Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 9989 0 пікір 1 Қазан, 2014 сағат 10:47

«Бастағы бақты бағалай алмай жүрміз»

Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ:

Қазақ қызының бойына тән тектілікті, ана тілге деген адалдықты бойтұмар еткен тіл жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы елдегі білім-ғылым, отбасы мәселесі, ұрпақ тәрбиесі туралы аз айтып жүрген жоқ. Әсіресе, мемлекеттік тілдің ахуалына келгенде өзгелерден қарағанда анағұрлым алаңдап жүретін Оразкүл апаймен 22 қыркүйек – Қазақстан Халықтарының тілдер мерекесіне орай сұхбаттасып қайтқан едік.
– Оразкүл Асанғазықызы, сізді халық ана тіліміздің жанашыры ретінде жақсы біледі. Бүгінде елордадағы бұрын бір тілде болған көше, мекеме, автобус аялдамаларының атаулары екі тілге көшіп жатыр. Бас қаламыздағы туған тіліміздің жандануына бір кісідей үлес қосқан Сіздің осыған алып-қосарыңыз бар ма?
– Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасында жүрген кезде қолдағы бар Тіл туралы заңның толық мүмкіндігін пайдаландық. Қазір біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере алмай жүрміз. Конституциямызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Сондықтан қазақ болып туған әр азамат өз тілінің мемлекеттік тіл екендігіне мақтанып, сол тілде сөйлеу керек. Заңымызда да, бағдарламаларда да «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп соқырға таяқ ұстатқандай жазылған. Мәселен, Астана халқының 72 пайызы қазақтар. Оған түркі тілдес халықтар мен мемлекеттік тілді еркін меңгерген славяндарды қосыңыз. «Қуана білгенге құт қонар, бағалай білгенге бақ қонар» деп қазақ айтпақшы, он адамның 7-8-і жүрген-тұрған жерінде өз тілін мемлекеттік тіл дәрежесінде көтеретін болса, онда бізге одан артық ешнәрсенің керегі жоқ. Біз бастағы бақты бағалай алмай жүрміз. Кезінде такси мен автобус, жалпы жүргізушілер: «Екі тілде жазылған кезде әріптер майда болып кетеді, алыстан оқылуы қиындайды. Әріп біреу, сондықтан көшенің атын бір тілде жазайық» деп өтініш жасаған. Оның үстіне қала халқымен өткізген жиналыстарда да «Қажеттіліктің бір тетігі болсын. Бәленбай жыл қазақ тілін оқып жатқанымыздың нәтижесін көрсетейік» деп ұсыныс тастаған соң Астанадағы көше мен аялдама атауларын мемлекеттік тілде ғана жаздық.
– Баспасөзге берген бір сұхбатыңызда егемен ел атанғалы бір ғана Заң жобасы қазақ тілінде қабылданғандығын тілге тиек етіпсіз. Ендігі жерде қазақ тілінде заң қабылдау жағы қалай реттелер екен?
– Қазақ тіліндегі заңдардың кемшілігі жөнінде сессияны жабатын кезде Мәжіліс төрағасы өте қатты айтты. Біздің депутаттардың жыл бойы айтқанын қорытындылап түсінетін адамға түсінікті тілмен жеткізді. Тіпті, Ұлытаудағы сұхбатында да Елбасының өзі бұл мәселені қайта көтерді. «Өз үйінде сызу сызбаған адам кісінің үйінде ою оймайды» дегендей, министрліктер мен агенттіктерден келетін құжаттардың қазақ тілінде қате болып келетіні осыдан. Өйткені, олар өзінің министрлігінде қазақ тілінде жазбайды, сөйлемейді. Парламентке келіп сөйлеймін дейді де сөзі қате шығады, жазып әкелгені екілік алған оқушының дәптері секілді қызылға боялады. Сондықтан қазақ тілі алдымен олардың мекемелерінде енгізілуі керек. Меніңше, министрліктерде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің ең төте жолы – қазақша құжат жазып әкелген қызметкерден орысша жазуды талап етпеуге тиіс. Мәселен, құжаты мемлекеттік тілде дайындалса, қызметкер оны орыс тіліне өзі аударады. Ал, керісінше орыс тілінде болса, қазақшаға аудармашы тәржімалайды. Қазір кез келген мекемеде 90 пайыз қазақтың қыз-жігіттері жұмыс жасайды. Ілеспе аудармашы арқылы сөйлей алатындар. Олардың дені қазақ тілінде жаза алады. Олар өз тілінде жазатын болса, сонда заңымыз да қазақ тілінде сауатты болатын еді. «Келген заңдарда қате жіберілетін болса ол қызметкерге шара қолданылады» деген заң қабылданды. Заң күшіне енді, ендігі жерде аяқтарын тартатын шығар.
– Мемлекеттік қызметке үміткерлер қызметке тұру үшін 4-5 жылдан бері тест тапсырып жүр. Мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың жалпыға ортақ отандық жүйесі болып саналатын «Қазтест» өз міндетін қаншалықты орындауда?
