Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Мәйекті 21809 0 пікір 19 Қыркүйек, 2014 сағат 10:28

СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

О жақтан қайтқан ешкім жоқ,

Кімнен оны сұрарсың?

Омар Хаям.

 

        Биыл да еңбек демалысында Астанадан елге жеттім. Осы 2014 жылдың 29 тамызында Семейде «Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті, Орталық алаңда орналасқан еңселі де әсем драмалық театр ғимаратында. Театрдың залы адамдарға лықа толы. Антиядролық қозғалыс мүшелері АҚШ, Германия, Жапония, Ресей сияқты шет мемлекеттерден келді. Салтанатты рәсімге кездейсоқ қатысып отырып мұңлы ойларға баттым. «Неліктен полигон ай, күннің аманында сан мың адамды жалмады? Семей атом сынағын көргендер азайды,  жер бетіндегі ең ірі полигонның қасірет кітабы кәне? Сынақтар құпиясы қашанғы жабулы қалмақ?» деген ойлар сананы торлап, «білгеніңді ортаға сал, ақтар» деп тұңғиыққа тартты. Қойшы, содан әбігермін - бұрынғы жиған-тергендеріме кейінгі білгендерімді қостым. Төмендегі очерк материалдың жайы осы.

          Мен бұрынғы Семей облысының Бесқарағай ауданы Бөденелі ауылында туып-өстім. Бөденелі Орта Ертістің сол жағасында, Семей ядролық сынақ полигонының орталығы Курчатов қалашығына қоңсы мекен. Арасы 40 шақырымдай ғана. Қариялар ол күнде «Конечная», қазіргі таңда «Курчатов» деп аталатын қаланың іргесі 1946 жылдың қара күзінен-ақ қалана бастады дейді. «Ауыл жанынан дүр-дүр етіп өтіп жатқан жүк тиеген «студбеккер» машинесінде есеп болмады. Қалашық тұсындағы жиекте баржы дегендеріңіз иін тіреседі, бірі кетсе, екіншісі тұра қалады. Иен дала төсіне қала салу оңай ма, бәрінің тиегені түрлі құрылыс материалдары болатын. Төңіректегі барлық колхоздар жабылады-мыс деген әңгіме туған. Жерді тегіс босатып алу керек болды. Абырой болғанда, бұл қатал бұйрық жартылай ғана орындалып, біз өз жерімізде қалдық, әйтеуір», - дейді олар.

         1946 жылдың жазы. Америка Құрама Штаттары атом полигонына адам баласы тұруға жарамсыз «Невада» деген шөл даланы (пустыня) таңдап, алғаш рет ядролық қару сынағын жүзеге асырған. Тап сол тұста Мәскеуге жалған ақпарат жеткен сыңайлы. Дегелең, Мыржық аумағы Невада сияқты тұруға жарамсыз иен дала, құла түз деген. Қайдағы?! Сылдырлаған өзен, бұлағы мол, көк кілемдей жайнаған әзәлдән құйқалы жер бұл. Тұтастай шүйгін жайылым болғандықтан таулы аумақтың қойны-қонышы, сай-саласы ауыл-ауылдарға толы еді. Төбе-жоталар етектен кіндікке биіктеп көтеріле келе, қия-құзды, жартасты, көркем сұңғақ тау боп бітеді. Дегелең тауы біздің Бөденеліден 90 шақырымдай қашықтықта. Ауа мөлдір, аспан ашық сәттерде көгілдір түске боянып көрініп те қалады.   

