Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Құсни хат 9652 0 пікір 3 Қыркүйек, 2015 сағат 10:40

ҚҰМЫРСҚА ЖӘНЕ ИБРАҺИМ ПАЙҒАМБАР

Сен өмірде көріп пе едің құсаны,

Сені өмірде толқытты ма құс әні?

... Тірілерге тағылымы тым терең,

Айтайын ба мысалы?..

 

Серік етсең шаттық пенен күлкіні,

Қаулап өсер көңіліңнің бүртігі.

... Серуен құрған Ибраһим пайғамбар,

Құмырсқаға жолығыпты бір күні.

 

Шағылмаған ешбір жаннан тауаны,

Мынау еді пайғамбардың сауалы:

- Ей құмырсқа!

Бағыт алдың қай жаққа,

Сауалымның болар ма екен жауабы?

 

Бейнет кешіп келесің-ау лайым,

Аузыңдағы тамшы су ма, құдайым!

Тамшы судың не қажеті болды екен,

Екінші бір сауалды да сұрайын!

 

Еңбекке әр кез ауатұғын ауаны,

Былай болды құмырсқаның жауабы:

-Залым Нәрмуд Ибраһим иемді,

Алаңдағы отқа апарып салады!

 

Пайғамбарға тәу етуші ем қуанып,

Естігенде қалдым мұны қуарып.

Алаңдағы алаулаған сол өртті,

Сөндіруге кетіп барам су алып.

 

-Күнін кешіп көрмеп едім кесірдің,

Күліп қойсам, сен құмырсқа, кешіргін.

Тамшы сумен алаңдағы алауды,

Қалай ғана келеді екен өшіргің?

 

 

-Имандылық түсіп жатыр талауға,

Шамам менің жетпесе де алауға,

Жетіп жатыр жалғыз тамшы

Дегенмен

Ниетімді білдіруге жарауға!..

 

... ӨРКӨКІРЕК ӨРКЕНИЕТ ҒАСЫРЫ НЕМЕСЕ  «РОБОТТАР» ЖАЙЛЫ 

 

Тарихта алғаш рет Жапонияда роботтардың үйлену тойы өтті. Фройс атты робот пен андроид-келін Юкирин отау тікті деп жазады Demotix порталы. 

 Салтанатты шараға роботтарды жасап шығарған Маява Денки қатысып, «бойжеткенді» күйеуге ұзатты, деп хабарлайды 24.kz. Үйлену тойы Токионың халық көп орналасқан ауданында өтті. Аталған шараға жиналған адамдар мен роботтардың санында шек болмады, деп жазады Газета.Ru.

 

Интернет материалдарынан

Келе қоймас мына жағдай ойға шақ,

Сала бердім, жабырқаңқы күйге еніп.

Жапон елі жатыр бүгін той жасап,

... Роботтар «бас қосыпты»,  үйленіп.

 

Көп болмаған мынадай той, асылы,

Ағыл-тегіл ақ дастархан, көп қонақ.

... Өркөкірек өркениет ғасыры,

Адамзатты алған екен ноқталап.

 

Салатұғын әр сәт сайын бір атой,

Адамзаттың асқан не бар ойынан?

Құлтемірлер «бақыт тапқан» мына той,

Жұлдыздардың кем болмады тойынан.

 

Сезімдерім...

Санамда әр кез сыр қалар,

Қайтем енді?

Жылаймын да күлемін.

... Атағымен жер жаратын тұлғалар,

«Екі жасқа» ақтаруда тілегін.

 

Сырымды айтам, сенгеннен соң ақтарып:

Қалтырадым, басқаннан соң ойым шық.

... Мәз болады шығыс елі шаттанып,

Үйленуді қылып алып ойыншық.

 

Еңсені езген ауыр оймен күнелтем,

Қонар ма екен, бұл тірлікпен, сірә, құт?

Қызық айтам:

Таң қалмаңыз күні ертең,

Қызыңызға құда түссе – робот!..

 

АҚЫРЕТ АРАЛЫ

 (баллада)

 Жерді тарпып жез жүгенді құламыз,

Өткен күннен өнеге алып тұрамыз.

