Жұма, 26 Сәуір 2024
Жөн-ақ 3899 0 пікір 25 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ТОЗҒАН ҚҰБЫРДАН ҚҰТЫЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ... НЕИСЕГЕ ЖҮГІНІҢІЗ

Тозығы жеткен құбырдан орынсыз ақққан судың ақысын төлеуден құтылғыңыз келе ме? Онда «Су ресурстары-Маркетинг» серіктестігі ұсынып отырған несиеге жүгініңіз. Сала мамандары пәтердегі су құбырын 1 жылдық несиемен пайызсыз ауыстырып беруге дайын. Қолданысқа еніп, өз нәтижесін берген жаңа жобамен үй төрайымдары мен төрағалары танысты.

Шымкент қаласында 1700-ден астам көп қабатты үй бар. Олардың су құбырларының тозығы жетіп, жоғалған судың мөлшері де артқан. Соның салдарын тұтынушы тартып отыр. Өйткені келісім-шарт бойынша шығынды тұрғындар төлеуге мәжбүр.

Осындай олқылықтардың алдын алып, болдырмау үшін көп қабатты үйлердің 30 пайызында құбырлар жаңартылып, су өлшеуіш құралдары жертөлеге шығарылған. Жаңа әдіс өз нәтижесін бірден берген.

Мұхтар Сыдықов, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС аппарат басшысы: «Ескірген су құбырларынан судың жоғалуы көп болып отыр. Ай соңында әр үйдегі жалпы су өлшеуіш құралы мен жеке тұтынушылардың көрсеткішімен салыстырғанда 30-40 пайыз айырмашылық болып, жоғалған су мөлшері тым көбейген. Ал жаңартылған кейінгі көрсеткіш 3-4 пайызды құрап отыр. Бұл — нормаға сай.»

Су арнасы мекемесі тұтынушыларын артық шығындамау мақсатында су құбырларын несиеге ауыстыруды ұсынады. Жаңарту жұмыстары пайызсыз несие арқылы бір жыл аралығында жүргізіледі. Ол үшін тұрғындардың келісімі қажет. Сала мамандары су шаруашылығындағы жаңа әдіс пен тың технологияларды таныстырудан жалықпайды.

Дариға Ахметова, үй төрайымы: «Біздің құбырлар шіріп жатыр. Су ағып жатыр. Соларды ауыстырып, жаңартсақ. Су өлшеуіш құралдарды жертөлеге қойсақ. Барып, көріп қайттық. Өте ұқыпты, әдемі қойылған. Маған ұнады.»

 Сондай-ақ, кәріз құбырларына арнайы сүзгі орнатылған. Кәріз жүйесінің бітелуі санитарлық жағдайды қиындатады. Қала тұрғындарының салғырттығынан мұндай қауіп көптеп орын алады. Мамандар соңғы уақытта шағымданушылардың саны күрт артқанын айтып отыр. Алайда қалдықтың көптігінен сүзгіні жиі тазалауға тура келеді.

0 пікір