         Біз, мектеп оқушылары, 1967 жылы жаз бойы Дегелең тауының нақ ортасында, шөп бригадасында болдық (жазғы демалыста үлкендермен бірге жұмыстан қалмау қадет еді ғой ол кезде). Ескі зираттар мен құдық, қора-қоныстардың орнын сонда көргенбіз. Колхоз бастығы Төкен Мұртазин обком комсомолда қызмет істеген, кім кімнің де тілін таба білетін зиялы азамат еді. Полигон бастығы, жаңылмасам, Виноградов деген генералдың қыбын тауып, келісімін алыпты. Жорғалаған тышқан да өте алмайтын құпия аумақ Дегелеңде шөп шауып, көстеңдеп жүргеніміз сол. Бригадиріміз Бигелді Ерғалиұлы Дегелеңнің тумасы еді, бір жолы тау ішіне «экскурсияға» алып шықты. Марқұм Мұхамедияр ағаның кісі таситын ГАЗ-51 маркалы мәшинесіне лықа  толып отырдық. Ана ауылдың орны әнеки, мына жұртта пәленшекеңдер тұрған деген сайын елең етіп, бүкіл Деңгелең аумағын армансыз араладық. Беу, дүние, бір кездерде адамдар шұрқырасқан, өмір қазаны бұрқ-сарқ қайнаған шұрайлы таулы алқап бұл күнде жансыз, адам тұрмақ, құс та, аң да жоқ. Кешегі сұлу да маңғаз тау толассыз сілкіністен шөккен, бетін кәрі кемпірдей терең әжімдер айғыздаған. «Мені полигон моласы қылған кім? Жазығым не?» деп өкпелегендей үнсіз жатты.

 

* * *

         1945 жылы тамыздың 6-сында АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған Б-29 маркалы әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастаған. Мәскеудің Кремлінде жайғасқан әскери «қырғилар»-ға құдай берді, көктен іздегені жерден табылғандай, керемет көрінген жаңа қаруды жасауға алақанды ысқылай, білек сыбана кірісті.

         Келер 1946 жылы Ертіс өңіріне әскерилер алғаш рет табан тіреген, әуелде бейбіт шаруашылық - қала құрылысы, жол салумен әбігер болған. Қағаздағы жоспар 3-4 жылда іске асқан. Естіп-білгенім, алғашында ядролық заряд сыналады (жер бетінде), онан соң ғана сол заряд негізінде самолеттен тастайтын жарылыс күші әртүрлі бомбалар жасалып отырған.

         Сонымен, алғашқы атом бомбасы (дұрысы заряд) сыналған уақыт - 1949 жылдың 29 тамызы, тура сағат таңғы жетіде. Әскерилер естелігінше, заряд 30 метр биіктікте, бетон бақан (столп) үстінде жарылған. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерге қадалып, онан аспанға көтерілген. Отты шардан жер қабығын ыстық күлге айналдырған сұрапыл қуат шыққан.

         Ядролық қаруды «Ақырзаман қаруы» («Оружие Судного Дня») депті бір білгіш. Кім де болса, дөп айтқан. Таяу жерге байлап қойған жылқы, тағы басқа малдардың есі кетіп, жүні, терісі жидіп түсіп қалыпты. О, тоба! Байлаулы тұрған иттің қорқыныштан жүрегі жарылыпты. Аң-құстар жантәсілім алдында жанталасып жатыпты. Жанды мақұлықтар түгілі, «бұл не пәле» деп Жер-Ана да тітіркенген шығар-ау. Сөйтіп, полигон ә бастан-ақ көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтар алаңы болған. Жарылыстар жер үстінде және ауада өткен бірінші кезеңде (1949-1962 жж.) ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде (1963-1989 жж.) жарылыстар жер астына ауысты. Бұл кездегі экологиялық апат - сулар құтты бір жер жарықшағына саулап ағып, жоғалып кеткендей болды. Арналы өзендер (Шаған, Маралды, Мұқыр т.б.) мен қыр құдықтары кеуіп қалды.

        Айтары не, Семей полигонында жиыны 456 ядролық сынақ жасалды. Елдің, тұрғындардың тағдыры көкпарға салынды демей көр. Адамдарға тигізген зардабы, усойқысы жағынан өзге бомбалар бір төбе де, ал 1955 жылғы сутегі бомбасы өз алдына бір төбе болды. Қалайша? Мұны төменіректе тәптіштеп айтамын.

