Сәрсенбі, 27 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9304. Жазылғандар — 4746. Қайтыс болғандар — 37
46 - сөз 4234 0 пікір 30 Қыркүйек, 2014 сағат 08:54

Бауыржан Бабажанұлы. Әңгіме

Қар астында қап кеткен арман боп шын,
Бұлқынады бәйшешек… жетем дей ме.
Сенем, иә, қоңырау шалған жоқсың,
Телефон ғой басылып кетер кейде…

Талғажау етем кейде ой сындырып…
Осылай талай-талай өттім жолды.
«Мен өлең оқымаймын…» — дейсің күліп,
Мен де жыр жазбағалы көп күн болды.

Анда-санда түсіме кіреді ұя,
Қанатыңды қаға алмай қалған едің…
«…мен сені сағынбаймын!». Білем, иә,
Сағыныш — дерт қой, беті аулақ оның.

Мен мықтымын, сезімді… ұтып тындым,
Бұрағанда көңілдің құлағын күй.
«Асығыспын, біреуді күтіп тұрмын…»
Ойымыз да бір жерден шығады ылғи.

Деуші ең бұрын: «Сен қатты күйреуіксің»,
Енді , міне: «Көп іске араласып…»
…Сен өтірік айтуды үйреніпсің,
Мен де сөйтем кей-кейде қара басып…

0 пікір