Дүйсенбі, 30 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 130865. Жазылғандар — 116187. Қайтыс болғандар — 1990
46 - сөз 9315 1 пікір 26 Тамыз, 2015 сағат 11:02

ЖАТАҚХАНАНЫҢ ЖЫЛДЫҚ БАҒАСЫ ҚАНША?

Жоғары оқу орнын таңдау, құжат тапсыру жұмысы бітісімен, жатақхананың жыры басталады. Шалғайдан білім іздеп, оқуға келген студенттің барар жер, басар тауы жатақхана екені белгілі.

 Алайда жатақхана жалпыға бірдей жеткіліксіз. Жатақхана таба алмай сандалған студент ақырында пәтер жалдауға мәжбүр. Бұдан бөлек, әр университеттің жатақханаға белгілеген өз құны бар. Бұл баға студенттің қалтасын көтере ала ма? Алдымен еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнына қоңырау шалып көрдік. Ал­ғашқы болып, республикадағы ірі ЖОО-ның жатақханаларының құнын білуге тырыстық. Сонымен...
Кейбір жатақхананың жылдық бағасы 20-30 мың теңге аралығында. Жылына 4 мың теңге ғана алатын университет те бар екен. Ол – Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті. Мәліметтерге сүйенсек, ең қымбат жатақ­хана Сүлеймен Демирел атындағы уни­вер­ситетте. Ондағы жатақхананың жыл­дық ақысы 175 мың теңге. Бағасы жоға­ры университеттердің қатарында КИМЭП те бар. Онда 1 семестр (4 ай) тұрған уақыт үшін 135 мың теңге төлеуің керек. Т.Рыс­құлов атындағы ҚЭУ жатақ­ханасының жылдық бағасы 120 мың теңге. Қараған­ды мемлекеттік техникалық универси­тетін­де де шамамен солай, мұн­да айына 12 500 теңгеден келеді. Сонда 9 айға 112 500 теңге. Ал аймақтардан кел­ген сту­денттер үшін мұндағы жатақхана айына 6 500 теңге. «Серпін – 2050» бағдар­ламасы бойынша оқуға түскендерге жатақ­хана ақысы айына 2 514 теңге. Қара­ғанды мем­лекеттік медицина уни­вер­ситетінің жатақ­ханасына тұрғың кел­се, 10 айға 105 мың теңге төлейсің. Алма­тыдағы ҚБТУ  жатақханасының құны айына 15 мың теңге, яғни оқу жы­лы­ның 9-10 айында 135-150 мың тең­геге барады. Букетов атын­дағы Қарағанды Мемлекеттік уни­верситетіне қарасты жатақхананың баға­сы – жылына 60 мың теңге. Ал Қарағанды мемлекеттік индус­трия­лық универси­те­тінің 1-курс студент­тері мен «Серпін – 2050» бағдарламасымен оқитындар үшін жатақхана тегін беріледі екен. 
Бiздi қынжылтқаны, жатақхана мәсе­ле­сімен хабарласқанымызда кейбір уни­вер­ситет қызметкерлері сұрағымызға дұрыс жауап бермей, тұтқаны тастай салды. Онсыз да маңызды қадамға аяқ басып, үмітінен күдігі басым талапкерге бағыт сілтемегенде, осыдан кейін оның тауы шағылмағанда қайтеді? Бірі – дұрыс жауап бермеді деп қынжылсақ, енді біріне хабарласудың өзі қиямет-қайым. Мәсе­лен, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге бай­ланысқа шыға алмадық, бірақ сайтында жатақханада тұрудың бір жылдық ақысы  28 910 теңге деп көрсетіліпті.
Жалпы, ЖОО-ға қарайтын жатақ­ханаларда тұру құны қанша болуы керек? Білім және ғылым министрлігіндегілердің айтуынша, бекітілген бұйрық бойынша жатақхана ақысы студенттің шәкірта­қысынан 15 пайыздан аспауы қажет. Ал биылғы шәкіртақы көлемі 16 759 теңге екен. Демек, ай сайын берілетін шәкірт­ақының 15 пайызы 2513 теңге болса, жа­тақ­хананың жылдық ақысы оқу жылының 9-10 айында 25 139 теңге болуы шарт. Ақысы жылына 30-40 мың теңгеге бара­тын жатақханалар да бар.
Көңілді алаң еткізетін тағы бір дүние – жатақханалардың жетіспеушілігі. Жа­тақхана университет студенттерінің бәріне бірдей бұйыра бермейді. Мәселен, кейбір университеттер тек 1-курсқа түс­кен студенттерді ғана тұрғызады. Ал кей­бір ЖОО-ның жатақханасы мүлдем жоқ. 
Жатақханаға қабылдау жүргізудің де өз тәртібі бар. Алдымен грантта оқитын 1-курс студенттерінің өтінімдері, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары, «Алтын белгі» иегерлері, ха­лық­аралық олимпиада жеңімпаздары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласқандар қабылданады. Қажет болған жағдайда ақылы бөлімнің студенттеріне белгілі мөлшерде орын бөлінеді.
Осы мәселеге байланысты халық қалау­лысы Оразгүл Асанғазының пікірін білгіміз келді.
Оразгүл Асанғазы, депутат: «Универ­ситеттің жатақханасы болмаса, қайдан береді. Қазір менің айтқаныммен, жатақ­хана сала салмайды ғой. Сондықтан оқу орны жатақханамен қамти алады ма, жоқ па, соны білу керек. Өйткені қазір қал­тасында 3-4 дипломды салып алып жүргендер бар. Бала бәрін өзі есептеуі тиіс. Бағаны қайтіп реттейсің? Бізде ұлт­тық, мемлекеттік, жекеменшік универ­ситеттер бар. Оның қайсыбірін қадағалай­сың? Біріне-бірі бағынбайды ғой. Оның шығыны бар, басқасы бар. Бір Астананың өзінен пәтер жалдасаң, оның орталығында бір баға, оңтүстігінде, солтүстік бағытында басқа баға. Парламенттің ғимараты мен қалалық әкімшіліктің жалға алу бағасы да екі түрлі. Тұрған жеріңе байланысты баға әртүрлі болады. Сол сияқты бәрінің бағасын бірдей қоя алмаймыз». 
ТҮЙІН:
Біздің басты мақсатымыз – жатақхана құны барлық студентке қолжетімді бол­ғаны. Университеттегі жатақхананың бір жылдық бағасы қалай екенін жоғарыда кесте арқылы көрсетуге тырыстық. ЖОО-лар жатақхана мәселесін өздері шешетіні белгілі. Бастысы, біз үшін студенттердің әлеуметтік мәселелерден қамсыз, мұңсыз білім алғаны маңызды. Ал ол үшін уни­вер­ситеттер студентке жағдай жасауы тиіс. 


    Дайындағандар: 
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ,
Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ

Айқын газеті

1 пікір