Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жөн-ақ 5612 0 пікір 2 Қыркүйек, 2015 сағат 17:10

ЖАҚСЫБЕКОВ ЖЕЗЕӨКШЕЛЕРДІҢ СОҢЫНА ТҮСТІ

Астанаға Әділбек Жақсыбеков қайта әкім болып келгелі мұндағы жезөкшелерден де маза кетті.  Бұрын темір жол вокзалы маңын еркін жайлаған олардың өрісі біртіндеп тарылып келеді. Біржан сал көшесінің бойында бұл «бизнес» кәдімгідей «гүлденіп» қалып еді.  Астана қалалық ІІД-ті де олардан жеңілген сыңай танытып, «қызметтеріне» кедергі болуды қойып келе жатқан. Тіпті, сол Біржан сал көшесінің бойында тұратын бір әжей: «жезөкшелікпен күреседі деп жүрген сақшыларымыздың өзі түнде патрульдік машинамен өтіп бара жатып, олармен дауыс күшейткіш арқылы сәлемдесетінін қайтерсің» деп қынжылыс білдіргенін естіп едік. Бұл сөзден жезөкшелікке қоғамның еті қалай үйрене бастағанын аңғаруға болатындай.

Бұлай жалғаса берсе, темір жол вокзалы маңын жайлаған азғындық ақырындап Астананың әсем келбеті – сол жағалауға да жетуі кәміл-тін. Аброй болғанда, Астана қаласының әкімі жақында арнайы мәжіліс өткізіп, жезөкшелерге қарсы бітіспес майдан ашты. Астана қалалық ІІД-не сол ауданды жезөкшеліктен тазарту жөнінде арнайы тапсырма берді. Содан бері елордадағы тәртіп сақшыларында да тыным жоқ. Күн сайын рейд, күн сайын кешкілікте жезөкшелерді жүгендеуге шығады. Әр кеште 150-200 шақты «түнгі көбелектерді» әкеліп, департаменттің ұзын дәлізіне тоғытады. Заң бойынша көшедегі жүргіншілерді мазалағаны үшін, көп қабатты үйлердегі тұрғындардың мазасын алғаны үшін әкімшілік айыппұл салады. Оның көлемі 5 айлық есептік көрсеткіш шамасында. Егер екінші рет ұсталса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Қазір елорданың бюджетіне жезөкшелерден екі-үш миллион теңге көлемінде айыппұл түскенге ұқсайды. Әкімнің талабы қатаң, айбары сұсты. Сондықтан тәртіп сақшылары мұнымен шектелмей, рейдтерін одан әрі жалғастырып жатыр. Ақырында, жезөкшелердің жүйкесі сыр берді білем, бірнешеуі беттерін жаппастан үкіметке арнайы шағым айтты.

«Біздің бизнесімізді заңдастырыңыздар, салығымызды ай сайын уақытылы төлеп отырайық. Тағы қандай талаптарыңыз болады, соның бәрін орындаймыз. Тек біздің қызметімізге кедергі болмасаңыздар екен. Қазір күнде айыппұл төлеп жатырмыз. Табысымыз болса азайып кетті. Күнкөрісіміз қиындады. Бала-шағамызды асырай алмайтын болдық (екі-үшеуі балалары бар жесір әйел болып шықты)» деген мазмұндағы шағымдары үкіметке жетті ме, жетпеді ме, ол жағы әзір белгісіз (жетпегені жөн ғой. Біздің үкіметке сенім бар ма, «мақұл» деп қалып жүрсе). Белгілісі, бұл күрес тәсілі жезөкшелерге оңай тимей жатқаны. Тәртіп сақшылары осы тегеуіріндерін жоғалтпай, жұмыстарын осылайша жалғастыра берсе, бір-бірімен берік ұйымдасқан жезөкшелер ордасы іштей ыдырап, көл-көсір табыстан айырылып, ақырында күн көрістің басқа амалын іздеуге кетері анық-ау. Табыс жоқ жерде ешкімнің жүрмесі белгілі ғой. Сөйтіп, жеңілместей көрінетін жезөкшелік те біздің қоғамнан біржола жоғалмағанымен, біршама азаяр еді. Ең бастысы, Астана әкімі алған бетінен қайтпай, талабын күшейте берсе дейміз. Әйтпесе, азғындық жайлаған елге айналуға шақ қалып едік.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 351
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 179
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 185
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 189