарласып, біздің азаматты атып тастағандарын хабарлапты(марқұмның ағасының айтуы). Мүмкін сүйінші сұраған шығар... Артынша біздікілер келіп, Ахметовтың қасында болған екінші балықшыны қамаққа алып, тергей бастаған (мүмкін, « сен неге өлмей қалдың?» деп). Ахметовтың өлі денесін экспертизаға, мәйітханаға жіберіпті (Бұндайда не экспертиза керек екен???). Орталықтан басшылар қаптап кеткен.

Қызыләскердегі қалың қазақ жазықсыз өлген бауырының үйіне жиналып, сол сәтте әділдікті талап етіп ашу үстінде күре жолды (Шымкент-Жетісай) жабуға бел байлаған. Бірақ содан сәл алдын Сарығаштағы «қазақ-тәжік қақтығысынан» ауыздары күйген жергілікті билік, Ахметовтың отбасын сабыр сақтауға шақырыпты. Әділ тексеріс жүргізіп, кінәлі тарапты жазалап, марқұмның отбасына жәрдемақы тағайындаймыз деп уәде еткен көрінеді.  Бүгін Ахметов Уалиханның ағасы Қалдан аға, сол кезде жолды жаппағанына қапаланып отыр. Себебі, уәденің бәрі әдеттегідей тек сөз жүзінде қалған. Бұндай жағдайлар ,әрине, қарапайым халықтың билікке деген сенімін арттырмайды. Меніңше, қолынан келмейтін іске, әкім қаралар уәде бермеуі керек.

Қызыләскерде 25000-ның үстінде халық тұрады екен. Дені қазақ. Құм арасында қалып қойған осынау ауылдың тіршілігі ата кәсіп: мал, егін және азын-аулақ балық аулау. Таза маңдай тер, қарымды еңбектің арқасында үкіметтен көмек сұрамай, өзін-өзі асырап отырған халық. Бірақ билік, көмек көрсетпек түгілі кедергі жасап қойған. Мәселен, шекаралық айқындауыш белгілер Сырдарияның жағасынан 1,5 шақырымға ішке қарай қашып кетіпті, тоғай арасында қалып қойған, іздеп таба алмайсың. Ал өзбек жағының айқындауыш белгілері дәл өзен жағасында және арнайы үйілген биікке қойылған. Біздің заң бойынша өзеннен балық аулауға қатаң тыйым салынады және айыппұлмен қудаланады. Ал Өзбекстан жағынан қармақпен балық аулап қамсыз, алаңсыз отырғандарды көрдік. Қысқасы бізден барған шекарашылар жергілікті халықтың мұқтаж-қажеттіліктерін мүлдем ескермеген. Ал Қызыләскерде қаншама отбасы осы балықпен күн көріп отырып, қате қабылданған заңды айналып өтеміз деп, талай бәлеге ұрынуда.

Артынан Уалихан Ахметовтың үйіне бардық. Жеті баланың әкесі болған екен, үлкені (қыз бала) әлі тек 9-шы сыныпта оқиды, ал кішісі енді тәй-тәй басқан 1,5 жасар бөбек. Әйелі жақында бір бүйрегін алдыртыпты, өздері мойындамаса да – мүгедек. Үлкен отбасы кіші-гірім жер үйде тұрады. Бірақ отағасы еңбекқор болған болса керек және арман мақсаты да асқақ болған. Бала-шағама деп үлкен үйдің жаңа фундаментін құйып қойған екен, оның сыртын әдемі шарбақпен қоршапты. Амал нешік, арман аяқсыз қалды. Бұл үйдің жігіті ер жетіп атқа отырам дегенше, әлі талай қыс өтеді. Әкесінің етігін киіп балыққа шығам дегенше, әлі неше жаз өтеді!? Әрине, қарға тамырлы қазақ өз туғандарын сыртқа теппес. Десе де, осындайда ел болып жұмылсақ, бәйтерегінен айырылған бір отбасының болашағына үміт ұялатуға болмас па!? Қазіргі бұл отбасының бар нәпақасы мемлекет тағайындаған 36 000 теңге пенсия. Биліктің арнайы жәрдемақы бөлімі бұл үйдің әлі есігін ашпапты да. Өздері келіп, әйелінің және бала шағаларының құжаттарын алып, мемлекеттік жәрдемақыны ең болмағанда рәсімдеп беруге болмас па?! Ашуға булыққан ағайын ертең шынымен де күре жолды жауып тастаса не болмақ?!    