– «Қазтест» о баста дұрыс сараланбай жасалған бағдарлама. Бірізділік жоқ. Балабақшадан бастап мемлекеттік қызметкерге дейін «мынау осынша сөз білу керек» деген талап қойылмаған. Алдымен осыны анықтап алу керек еді. Мәселен, балабақшадағы балалар 200 сөз білу керек, бастауыш сынып осынша сөз. Балабақшаны бітірген бала қазақтың 200 сөзін күнделікті өмірде қолдана алатындай дәрежеге жеткен соң арнайы сертификат тапсыру қажет. «Қазтест» әріпті басу ғана емес, эссе жазу, ісқағаз дайындау секілді тапсырмамен толығуы тиіс еді. Қызметкер «Қазтесттен» өткенімен қызметке келгенде қазақ тілінде жаза алмайды. Аз білсе де күнделікті лездеме жүргізгенде, шақыру немесе телефон хат жіберген кезде қазақша жазса дағдыға айналдырар еді. Ал қазір күніне он қағаз жазатын болса олар соның біреуін де қазақша жазбайды. Білмейді емес, біледі. Бірақ, дайын тұрған орыс тіліне ауысып кете береді. Сондықтан мемлекеттік мекемеде «Қазтестті» тапсырып келгендердің нақты есебі сақталуы қажет. Жүз қызметкердің 25-іне таза мемлекеттік тілде іс жүргізуіне жағдай жасау керек. Ол үшін қазақ тілінде құжат әзірлейтін қызметкерден орысша жазуын талап етпеуге тиіспіз. Оның қазақша жазған құжатын керек адам өзі аударып алсын. Бүгін орыс тілінде құжат дайындаған қызметкерден қазақ тілін міндеттемейді. Ал қазақ тілінде дайындаған адамға орысшасын өзі жазып келуді жүктейді. Мемлекеттік қызметте істеп жүрген жастар: «Қазақша жазсам департамент бастығы немесе вице-министр қазақша білмейді, орысша жазғанымды қалайды. Екі тілде жазып жүргенше, орысша жазғаным жеңіл», – дейді. Бұрын әрбір министрліктегі Мемлекеттік тілді дамыту департаментінің ісі шаш етектен болатын. Қазір жұмыстың барлығын аудармашыға итеріп тастады.
– Жазушы Мұхтар Әуезов «Өзінің ана тілін білмеген, сыйламаған адамды толыққанды мәдениетті деп санауға болмайды», – дейді. Сонда біздің туған тілін білмейтін, бірауыз сөйлей алмайтын бүгінгі басшыларымызды қай топқа жатқыза аламыз?
– Әуезов секілді әлемнің небір мықтыларының тіл туралы қанатты сөздері бар. Ата-бабаларымыз «Жеті ұлттың тілін біл, бірақ ең басты тіл – қазақ тілі» деген. Әр қазақ жатса-тұрса өз баласының алдына осыны мақсат етіп қойсын. Ал енді мен министрлерге, әріптестеріме не айта аламын? Мүмкін олар Әуезовті оқымаған шығар. Меніңше, өзін-өзі сыйлаған адам өзінің сол ұлттың өкілі екенін мақтаныш етіп, сол елдің тілінде сөйлеу керек. Өзге тілді білгенін міндет қылмай, керісінше, ана тілін азамат ретінде еркін меңгеруді мақсат етіп қою керек. Ресейдің думасына депутат сайлайтын кезде біздің Алаш арыстары «жақсы адамдарды сайлау керекпіз» дейді. Жақсы адам болу үшін депутат болу шарт емес, ал депутат болу үшін жақсы адам болу керек. Ал жақсы адам деген өз елінің тілін, салт-дәстүрін, тарихын, түбін білетін текті адам болуы тиіс. Сондықтан Құдай жазып, бақтарын ашып депутат, министр болғаннан кейін туған тілінде сөйлесе қанекей? Адам ретінде, қатар құрбы ретінде барлығының алдынан өттім. Айтпаған адамым қалған жоқ.
– Мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген екен. Медициналық мекемелердегі мемлекеттік тіл туралы айтудың өзі артық. Ауруханалардың тілін «емдейтін» уақыт келген жоқ па?