         Ядролық полигон белгілі бір шарттарға жауап беруі керек. Соның бірі – сынақ алаңынан 200 шақырымнан аспайтын тұстан әскери аэродром салу. Осылайша Бөденелі ауылынан небары 6-7 шақырым жерден «№7» деген әскери ұшқыштар тұратын қала бой көтерді. Темір жол торабы тартылып, қос бүйірден екі бірдей қалашық (Конечная және №7) кезде, тұрғылықты жұртшылық мұны жақсылыққа жорыған. Өйткені, қазіргі күні қиратындыға айналған №7 қаланың дүкендері ол заманда қат тауарларға толы болды әрі ауыл мен қала арасында сауда-саттық қатынастар басталып кетті. Айнала әскери формалы адамдар жамырап, дүр-дүр машина, гу-гу техниканы көргенде: «Біз жер жүзіндегі ең мықты елміз!» деп бөркімізді аспанға аттық дейді үлкендер (төбеден әне-міне ажал уын себетін Заманақыр Тажалы төнгенін кім біліпті). Әуелде солдаттар көше-көшені аралап: «Үйде кісі қалмасын, жарылыс кезінде тек сыртта болыңыздар», - деп ескертіп жүретін-ді. Кейініректе   зеңбірек гүрс еткендей дене түршігетін зәрлі дауысқа, оған ілесе аспанға көтерілетін қара құбыжық - саңырауқұлаққа «бұл не, пәле?» деп үркетіндер қорқуын, солдаттар келуін қойды.

         Осымен, полигон зардабына ойысайын. Алғашқы зардаптар біздің ауылда 1951-1952 жылдан байқалды дейді үлкендер. Аяғын баса алмай қалған, ақсақ-тоқсақ адамдар саны күрт көбейген. Үкімет адамдары беймәлім дертті «бұл малдан жұққан бруцулез ауруы» деп жалтарып, жасыруға бұйрық алыпты.

          Ә баста сыналғандар термоядролық бомбалартұғын. Солардың ішіндегі ең қуаттысы 1953 жылдың шілде айына келсе керек-ті. Өйткені, сол жолы Абыралы, Абай аудандары ауылдарының тұрғындары 20 күнге көшіріліп, тек 40 адамның «тәжірибе жасауға» қалдырылғаны мәлім.  «Қырықтың бірі мен едім» деген мақаласында абайлық ақсақал Талғат Слямбеков айтады: «Сол күні аспан шайдай ашық еді. Ойымызда ештеме жоқ, сыртта жүргенбіз. Бір уақытта ашық аспанда найзағай жарқ ете қалды. Іле алып саңырауқұлақ көкке көтерілді. Қатты толқыннан деміккендей болдық. ...Арада екі сағат өткеннен кейін әскери адамдар тік ұшақпен келіп, бізді машинаға отырғызып, Шыңғыстың ішіне алып кетті. Осы жерде олар бізді есепке алды. Үсті басымызды дозиметрмен тексерді де, әрқайсымызға 200 грамдық стаканға толтырып, арақ берді. ...Арада бір жыл өткен соң, әлгі 40 адамның сегізін Семейге алып барып, бір жарым ай бойы тексеруден өткізді. Бізбен сөз арасында «Осының бәрі болашақ үшін» деп қояды. Сонда ғана барып, өзіміздің сынақ аймағында тәжірибе үшін қалдырылғанымызды білдік» («Қазақ әдебиеті» газеті, 22 ақпан 1991 жыл).  Осы тәжірибеге қалдырылған адамдардың басым көпшілігі «50 жасқа жетпей полигонның зардабынан көз жұмды» депті Тәкең марқұм.   

         1955 жылдың 22 октябрінде сыналған сутегі бомбасына келейін. Осы күннен адамдардың жаппай қырылуы басталғаны хақ! Себебі, зардабы сұмдық, салдары аса ауыр болды.  Сұмдығы мынада: сутегі бомбасы - тірі организмді жоюға арналған бомба. Термоядролық бомбадан ерекшелігі осы арада. Балалар мен жас сәбилер көп шетінеді. Әлі есімде, апа-әжелер беймәлім дертті «қызылша» дейтін. Себебі, баланың ыстығы көтерілетіні сонша, маңдайына қол тигізбейді, терісі қызарып кетеді, екі-үш күннен асырмай ажал құшады.

