Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3147 0 пікір 21 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ОҢТҮСТІК ТАБИҒИ ӨСІМ БОЙЫНША ДА ОЗЫП ТҰР

2015 жылдың 1 шiлдесiн дейiн ОҚО тұрғындарының саны 2 813 556 адамды құрады. Оның iшiнде 1 261 957-сi (44,9 пайызы) қалаларда тұрса, 1 551 599-ы (55,1 пайызы) ауылдық жерлерде мекен етедi. Өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда тұрғындар 1,9 пайызға немесе 52 302 адамға артқан. Республикадағы үшiншi шаїар саналатын Шымкентте барлығы 871 897 адам тұрады. Олар қалаға қосылған елдi мекендердiң (176 101 тұрғын) есебiнен көбейiп, миллиондық межеге бiр табан жақындай түстi.

Демография туралы осындай мәлiметтi облыс әкiмдiгiнiң «Оңтүстiк» ақпарат орталығында өткен брифингте алға тартқан ОҚО статистика департаментiнiң басшысы А.Әбiлдабеков биылғы алты айда атқарылған жұмыстар туралы кеңiнен әңгiмеледi. Әрине, алғашқы деректердi жинақтап, оларды пайдаланушыларға ұсынатын құрылымның тарихы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылынан бастау алады екен. ҚР Ұлттық экономика министрлiгi Статистика комитетiне қарайтын облыстағы департамент те биыл өзiнiң 95 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Халықтың жалпы санының өзгеруi табиғи өсiмге және көшi-қонға тiкелей байланысты екенi анық. Ағымдағы жылдың бiрiншi жартыжылдығында халықтың табиғи өсiмi 32 709 адамды құрады. Республика бойынша бiздiң облыс бала туу мен табиғи өсiм көрсеткiштерi бойынша бiрiншi орында келедi. Алысқа бармай-ақ, өткен алты айда өңiрiмiзде барлығы 40 385 сәби дүниеге келгенiн атап өтсек те жеткiлiктi. Республика бойынша бала туу үлесi 20,8 пайызды құрап отырғандығының өзi көп нәрсенi айғақтаса керек. Жалпы, мұндағылар халықтың жағдайына немқұрайды қарай алмайтын сарапшыларға, ғалымдарға және мүдделiлiк танытқан жанашыр адамдарға мазмұнды мағлұматтар мен әртүрлi мәлiметтер ұсына алады.

Оңтүстiкқазақстандықтардың тұрмыс деңгейiне, жұмыспен қамту жағдайына, олардың орташа жалақысына, азық-түлiк және тұрмыстық тауарлардың, ақылы қызметтердiң бағаларына тоқталып, ұлттық экономика, бөлшек сауда, экономиканың нақты секторы жөнiнде айтып өткен Айдар Ахметбекұлы журналистердiң қойған сұрақтарына да жауап бердi.

Абай-ақпарат

0 пікір