Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Қорған 5606 0 пікір 18 Қыркүйек, 2014 сағат 09:56

ОДАҚТАСУ МӘСЕЛЕСI ҚАЙТА ҚАРАЛСЫН!

ҮНДЕУ
Құрметтi Отандастар!
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ атты Кремльдiң экспансиялық жобасына кiрместен бұрын, бiз Антиеуразиялық форумда және Қоғамдық тыңдауда реваншистiк идеядан туындаған бұл одақтың елi­мiздiң тәуелсiз­дiгiне қауiп төндi­ретiнiн билiкке ескерттiк. Бұл келi­сiмдер Қазақстанды қатерлi жолға бастайтынын, тәуелсiздiкке қауiп төндiрiп, шикiзатқа тәуелдi, диверсификацияланбаған экономика­мызға үлкен нұқсан келтiре­тiнiн де ашып айттық. Бiздiң сол кезде жә­не оған дейiн жасаған бұл болжамдарымыз қазiр ақиқатқа айналды.
Ресейдiң заңсыз қару-жарақ, әскери техника жеткiзуiне және қаржылық қолдауына, сондай-ақ әскери қызметкерлерiн донбастық, луганскiлiк сеператистерге көмекке жiберуiне жауап ретiнде Батыс елдерi Кремльге қарсы жан-жақты санкцияларды күшейттi. Әлемнiң жетекшi елдерiнiң қыспағы қазiрдiң өзiнде Ресейдiң қабырғасына батты. Ресейдегi экономикалық жағдай аз уақыттың iшiнде құлдырай бастады. Бұл тек бастамасы ғана. Тәуелсiз сарапшылардың болжамына қарағанда, Ре­сейдi үлкен дағдарыс күтiп тұр. Таяу­да Ұлыбританияның премьер-министрi Дэвид Кэмерон батыс санкциясы Ресей экономикасына ауыр соққы болып тигенiн ашық мәлiмдедi. Егер Мәскеу әскери қақтығысты ушықтыра беретiн болса, онда Батыс елдерi санкциясын бұрынғыдан да қатайта түспек. Сонымен қоса, Ресей банктерiн SWIFT   жүйесiнен алып тастау туралы да ұсыныстар естiлiп қалды, олай еткен жағдайда көршi елдердегi қаржы жүйесi ошарылып қалады.
 Қазақстан патриоттарының сынынан кейiн, Ақорда өздерiнiң Еуразиялық одаққа кiруiн “Ресеймен интеграция экономикалық пайда келтiредi” деп ақталуға көштi. Ендi елдiң экономикасы мен қаржы жүйесiнiң бiр-бiрiне тәуелдiлiгiн ескерсек, онда Ресейге жасалған санкция бiздiң елiмiзге әсер ет­пейдi деу – өзiн-өзi алдарқату ғана емес, толық жауапсыздық. Бұл орайда Ресейдiң АҚШ пен Еуропа одағынан келетiн азық-түлiк пен көкөнiске салған шектеулерi Қа­зақстанның өнiм өндiрушiлерiне iс жүзiнде ешқандай да пайда кел­тiрмейдi.
Батыс елдерi экономикалық соғыс ашқан елмен, оның терiс салдары Қазақстанға соқпай қоймайтынын бiле тұрып, несiне жақындаспақпыз. Интеграцияның да жөнi бар ғой. Бiздiң елiмiздiң билiгi қарапайым қазақстандықтардың онсыз да шекесi қызбаған тұрмыс жағдайын одан әрi нашарлатуға итермелеп отыр. Мәселен, көптеген тағам түрлерiнiң бағасы бiр­ден көкке шарықтап кеттi. Бұл құ­былыс үдеп барады.
Соңғы кездерi Жириновский, Лимонов, т.б. сияқты шовинистiк көзқарастағы Ресей саясаткерле­рiнiң қазақтарға қарсы мәлiмдеме­лерi жиi жаңғыратын болды. Тiптi олар қазақтарда бұрын мемлекет­тi­лiгi болмаған дейтiн намысқа тиерлiк жөнсiздiкке барды. Ресей СIМ-i бұл жеке азаматтар мен саясаткерлердiң көзқарасы, ол Кремльдiң бұл мәселе жөнiндегi ұстанымын бiлдiрмейдi деп ақталды. Алайда бiз таяуда ондай арандатушылықтың нағыз демберушi кiм екенiн көрдiк. Ол, басқа да емес, Ресей президентi Путиннiң нақ өзi болып шықты, ақыл-есi бүтiн және зердесi шатаспаған шағында қазiргi Қазақстан аумағында еш­қашан да мемлекет болмаған деп соқты, бұл – шын мәнiнде қазақ ұлты мен оның ата-бабасы сондай мемлекеттiлiктi ешқашан да көрмеген дейтiн қасаң ұғымды көпшiлiк­тiң санасына сiңiруге жасалған әрекет.
Соншалықты жауапсыз әрi жалған пайымдауды әлi де империялық санадан арылмаған, тарихи түсiнiк­тi үстiрт саясаткер ғана айта алады. Қазақ халқын және елiмiздi қа­зiргi басшылықтың қолдан жасамағаны әмбеге аян.
Қазақ мемлекеттiлiгiнiң тамыры көптеген ғасырларға тереңдейдi, тарихы бай, тартымды мәдениетке ие, санқырлы дәстүрлi елiмiздiң қалыптасуына қаншама жүзжылдықтардың уақыт көшiнде қалғаны ақиқат.