Шапағаты шуақ болып төгілген,

Бүгін сізге баяндайын бір аңыз.

 

Болмас бәлкім, жылауға да, күлерге,

Сәл қаталдау салт бар екен бір елде.

...Бақыт деген осындай ма едіңіз,

Күліп келіп, ал соңынан түнерген.

 

Қалай жанды билемесін қапалық?

Осыны ойлап, терең ойға баталық.

Он жыл билік құрғаннан соң патшасын,

Тастайды екен бір аралға апарып.

 

Он жыл бойы ұлы адамға теңеген,

Патшаларын сол аралға кемемен,

Тастайды екен алып барып мәңгіге,

Жан табылмай жалғыздығын елеген.

 

Адам – ғұмыр!

Тағдырыңа тәуелді ең,

Ол аралда ел тұрмайды әуелден.

Патшасына, билеушіге әлемді,

Осылайша шығады екен жау елден.

 

Тәртіп осы.

Жүрме одан ауытқып,

Ел патшасы осы жайды қауіп қып.

Он жылдан соң не көрерін көп ойлап,

Қашқан екен сарайынан сауық-құт.

 

Сарқылтатын шаттығыңды, бұлақты,

Қайтпек керек мына қатал сынақты?

Он ойланып, мың толғанып бір күні,

Уәзірден ақыл-кеңес сұрапты.

 

– Патша болдым, тасып-толдым десем де,

Қарғыс атқыр қайғым барда өсем бе?!

Жолын құшып патшалардың алдыңғы,

Мен де солай өшем бе?..

 

Қасірет боп осы күні азығым,

Ауыр ойдан жүдеп-жадап, қажыдым.

Он жылдан соң жалғыз қалам аралда,

Жазығым не, жазығым?

 

Жүрегімнің жанарларын жас қамар,

Елсіз арал – менің үшін тас қамал.

Құтылатын осы түнек қайғыдан,

Бар ма, айтсаңшы, басқа амал?

 

Тосыпты да бұл сауалға құлағын,

Тыңдап алып патшасының сұрағын.

Терең ойға батыпты да тұңғиық,

Былай депті уәзір:

 

– Күйе жағып дәстүрің мен салтыңа,

Ұнамайсыз халқыңа.

Жалғыздыққа тұнып тұрған ол арал,

Ұмыттырар тірлігіңді шалқыған.

 

Торламасын десең жанды нала-мұң,

Ішкің келсе, сансыз сезім шарабын.

Ертеңгі күн өзің барып тұратын,

Сол аралды гүлдендірсең, жарадың!

 

Ғұмырың мен байлығыңды аяма,

Жалқаулықтың жүгін онда таяма.

Өзің түбі баратұғын сол арал,

Сонда саған айналады саяға!

 

Ақылдан ол емес еді мақұрым,

Ойлап көрсе уәзірдің ақылын.

Жөн секілді айтқан сөзі әзірде,

Ақиқатқа таяп қапты ақырын.

 

P.S:

Адал досым, әділдікті ұнатқан,

Өмір осы – тұратұғын сынақтан.

Аңыздардың астарында өмір бар,

Шындық іздеп қажеті не жырақтан?

 

Бұрынғының қарттарының сөзі шын,

Әрбір адам өзі патша өзі үшін.

Жаман болсаң – жалаң өмір кешкенің,

Жақсы болсаң – даналардың көзісің.

 

Уәзірің – ақылың мен иманың,

Жолында оның құрбан болсын жиғаның.

Ақиқаттың, ар-иманның жолында,

Жөн болады жаныңды да қиғаның!

 

Бағындырған күштіні де, алыпты,

Алла ісіне көңіліміз қанықты.

Тіршілікті ізгілікке толтырсақ,

Жәннат баққа барарымыз анық-ты!..

 

Құлаш ұрып ұлы арманның өріне,

Келесің-ау, қадам басып төріңе.

Апарарын шығармағай есіңнен,

Кеме-табыт елсіз арал-көріңе!..

Алма Түсіпбекова,

 

Астана қаласы

Abai.kz  

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1504
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1355
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1103
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1141