Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 9846 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 07:47

ПІЛ МЕН ҚОҢЫЗ

Айдаладағы қоқыстың арасынан ауыр шарды допша домалатып келе жатқан Қоңыз өзіне бұрылып қарап тұрған Пілді ұрыса жөнеліпті:

- Піл мырза осы дүниедегі ең ірі тұлғалы, ақылды жануарлардың бірісің. Күшің де жетерлік, сүйегіңді де асыл деп жүр ғой. Бірақ жәндіктердің жүретін жолдарын арам боқтығыңмен бөгеп тастайсың. Мен болсам соны тазалаймын деп бүкіл өмірімді өткізіп келемін. Тіптен жейтін асыма да айналды. Атымызды боқтық қоңыз деп атап жүр. Маған еріп жәндік атаулының көбі боқ жеп жүр. Кімге болса да жиеркенішті көрініс емес пе? Сол үшін ешкімнен алғыс алып көрмеппіз.  Анда-санда осылай бізге де көзіңнің қырын сала жүрсең етті, бізді осы уақытқа дейін елемей келдің ғой. Таптап өтуің де мүмкін еді.

Сонда мына қоңыздың батылдығына разы болған Піл:

- Бұл дүниеде атқармаған ісім жоқ еді. Кезінде адамдарға, жан-жануарларға ит мұрыны өтпес  қалың орманда, адам аяғы баспаған асуларда  жол салып берген едім. Сол үшін таудай тастарды көтердім, ағаштарды түп-тамырымен қопарып, ауыр жүктерді тасуыма тура келді. Өзімді барлық жан-жануарларға қарағанда әлдімін деп келдім. Алайда мен дәл қазір сенің күшіңе қайранмын. Бір өзің өзіңнен он есе ауыр қоқысты, боқты демей ақ қояйын, бағанадан бері әрі-бері зыр қағып, допша домалатып жүрсің. Айтшы сонда,  пілдің боғы сендерге расында ас бола ма? Әлде басқадай маңыздылығы бар ма? Ой тоба-ай, осы уақытқа дейін неғып білмей келгенмін? - деп, таңданғанын жасырмай басын шайқапты.

- Неге болмасын Піл мырза, осыншама боқтықты әуелі әрі-бері домалатып жүріп, шарға айналдырамын, сонан соң таңның атқанынан кештің батқанына дейін қара тер боп үйіме тасимын. Сендер пілдер паналайтын үйдің, ненің бар екенін, ненің жоқ екенін білмейсіңдер, жер үстіндегі орман-тоғай, құнарлы жерлердің бәрін иеленіп алғансыңдар, астарың дайын, ең тәттісін таңдап жүріп, биік ағаштың басынан үзіп  жейсіңдер. Қолдарың, яғни мұрындарың ұзын дегендей. Тоқтықтан не істемейсіңдер? Жеген астарыңның өзін аяғына дейін қорытпай айналаға шашасыңдар. Ал біздің күні бойғы бар тапқанымыз тек сендердің боқтарың болса не істеуіміз керек, үйімізге тасимыз да. Ол жақта шиеттей – шиеттей оншақты балаларым мен әйелім күтіп отырады. Жегеніміздің өзін әрі қарай ішімізде қорытып тыңайтқышқа айналдырамыз. Сондықтан саған қарағанда менің он есе артық күш жұмсауыма тура келеді. Әйтпесе менің күшім тасып барады дейсің бе? Басқалардың айтқысы келсе айта берсін, өмір сүруге қажет табиғи заттардың бәрі біз үшін адал. Оны қойшы, ең маңыздысы мына жер бетін, туған жеріміздің топырағын құнарландырып, гүлдендіруге сен екеуіміз де бірдей ат салысып жүрміз ғой, сенің не жегеніңнен гөрі боғыңның бар пайдалылығы сонда жатыр емес пе?,  – деп Қоңыз маңдай терін сүрткен екен.

«Бұл дүниеде әр заттың өз орыны бар, артық-кемі болмайды, ол бәріне теңдей бөлініп берілген»  деген осы болар.

Құрастырған Болат Қали

Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар