Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 4546 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНІҢ КЕПІЛІ

Республика көлемiнде индустриалды-инновациялық аймақ құру мәселесi кең көлемде әрi қарқынды жүргiзiлiп келе жатқаны белгiлi. Қаржы дағдарысы белең алып тұрған кезеңде инновациялық жобаларды iске қосып, индустриалды аймақты дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты барынша азайтуға күш салу өзектi мәселенiң бiрi болып отыр, - деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газеті.

Осы жағдайды зерделей бiлген аудан әкiмдiгi Шарапхана ауыл округiне қарасты Майлыошақ елдi мекенiнен индустриалды аймақ үшiн 40 гектар жер телiмiн бөлiп, бүгiнгi таңда аймақтың инфрақұрылымы қарқынды жүргiзiлуде.

«Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жүргiзудiң жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттiк сараптамадан өтiп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жеңiмпаз анықтау мақсатында мемлекеттiк сатып алу заңына сәйкес конкурс жариялап, нәтижесiнде «Шаңырақ» ЖШС-i жеңiмпаз деп танылды.

Индустриалды аймақ негiзiнен өте қолайлы алаңға, яғни Ташкент–Шымкент магистральды күре жолының бойынан қоныс тепкен. Бүгiнгi таңға 5527 метр газ жүйесi, 5393 метр су құбыры жүргiзiлiп, 2390 метр жол асфальтталған. Аймақтың инфрақұрылымын аяқтау мерзiмi үстiмiздегi жылдың төртiншi тоқсанына белгiленген.

Сондай-ақ, облыстық өңiрлiк үйлестiру кеңесiнiң отырысында жан-жақты қаралып, мақұлданған төрт жобаны биылғы жылдың өзiнде-ақ индустриалды аймақта iске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, «Отырабат–Құрылыс» ЖШС-i (директоры Р.Утешов) жобалық құны 64,4 млн. теңгелiк «Газдыбетон блогы өндiрiсiн» қолға алып, үстiмiздегi жылдың желтоқсан айында толық iске қосып, жылына 12 мың шаршы метр газдыбетон блогын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өндiрiсте жаңадан 12 жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

Сонымен бiрге бүгiнде индустриалды аймақтан орын тепкен «ЮКГУ» ЖШС-i де жобалық құны 258,0 млн. теңге болатын газдыбетон құрылысын жүргiзудi жоспарлап, қажеттi құрал-жабдықтар орналастырып, тиiстi материалдарды тасымалдау iсiмен айналысуда. Олар жыл соңында 40 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етiп, өндiрiс көлемiнiң қуаттылығын 3000 шаршы метрге жеткiзудi ұйғарып отыр.

Индустриалды аймақта орналасқан инновациялық жобалардың түрi де әралуан. Мәселен, «Lotus Food Company LLC» ЖШС-нiң төрағасы Ә.Ибадуллаев тез әзiрленетiн тағам өндiрiсiнiң жобасын ұсынып, осы бағытта жұмысты бастап та үлгерген. Жоба құны – 471 млн. теңге. Өндiрiс iске қосылған жағдайда, бұл жаңа жұмыс орнына 48 адам тартылып, жылына тез әзiрленетiн 1097 тонна тағам шығарылатын болады.

– «Асыл бастау KZ» ЖШС-i құрғақ сүт және сары май өндiру iсiн қолға алу үшiн жұмыстарын бастады. Сүт өңдеу зауытын алдағы жылы iске қосып, 20 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз, – дейдi зауыт басшысы Сейдiллә Құнанбаев.

Бүгiнде индустриалды аймақта қызу еңбек қарқын алған. Жоғарыдағы жобалар жүзеге асқан жағдайда ауданның өнеркәсiптiк әлеуеттi артып, қаншама жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан бюджетiне түсетiн түсiм көздерi арта түсетiн болады.

Аймаққа инновациялық жобасын ұсынып, өз бизнесiн ашамын деушiлердiң де қатары арта түсуде. Бұл – қуанарлық жағдай.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ, Қазығұрт ауданы

Abai.kz

0 пікір