          Менің 1954 жылы туған Қабден (Ғабиден) есімді алты жасар естияр, пысық інім 1961 жылы екі-ақ күн жатып, үшінші күні қайтыс болды (мектептен келуімді тағатсыздана күтіп, күнде алдымнан тосатын інімнің қазасы жаныма батқаны-ай). Дос-құрдасым Төкен Темешұлының бір емес, екі бірдей қарындасы осыған ұқсас жағдайда көз жұмған екен. Төкен марқұмның айтқаны: «1954 жылы туған Рымғайша, 1956 жылғы Бақытжан көз жұмды. Әсіресе, Бақытжанды ұмыта алар емеспін. Ыстығы көтеріліп, екі көзі шырақтай жанып жатқан қарындасым  мал басындағы әкеміз үйге кіріп келгенде «Әке!» деп атып тұрып, әкесінің мойнына асылған күйі үзіліп кете барды».  Аязбай Нұрғалиұлы (1937 жылы туған) деген ағамыз 1954 жылы Асқарбек, Балтабек деген егіз інілерім дүниеге келген еді дейді. Амал не, «1956 жылы Асқарбек қайтыс болды, алты айдан соң 57-жылдың сәуірінде Балтабек қайтыс болды» дейді.

         Тағы айтайын, эпицентр аумағында 1954-56 жылдар арасында туылған сәбилердің бірі ерте, бірі кеш, бәрі дерлік шетінеді. Ол күнде ауылда емхана түгілі, дәрігер де жоқ, нашарлаған кісіні облыс я аудан орталығына апарған күннің өзінде дәрігер бейшара диагнозды «пәленшеден өлді» деп шимайлай салатын. Болды, бітті полигон құрбандарының есеп-қисабы жоқ. Опат болғандар еш жерде тіркелмеді, сәуле алған жандарды емдеу жайлы жақ ашқан жан болған емес. Ол ол ма, біздің ауыл - Бөденелі картада жоқ,  сызылып тасталған. Осыған аудандық архивте бірде бір ауыл тұрғынының туу туралы куәлігі сақталмағанын қосыңыз.  Бұлар көп жайды аңдататын фактілер менше.

         Сол ажал шашқан сутегі бомбасынан соң, ел ішін, әсіресе, қылтамақ (обыр) дерті жайлап алған. Шешейлер «құдай-ай, ана кісі де қылтамақ екен» десіп сыбырласып жатқанын екі күннің бірінде естиміз. Мен туған ауылыма қатысты мысалдарды ғана алып отырмын, егер 30 астам ауыл, селолар бойынша жинастырылса, қылмыстың болғанын дәлелдейтін қалың «Қасірет кітабы» қолымызда болар еді.

         Дәлділік, нақтылық жоқ жерде, қылмысты ашу да жоқ. Сол үшін сынақ шежіресі тәптіштеп тоқталуды қажетсінеді. Мәскеулік билік сол бір қиын-қыстау кезеңде халықтың аман-саулығын ойластырды ма? Өйтпеді. «Отан үшін, болашақ үшін» деп көлгірси көкіді, ол ол ма, қылмыстың ізін жасырып бақты. Алуан түрлі амалдармен алдаусыратқаны, мысалы, облыстық баспасөз бетінде жаман дерттің таралуы ыстық шәйден, түнде ет жегеннен деген көбік әңгімелерді өрбіткені есімізде. Шындық мүлде басқа еді. Ол кезде Ертістің арғы беті - қарағай ішінде орналасқан шаруашылықтар бергі сол  жағалаудан, яғни қыр төсінен жайылымдық жер алатын еді. Қазіргі Новошульба ауданына қарасты «Жданов» атындағы колхоздың (қазақша аты «Жаңа ауыл») сондай жайылымы полигон аумағына таяу «Сарыапан» деген жерде болған. Сол учаскеде Солтабай Есенжолов (жазушы Медеу Сәрсекенің қайын атасы Дүйсебайдың туған інісі) деген азамат колхоздың қойын бағады екен. Ол 1955 жылғы сутегі сынағы болатын күні ат-арбамен қасына баласын алып, Семейге азық-түлік алуға келе жатады. Өстіп, ұлы Саят екеуі радиациялық сәуле астында қалған ғой. Үйіне жеткенде өзін нашар сезініп: «Не боп қалды?» деген бәйбішесіне: «Бәле жарылыстан болды, соның кеселі» деген хәлде дүниеден өтеді. Екі-үш айдан соң 16 жасар Саят та демала тұрайын деп күндіз арбаның көлеңкесіне жантайған жерінде қайта оянбаған. Полигонның алғашқа құрбандары (бірі шофер, бірі шопан, енді бірі механизатор дегендей) осындай жым-жырт жағдайда бақилық болғаны хақ. Солтабай келіні Ғайни Есенжоловадан естіген қазалы оқиғаны  сол үшін келтіріп отырмын.