Мойындау керек. Уалихан Ахметовтың өлімі тікелей екі мемлекеттің шекарашыларының түсініспеушілігінен және жергілікті биліктің әрекетсіздігінен болып отыр.  Сол себепті билік өз қателіктерін түзетіп, қалыптасқан жағдайды оңтайлы шешсе болар еді. Бірақ марқұмның бауыры Қалдан ағаның айтуына қарағанда, әкімнің орынбасары тек КТК арнасының тілшілері келген кезде бар екендігін білдірген, одан кейін ол кісінің төбесі көрінбепті. Айтпақшы, КТК демекші. Марқұмның қырқына Қалдан аға Шымкенттен білетін журналистерінің біразын  шақырыпты, бірақ әлгілер сюжетті эфирге шығару үшін 50 000 теңге сұрапыт (КТК емес, басқа арна өкілдері). Міне, әділдік керек болса!

Қалыптасқан жағдайға сырттай қарап отырып маған басқа ой келді. Тек Сарыағашта 56 қазақ атылса, бұл жәйден-жәй емес. Оңтүстіктегі Өзағаң түбінде қазақ солтүстікке ауса деп ойлайтын болса керек. Неше ғасыр тоғайына жылқы тыққан қасиетті Сырдың орта бойын қалдырып кетсе дейді Өзағаң. Бұған дейін арыда жатқан Тамды, Нұратау, Джизақ, Шыршықты қалдырған қазақ, енді Жетісай мен Сарыағаштан да кетсе дейді білем...

 

Даурен Бабамурат

Қалыптасқан жағдайға байланысты Болашақ қозғалысы үкіметке:

  • Сарыағаш ауданында атылған 56 Қазақстан азаматы бойынша нақты ақпарат беруді.
  • Уалихан Ахметовтың өліміне қатысты тергеу жұмыстарының нәтижесін БАҚ өкілдеріне ашық жариялауды.
  • Және де алдағы уақытта осындай оқиғалардың орын алмауы үшін қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығына байланысты нақты ақпарат беруді талап етті.
  • ОҚО жаңа әкімінен марқұмның отбасына жәрдем беру мәселесін қолға алуды сұрады.

Abai.kz


 Марқұмның келіншегі кіші қызы және үлкен ұлымен.

 

 Сырдариядан 1,5 шақырым ішке кіріп кеткен Қазақстанның айқындауыш белгісі

 

Сырдарияның арғы беті Өзбекстан жағы, қармақпен балық аулап отырған Өзбекстан балықшысы, ал жоғарыда айқындағыш шекаралық белгі.

 

Марқұм Уалихан Ахметовтың есік алдындағы үлкен үйге деп құйған фундаменті. Қаптаған құрылыс фирмалары ең болмаса іргесін көтеріп берсе үлкен сауап болар еді.

 

Марқұмның бауыры қолына ағасының портретін ұстап тұр. Қырқынан қайтып барады.

 

Солдан оңға қарай 2-ші және 3-ші марқұмның бауырлары.

 

Уалихан Ахметов атылған жер. Ортада ағасы қолымен көрсетіп тұр. Біз Қазақстандамыз.

 

ОҚО, Сарыағаш ауданы, Қызыләскер ауылына кіреберіс.  Бұл ауылға тек әділ заңдар ғана қажет. Басқасын ел өз еңбегімен тауып отыр.

Уалихан Ахметовтың екі ұлы. Екі аптадан соң бұл балалар мектепке бару керек...Сауапқа істейтін іс таппай жүрген жамағат осыларға көмектессе...

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2167
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2570
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2446
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1671