Егер де Германияда МҚК қыз­меткерi болып бiршама жыл жұмыс iстеген Путин мырза, бұл елдiң тарихымен жақсы таныс болса, онда ол тарихи өлшеммен қарағанда, мемлекеттiң құрылуының күнi кеше ғана сияқты көрiнетiнiн түйер едi. Ұлт-мемлекет зерттеушiлерiнiң еңбектерiне жүгiнсек, мемлекет­тер­дiң көпшiлiгi соңғы 2-3 ғасырда қалыптасқанын көремiз. Ол уақытқа дейiн тiптi бүгiнгi үлгiдегi АҚШ пен Германия сияқты мемлекеттер де жоқ едi. Алайда бұл сол елдердiң мемлекеттiлiгi болмағандығын оған лайықты еместiгiн айғақтамайды! Сондықтан әлгiндей мәлiмдеулер жасау шын мәнiсiнде, қасақана немесе алаңғасарлықпен айтса да бәрiбiр, арандатушылық әрекет болып табылады, ал оның салдары өте қауiптi. Бiз мұндай саяси бүлдiрушiлiкке апаратын және мүлде жол беруге келмейтiн мә­лiмдеулерге үзiлдi-кесiлдi қарсылық бiлдiремiз!
Бiз бұрын Кремльдiк жарапазаншылардың Украинаның ешқашан өзiнiң мемлекеттiлiгi болған жоқ деген даңғазасын талай рет естiдiк. Алдымен оған қарсы Кремль өшпендiлiкпен ақпараттық шабуыл бастады. Одан соң, ауызша мәлiмдемелерiмен шектелiп қалмай, Ресей оның аумағына баса-көктеп кiрдi, Қырымды қаратып алды және бұл елдi бұтарлап тастауға жанталасуда. Кейбiр сарапшылар Мәскеудiң сыртқы саясаты туралы нақтылы былай жазуда: “Ресейдiң көршi мемлекеттер арасында достары жоқ. Өйткенi Кремль өзiнiң барлық көршiлерiн саттелит– мемлекетке айналдыртқысы келедi”. Егер Кремльдiң неоимпериялық амбициясы осы қар­қынмен дамитын, ал Қазақстан басшылығы оған қарсыласпайтын болса, онда бiздiң елiмiз де таяу арада дәрменсiз вассалға айналуы ықтимал!  
Шындығында, Ресейдiң бүгiнгi таңда өзiне достықпен және сыйластықпен қарайтын бiрде-бiр көршiсi жоқ, бәрi де одан мүмкiндiгiнше қауiпсiздеу арақашықтықты сақтауға, неғұрлым қуаттырақ серiктер iздеуге тырысады. Балтық жағалауы елдерi Еуропа одағына және НАТО-ға кiрдi, Грузия да сол жаққа күш сала ұмтылуда, Украина өзiнiң сыртқы саясатында Еуропа одағына өтудi, тiптi НАТО-ға кiрудi басты мұрат санады. Ресейдiң жалғыз-жарым одақтас-елдерi болып Қазақстан мен Беларусь қалды. Минск Ресейге тек қана экономикалық мүддесi үшiн жақындасады, оны өздерi де жасырмайды, Ресейдiң тауарларын, мұна­йын және жанар-жағармайын реэкспорттаудан мол табысқа кенелiп отыр. Еуразиялық одаққа кiруге қол қойған Армения мен Қырғызстан да Мәскеуден экономикалық демеу күтедi. Ресеймен одақ болғысы келетiн бiрде-бiр дамыған және демократиялық мемлекет жоқ. Қазақстанға не көрiндi, неге ол көшбасшысы Қазақстанды сыйламайтын, оның мемлекеттiлiгi мен тарихына қомсына қарайтын, намысын қорлайтын елмен интеграциялық жобаға басын тығады? Нелiктен елiмiздiң басшысы ел экономикасын Ресейлiк олигархтардың қанжығасына байлап бердi? Нелiктен Ақорда ел азаматтарының тұрмыс-жағдайын төмендетуге саналы түрде барып отыр?
Қазақстан тәуелсiздiгi жылдары iшiндегi дәл қазiргi кезең – елiмiздiң төңiрегiндегi күрделi геосаяси жағдайға, халықаралық қатынастардағы ауқымды өзгерiстерге байланысты бiздiң мемлекеттiлiгiмiз үшiн ең қатерлi және ауыр кезең. Бүгiнде бiздiң алдымызды ораған қатерлердi елеусiз қалдыруға болмайды. Оның ұлттық қауiпсiздiгiмiзге орасан нұқсан келтiретiндiгi айқын. Көптеген сарапшылар мен саясаткерлер Украина оқиғалары елiмiздегi жағдайларға да қатты әсер етуi, тәуелсiздiгiмiзге қатер төндiруi мүмкiн екендiгiн атап көрсетуде. Сондықтан да бiздер, Қазақстан патриоттары, Отанымыз үшiн тағдырлы сын сағатында бiрiгуiмiз және бiрлесе қарекет етуiмiз керек! Солай ету арқылы ғана бiз әрқайсымыз үшiн ең қасиеттi де құнды болатын – өзiмiздiң Тәуелсiздiгiмiздi сақтай аламыз!
Елiмiзге төнiп тұрған қауiптi сезiне отырып, бiз өзiмiздiң басты саяси мақсатымыз – ратификациялауды тоқтату, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастырудың негiзiн қалайтын ұстанымдарды толық тексеру және қайта қарау, ал серiктестер өзара қолайлы шешiмдерге барғысы келмеген жағдайда, осы интеграциялық бiрлестiктерден шығуға бет бұру қажет деп есептеймiз.
 
 Антиеуразиялық форумның ұйымдастыру комитетi

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2166
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2569
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1670