Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 8104 0 пікір 19 Қыркүйек, 2014 сағат 22:17

ПАВЛОДАРДА АЙМАУЫТОВҚА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

 Бүгін Павлодар қаласында қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, педагог-ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 125 жыл толу айтулы датаға орай ескерткіш ашылды.  

Алаш зиялысының құрметіне арналған ескерткіш Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының алдында орнатылды.

- Мүсіннің биіктігі 3,6 метрді құрайды. Ал тұғымен бірге биіктігі - 7,6 метр. Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші қоладан құйылған, тұғыры қою қара түсті жылтыр граниттен соғылған. Ескерткіштің авторы - астаналық мүсінші Ермек Тоқтаров. Қала тұрғындары мүсінді көріп, Алаш ардақтысының алып тұлғасын, даралығын көзге елестетеді. Себебі, мүсіншілер бірінші кезекте жазушының бейнесіне мән берген, - деп хабарлады мәдениет басқармасынан.

Қаламгер ескерткіші «Керемет-ПВ» ЖШС-тың, жергілікті іскер кәсіпкерлердің демеушілік көмегі арқасында бой көтерді.

         Ескерткіштің салтанатты ашылуынан кейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-де республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.  

Сонымен қатар, бүгін сағат 18.00-де қаламгер есімі берілген облыстық қазақ театры 25-ші өнер маусымын Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов бейнесі сомдалатын «Ар алдаспаны - Аймауытов» қойылымымен ашылады. Бұл біртуар тұлға - Жүсіпбек Аймауытовтың сахналық бейнесін паш еткен алғашқы пьеса. Қойылым авторы – ҚР Халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай. Пьеса сюжетінде атақты жерлесіміздің Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаевтармен кездескен сәттері де паш етіледі.

«Ар алдаспаны - Аймауытов» спектаклі Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық театрлар фестивалінде көрерменге жол тартқан болатын.

Жазушы мерейтойы туған жері - Баянауыл ауданында да жалғасын табады. 20 қыркүйек күні «Ардақты Алаш азаматы» атты музыкалы-әдеби кеш және ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар Баянауыл ауданы Мойылды алқабында өтеді деп жоспарланған.

Айтулы мерейтойға арнайы келген қонақтар: Ғалым Жайлыбай, Әкім Тарази, Ғарифолла Есім, Әшірбек Сығай, қаламгердің немересі Рима Аймауытова мен Василий Аймауытов және жазушының аталас туған-туыстары, Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері. 

Қазақ зиялы қауымының ірі тұлғасы, атақты қаламгер, драматург, Алашорда қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың кіндік қаны тамған Баянауыл өңірінен бір уыс топырақ жазушы жерленген Мәскеу қаласындағы Ваганьковский зиратына 5 қыркүйек көмілген болатын.

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алу күні Павлодар қаласында өткен митингте облыс әкімі Қанат Бозымбаев Алашорда қайраткері Ж.Аймауытовтың сүйегі жатқан зиратқа туған жері – Баянауылдан топырақ апарып, басына дұға оқып, Павлодар облысынан арнайы делегация жіберу туралы бастама көтерген болатын. 

Облыс әкімінің бастамасымен Мәскеу қаласына қаламгердің туған жерінен алынған топырақты Павлодар облысының делегациясы: зиялы қауым өкілдері мен жазушының туған-туыстары жеткізді.  

Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын Ресей Федерациясының Орталық архивінен Жүсіпбек Аймауытовтың сүйегі Ваганьковский зиратында «бауырластар қабірінде» (общая могила) жерленген деген жауап-хат келген еді. Бұл үлкен қабірстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген.

 

Капсуланы табыстау рәсімінде Ж.Аймауытовтың немересі Рима Аймауытова мен ҚР Жазушылар одағының мүшесі, журналист Сайлау Байбосын қаламгер өмірі мен шығармашылығы туралы сөз сөйлеген еді.          Одан кейін павлодарлық делегация Ұлы Отан соғысы жауыргерлері ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан болатын.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2165
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2569
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1669