          1957 жылы тамызда Токио қаласында халықаралық күштер беделді конференцияда бас қосып (оған Мұхтар Әуезов қатысты), сутегі бомбасына тыйым салу туралы қаулы-қарар қабылдаған еді. Соның ықпалы ма деймін,  сол жылдан бастап, Семейде КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық мекемесі - №4-ші диспансері жұмыс істей бастаған. Бірақ жабық мекеменің халыққа тигізген септігі шамалы, ондағы деректер құпия түрде Мәскеуге жөнелтіліп отырды (диспансердің Гусев деген бас дәрігері сұхбат берді я естелік жазды дегенді ести алмадық). 

           Әйгілі академик радиолог-дәрігер Сайын Балмұханов өзінің «Атомный полигон моими глазами» деген мақаласында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамедқали Сужиковтің кабинетінде полигон өкілімен кездестім дейді. Өкілдің білуінше, Семей аумағында өлім-жітімнің көбеюіне дәрумендердің жетіспеушілігі, тұрғын халықтың бруцеллез, туберкулез, тағы басқа науқастарға шалдыққандығы себепкер-мыс. Ал, «ядролық сынақтың зардаптары» дегенге шаң жуытпады дейді академик.   

          Сынақтың зардабы әлі күнге жалғасуда. Жуырда Астанаға қайтар кезде көріскенімде Полина Алексеевна Забекина деген саяжайдағы кәрі көршімнің (жасы 88-де): «Әттең, кесел сол күнгі сәуледен. Өзің білетін кенже ұлым Юра ауруханада... хәлі нашар», - дегені. Елең ете қалып, сөзге тарттым. «1955 жылдың қарашасы мәңгі есімде. Біз Бесқарағай ауданының орталығы Бораста тұрдық. Жолдасым Забекин Александр Степанович ауданда 40 жыл бойы землемер маман болып істеген адам, 60 жасында обыр дерті әкетті. Сол күні балалардың қысқы аяқ киімдерін әзірлеп, пешке от жағумен жүргем. «Үйде қалмасын, сыртқа алаңқайға шықсын» деген суыт хабар жеткесін, екі баламды жетектеп, ал үш айлық Юраны қолыма ала жүгіре басып келе жатқам селоның шетіне. Кенет аспанда найзағай ойнады. Бұлтсыз көкте күннің күркірегені несі дедім бе, қанқызыл күреңіткен көкжиекке, сол тұстан әлдебір тірі мақұлықтай көтеріле бастаған саңырауқұлаққа бір сәтке аңырып қарап қалдым, қара басып. Қолымдағы сәбидің радиациялық сәулені тап сол сәтте алғаны шүбәсіз. Қазір 59 жастағы ұлымның қан тамырлары мүлде жарамсыз екен. Дәрігер қойған диагноз осы, қарағым», - деп ауыр күрсінді кейуана. Үстіде халықтың аман-саулығы мәселе ретінде қойылмады деуіміз өмірдің қаны сорғалаған шындығы. Юрий Забекиннің қасіреті сияқты сан мың фактілер құм астында қалып, тат басты қазір.

         Советтік билікке адам өмірі деген не, тәйірі?   Ядролық қарумен өкімет жауды емес, өз халқын қырып салды. Сахаров деген академиктің есебіне сенер болсақ, атом сәулесін алған адамдардың жалпы саны миллионнан  асып жығылған. Өйткені, радиоактивті заттардың бір жағы – Алтай өлкесі, екінші жағы – Үржар, Мақаншы, Зайсан аудандары жеріне жетіп, ластап отырды. Бұл ғылыми анықталып, баспасөз бетінде жарияланған жәйттің бірі.

 

* * *

        Міне, «1955 жылғы аса қауіпті сутегі бомбасы сынағына жетекшілік жасаған кім?» деген сұрақты қабырғадан қоятын кез келді. Оның жұмбағы да жоқ, жетекшілік жасаған - академик Игорь Курчатов. Полигон басшылығы тізгінін жеке-дара осы адам алған. Бірақ ол халықты сынақ зардабынан қорғауды ойластырды ма, қажетті іс-шараларды атқарды ма?  

