Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 7510 0 пікір 9 Қыркүйек, 2015 сағат 15:18

АРАБ КӨКТЕМІ: ОРТАҚ СИПАТ

«Елдің үміті күшті, сізге дән разы, һәм бақытты» деп жарыса жар салып келді уәзірлері. Сенбейтіндей себеп жоқ көрінген. Өзі де сезген. Мәз болды. Мастанды.

Біраздан соң қатары қалыңдаған жандайшаптарының жетекшісі: «Ел сізді дана деп біледі, дара деп сүйеді» деп кірді. Иланды. Үсті-үстіне сүйінші таратты. Алтын тағын сипалап масайрады.

Арада жылдар өткесін «Ел бірқалыпты» деген хабар естілді. Соңын ала «Ел шүкіршілік қып отыр, қайтсе де қанағаты басым», «Ел іші, әйтеуір, тыныш» деген рапорттар бірінен соң бірі жетті. Мұндай бір сарынды «жаңалыққа» құмарта құлақ та тікпейтін болған. Тек ара-тұра кейбір бек-мырзалардың сүйіншілері қолдарына тиісімен сыртқа саяхат шегіп, оралмай қала беретініне таңырқап қоятын.

Сосын біраз уақыт «елдің жағдайын» ешкім айтпай қалды. Ішін тартқан ыңғайсыздау үнсіздік орнады. Бір заматта барып қасында қалған соңғы күзетшісі гаремге алқынып кірді де: «Х-м, алдияр, елдің көңілі көтеріліп тұр. Дауысы да жарқын. Сізді бір көріп, сөйлесуге құштар. Разылығын өз ауыздарымен айтқысы келеді. Төрт тараптан түгел жиналыпты. Әскермен қуып кетіре алмадық. Ықыластары сұмдық күшті!» деп зым-зия жоқ болды.

Бұл ештеңені түсінбеген күйі құстөсегінен әрең түсті. Әдетінше қасын қайшылап сарайдың алдына шыға келгені сол еді, өзін іздеп аласұрып тұрған қалың елдің «ризашылығына» ұшырады да, кете барды...

P.S. «Араб көктемінің» ортақ сипатына қайран қалған жанның ойы...

Ғалым Боқаш

facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар