Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Осы ғой енді... 4546 0 пікір 11 Қыркүйек, 2015 сағат 10:59

Б.ӘБДІШЕВ ІСІ: КУӘГЕРЛЕРДІ БОПСАЛАУ КІМГЕ КЕРЕК

Сот басталғалы екі айға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында Бауыржан Әбдішевтің қатысы бар делінген екі эпизод қаралды. Бірақ, куәгерлер берген жауаптарға қарап-ақ, тергеудің дұрыс жүргізілмегенін анық байқауға болады. Дұрысы былай тұрсын, тергеу барысында  баяғы Сталин заманын қалып кеткен тәсілдер қолданылған.

Әуелі тарихты еске түсірейікші. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары  бір адамға айып тағылса тергеушілер оның ақ-қарасын ажыратып жатпайтын еді ғой. Күдік тағылған адамды қалай да кінәлі етіп шығаратын. Ол үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайтын еді. Сталин заманы баяғыда өтіп кетті деп күпініп жүрміз. Бірақ, Бауыржан мырзаның ісіне қарасаң, сол кез еске түседі. Тәуелсіз Қазақ елінің тергеушілері де ертеден қалып кеткен дәстүрлерінен жаңылмапты. Бәлкім біреудің арнайы тапсырысы болды ма екен... Кім білсін? Әйтеуір, экс-шенеуніктерге күдік келтірілген сәтте қызу жұмысқа кіріскен. Бірақ, шындықты іздемеген. Қалай болғанда да кінәлі қылып, соттауды мақсат тұтқан. Ол үшін куәгерлерге қысым көрсеткен, әдейі жала жапқызған. Мұны ойдан шығарып айтып отырғанымыз жоқ. Сотта болып, көзбен көріп, құлақпен естіген соң осындай тоқтамға келдік.

"Евро Стандарт Қарағанды" және "Сталь Цинк" эпизоттары бойынша қаншама адам сотта куәгерлік етті. Бірақ, бірінің аузынан жөн сөз шықпады. Куәгерлердің бір парасы сотта өздері берген түсініктен бас тартып, тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын айтты. Ал енді бірі не айтып, не қойғанын білмей біраз көкіді. Тіпті тергеушіге берген түсініктемесінің мәтінін ұмытып қалғандар болды. Бұл бір қызық жайт емес пе? Егер ол өз сөзімен, көзімен көрген қылмысты баяндаған болса, оны қалай ұмытып қалады? Әлде арнайы сөз алып жаттап, диктант жазған ба? Жұмбақ...

Сот барысында орын алған бұл қызық жайтты аңғарған тек біз ғана емес екенбіз. Серік Ахметовте байқапты. Ол кісі мемлекеттік айыптаушылардан іске объективті тұрғыда қарауды сұрап отыр. Себебі жоғарыда айтқанымыздай куәгерлердің дұрыс мәлімет бере алмау. Тергеу барысында қысым көруі.

Тергеушілер бұл материалдарды жинау үшін он ай уақыттарын сарп етті. Бұл уақыттың бәрінде Бауыржан Әбдішев бастаған бес экс-шенеунік тергеу абақтысында отырды. Кінәсі дәлелденбесе де бас бостандықтарынан айырылды. Ал енді келіп сотта куәгерлерге қысым жасалғаны және кейбіреулері әдейі жала жауып отырғаны туралы айтыла бастады. Егер ол рас болса, азаматтарымыз абақтыда жайдан-жай бір жыл уақытын өткізген болып шықпай ма?

Тергеушілер тарапынан жасалған қысым демекші "Сталь Цинк" Сауда Үйінің бұрынғы бас директоры Ратай Әжмұратов та сотта өзіне тергеуші Шевченконың қысым жасағаны туралы айтты.

Куәгердің айтуынша Шевченко оны оңаша шақырып алып, "Сталь Цинк" пен "Горсвет" арасында жарық бағаналарын ауыстыру туралы жасалған келісім шартқа Серік Ахметовтың қатысы бар екені туралы мәлімет беруді ұсынады. Алайда Ратай Әжмұратов бұл ұсынысқа келіспеген. Осыдан соң оны қорқыту-үркіту, бопсалау басталған. Сонымен қатар, бұл әңгіме туралы ешкімге, тіпті қорғаушысына да айтуға болмайтыны туралы ескертеді.

Шевченкодан қысым көргені туралы айтып отырған тек Р.Әжмұратов қана емес. Осыған дейін "Сталь Цинк" Сауда Үйінің жетекшісі Жанарыс Қабдолдаев та Шевченконың дайын хаттамаға мәжбүрлі түрде қол қойғызғаны туралы айтқан болатын.

Жалған түсінік пен жалған мәлімет арқылы шенеуніктерге жала жаппақ болған тергеушінің бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Ол қылмыспен күресуші емес қайта нағыз қылмыскердің өзі емес пе?

Серік Ахметов сот төрағасынан тергеуші Шевченкоға қатысты нақты шара қолдануды сұрады...

 

Бейбіт Асқаров

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 91
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 41