        Жарылыс кезінде адамды радиациялық сәуледен қорғаудың жолы екеу: бірі – жамылғы, накидка беру, екіншісі – далаға шығармай, баспанада ұстау. Өзіміз куәміз, осы талаптар орындалған жоқ. Егер қарапайым шаралар (адамдардың тасада, үй ішінде болуы сияқты) орындалған жағдайда полигон қасіреті күрт азаяры күмәнсіз. Тұрғындар неліктен ажал бомбасынан хабарсыз болды? Басы ашық өткір сұрақ та осы. Сынақтар ашық-шашық жүргізілсе, бұл жергілікті халық «тәжірибелік кроликтер» болды деген сөз.  Бұл кінә ма – кінә, қылмыс па - қылмыс! Айтпақшы, радиоактивті элементтер (цезий, стронций) мен радионуклеидтер жер-суды қандай дәрежеде ластады, халыққа залалы қайсы, экологиялық апаттың картасы кәне деп ізденгені үшін облыстың басшысы, жоғарыда аты аталған Сужиков қызметінен қуылды.         

          Сутегі бомбасына оралайық. Ол 1955 жылдың 22 қазанында 1500 метр биіктікте жарылды. Бомбаның қуаты 480 килотонн! Масқара, Семей қаласындағы үйлердің қабырғасы қақырап, терезе шынылары быт-шыт сынды. Оның қуатын осыдан-ақ шамалаңыз. Сутегі бомба сәулесі адам ағзасына, жан иелерін құртуға бағытталады. Айырықша залалды болуы содан.

          2001-ші жыл шамасында Бөденеліге барып, сутегі бомбасы сыналғанда туылғандар жайлы журналистік зерттеу жүргіздім. Қасыма ауыл дәрігері Керімбай Баймұратовты алдым. Менің «Кәне, кімдер бар, кімдер жоқ?» деген сұрағыма, ол аз-кем ойланып ап: «Мамыржанов Қайырғазы, Солтанов Сайлау, Шрәмбеков Құдайберген, Әбдірахманова Риза, Мейірбеков Орал, Қайыркенова Ардақ, Сәденов Әшім – бұлар 1954 жылғы, Солақаев Серік, Ахтанов Серік, Қалабаева Дәметер, Жұмабаев Ықылас – бұлар 1955 жылғы...», - деп есіне алып санамалай бастаған. Бәрі өзім жақсы білетін, көз алдымда өскен ауыл жастары. 2012 жылы тізім тағы толықты,  мұғалима Жармашева Әсия дүниеден өтті. Қысқасы, Бөденелі жастарының бақиға ерте аттануы - сутегі бомбасының салдары.  Өзгедей себепке өз басым сене алмаймын.  

          АҚШ үкіметі Невада атты атом полигоны мен Жапония Хиросима, Нагасаки қалаларының тұрғындарын асқан қамқорлыққа бөлеген көрінеді (олардың орта жасы 82 жасты құрайды деседі). Тек тоңмойын Мәскеу ғана міз бақпады. Зардап шеккен адамдарға я табиғатқа деп соқыр тиын да бөлген емес,  ең құрығанда кешірім сұраса нетті Семей халқынан... Ядролық қаруды сынағандар арасынан тәубеге келген - әйгілі академик Андрей Сахаров қана. Ол «тарихтың сотына қалғым келмейді» деп сынақты жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты (сол үшін абырой-беделге де бөленді сабаз).

         Ядролық полигонның жеке-дара қожасы Курчатовқа қайтып оралайын.

         О, құдірет, қырғын, бірақ жым-жырт өткен соғыс бар ма әлемде? Бар. Ол - Семей жерінде өткен ядролық майдан.  Өкініштісі, сол тыныш майданның тактикасы мен стратегиясын әскери шенділер емес, ғалымдар тобы жасады. Қалың елдің ортасына 480 килотонна бомбаны жарғанға кім жауапкер дегенде, әсіресе, Курчатовты ақтап алу қиын-ақ. Апыр-ай, зарядтың жарымын ғана салса ше? Не, сынақ сынақ болмай қала ма?  Құдандауи, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп бар пәлені Сталин, Берияға сырғыта салуға 1955 жылы олар өмірде жоқ. Құдайдың көзі әділ, сол жолы бейқам елді жайратқан Курчатовтың өзі де өлімші дозаны алды (1960 жылы дүниеден өтті).

         Реті келіп тұрған соң жаза кетейін, ядролық физика ғылымындағы жарық жұлдыздар - Харитон (термоядролық бомбаның авторы, яки әкесі), Капица, Зельдович, Ландау, Лифшиц, Сахаров (сутегі бомбасының әкесі) және Тамм. Ал Курчатовқа төрден орын тиген емес. Неге? Оның себебі ана бір жылдар ашыла бастағаны сол еді - сап тыйылды. Бақсақ, Курчатов біз дескендей ғұлама ғалым емес. Ол «сынақтарды ұйымдастырушы», «жетекшілік қабілетімен ғана көзге түскен». Мемлекеттік қауіпсіздік (НКВД, КГБ) және барлаушы органдармен «тонның ішкі бауындай байланыста болған» (атом бомбасы сияқты мемлекеттік құпияда басқаша болуы мүмкін де емес).  Әріптес ортасы Курчатовты әсте жақтырмаған, оған «теке сақалы үшін «козел» деп ат қойған». Мен 1993-94 жылдары орыстың шыншыл журналистері жазбаларынан оқып үлгерген үзік-үзік деректер осылар.

         Сутегі бомбасы үшін  Социалистік Еңбек Ері атағын алған (үшінші рет) академик Курчатовтың ғалымдық қабілет-қарымы қандай? Оны Мәскеудің басына көтеріп, түк білмегенсігені несі? Бұларда шаруамыз жоқ. «Жергілікті тұрғындарды сәуледен қорғау һәм емдеу мәселесін көтермеген басшыға қазақ жерінде білдей бір қаланы атау, әспеттеу – әділеттілікке жата ма?!». Біз осынау адамгершіліктің талабын қоймақпыз. Әркім өзі ойлансын, 30-шы жылдардағы аштықтың «авторы» Голощекиннен сутегі бомбасын жаруға барған ғалымның қай жері артық? Көзі қарақты қауымды ашындырып толғантатын да, мұңайтып торықтыратын да осы жәйт.

        Шәкерім Құдайбердіұлы «Сен ғылымға» деген өлеңінде:

                                            Шын залымға берме ғылым,

                                            Ол алар да оқ қылар.

                                            Қаруым дер, кісі атып жер,

                                            Ол ғылымды айла етер.

                                          ... Әрі залым, әрі ғалым,

                                             Ел түбіне сол жетер, -

десе, сол ғалым-залымның бейнесі еріксіз еске түседі.  

         Ешкімді мазаламай жым-жырт жағдайда, көздері жаудырап дүниеден озған мыңдаған аруақтар қашанғы күңірене бермекші? Қанды тәжірибелер алаңы болған өңірден теке сақал мұндардың есімі қашан біржола өшіп, аты жоғалар екен? Бұл-бір. Екінші келелі мәселе, Семей атом полигоны - жазылмаған жарамыз.  Обыр (рак), ақ қан (лейкомия), иммунитетсіздік т.б. радиациялық сәуле кеселдері түп-тамырымен жұлынды деуге әлі ертерек.

         Сөз соңы, Қазақстан егемендік алғанда 1992 жылы «Полигон туралы» Заң жарық көрді. Ол бойынша 1949-1953 жж. арасында туылғандар 50 жаста зейнеткерлікке өтуге мүмкіндік алған. Өткен жылы аталмыш Заң жаңартылып, 1953-1958 жж. туылған азаматтар қамтылды. Өстіп, ядролық полигон эпицентрін мекендеген ел толайым қуанышқа бөленді. Үкіметімізге халық атынан мың да бір алғыс! Енді заңның күші тағы бес жылға - 1963 жылға дейін ұзартылса (ауадағы жарылыстар осы жылға дейін созылды ғой).  Қамкөңіл азаматтардың (олардың қарамы онша көп емес) осынау арман-тілегі құзырлы органдар мен халық қалаулыларына естілсе екен. Иә, өлгендер қайтып келмейді, бірақ ядролық тозақ отынан тірі қалып, арамызда жүрген бауырларға қарасу, әлеуметтік қорғау - адамдық парызымыз әрі әділеттілік талабы дейміз.

Асан Омаров,

ғалым-журналист.

Астана-Семей-Астана.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2166
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2569
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1670