– Тілдерді дамыту басқармасында жүргенде ауруханалармен күнделікті жұмыс істеп, қазақ тіліне біршама бет бұрғызған едік. Дәрігерлердің 90 пайызы қазақтар. Астанадағы дәрігерлердің көпшілігі ауылдан келген қазақтар. Медициналық академияларда қазақ тілі өте жақсы оқытылады. Қазақша білмейтіндердің қасында аудармашы отырсын. Орыс тілін білмейтін науқас ешқандай жәбір көрмеуі тиіс. «Дәрігер дәрімен емес, сөзімен емдеу керек» дейді ғой. Сондықтан кез келген дәрігерге мемлекеттік тілді үйрену міндеттелуі қажет. Осыны науқастардың өзі талап етсін. Конституцияда, Тіл туралы заңда да бар қызметкер қазақша сөйлеспей жатса, қажетті құжатты қазақша бермесе, прокуратураға арыз жазсын. Мысалы, құқығымыз бұзылса, Президент әкімшілігіне дейін жетіп барамыз, ал қазаққа қазақша сөйлемесе, яки қазақша жазбаса, мұны айтпаймыз. Орыс тілінде ғана құжат берсе, «Заңның 19-21-бабын бұзып отыр, менің моралдық құқығымды бұзды» деп жазсаң, ақша табасың, ең бастысы мемлекеттік тіліңді қолданысқа енгізе аласың. Бұл құқық қорғау органдарына да байланысты. Қазақ тілінде құқық қорғау органына жәбір көргенін немесе өзінің кінәсіз екенін қазақ тілінде айта алмай отырғандар болады. Құқық қорғау органына қарасты академияларда, университеттерде қазақ тілінің қолдану аясын дамытатын арнайы стандарт жасалғаны жөн. Кеудесінде сәл ғана намыс болса, әрбір адам мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі екенін түсінуі керек. Ал «Сақшы» газеті тіл туралы күнде бір мақала шығарып, құқық қорғау органдарының мемлекеттік тілі нашар немесе жақсы мекемелерін ашық жазсын.
– ІІМ-де, аймақтарда өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеуіне бірден-бір себеп болатын «Парасатты полицей» жыл сайын байқауы өтеді. Осы байқаудың ережесіне енгізілмеген ерекше идеяңыз бар ма?
– Байқауға бола ғана қазақша жаттап келген адамға емес, мемлекеттік тілді күн сайын қолданып, отбасылық тілге айналдырғандарға марапат берген жөн. Сол байқау ұйымдастырылатын кезде қатысып жатқан команданың әрбір мүшесінің отбасылық тіліне, балаларын қазақ мектебіне бергенін біліп алу қажет. Жарыс кезінде ол қызметкерге ұпай қосу керек. Жылына бір байқау өткізіп қоя салмай, ай сайын ұйымдастырса, нұр үстіне нұр. Мемлекеттік тілді насихаттайтын күнделікті іс-шара өтіп тұруы керек. Қазақ тілін өз бетімен үйреніп алғандарды насихаттау қажет.
 Тегін қазақ тілі курстарынан гөрі ақылы ағылшын, орыс тілі курстарына барғысы келетіндердің қатары жетерлік…
– Өйткені, қазір орыс немесе ағылшын тілінде істейтін фирмалардың жалақылары жақсы. Мемлекеттік мекемелерде орыс тілінің қолдану аясы қазақ тіліне қарағанда көбірек.
– Демалыста жұртпен жүздесіп, аймақтағы халықтың хал-жағдайын біліп қайттыңыз. Сайлаушыларыңыз Үкіметке жеткізе алмай отырған сан сауалдарын өзіңіз арқылы жеткізген болар.
– Бұл жолы Алматы облысының бірнеше ауданына барып қайттым. Соның ішінде, Панфилов, Шонжы мен Іле аудандарының халқымен кездестім. Халықтың көңіл-күйі, тұрмыс-тіршілігі жақсы. Өйткені, қазір жұрттың барлығы еккен егіндерін жинап, мәре-сәре болып жатқан уақыт. Әрине, олар бізді көргеннен кейін міндетті түрде сауалдарын қояды. Негізгі сауал әйелдердің зейнет жасын қысқарту болды. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көп пайдасы тигенін, дегенмен бөлінген қаражат ауылға барған жас мамандардың үй алуына жетпей жатқанын сөз қылды. Себебі, қазір ауылдық жерлерде үйдің құны көтеріліп жатыр екен. Одан кейін азық-түлік бағасының көтерілуі, ауданды газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету жайлы да жұртшылық жан-жақты білгісі келеді. Ал, Қорғастағы мектепте өткен кездесуде көптеген мұғалімдер мен ата-аналар ҰБТ-ға байланысты өз ойларын ортаға салды. «ҰБТ оқушының білімін толық көрсетпейді, баланың мүмкіншілігін толық ашпайды. Оның орнына шығарма, эссе жаздырып, ауызекі тілде айтып жеткізуіне мүмкіндік берсек» дейді олар. Кез келген аудиторияға барсам болды, мені көрген кезде халықтың көтеретін екі мәселесі бар. Біреуі – отбасының беріктігі, екіншісі – мемлекеттік тіл. Бұрын БАҚ бетінде Шонжы ауданының тілі туралы біраз сыни пікірлер айтылған болатын. Бірақ бас сұққан кез келген мекемеде мемлекеттік тілдің қолданылуы өте жоғары. Аудан азаматтары қазақша сөйлеп тұрғанда олардың қандай ұлт екенін айыра алмайсың. Мені көрген соң ба, Іле ауданында болған кезде де өзге этностың өкілдері қазақ тілінде ғана сөйледі.
– Бүгінгі бесіктен белі шықпаған балалардың қатыгез болуы немесе сәл ғана қиыншылыққа төзе алмауы жиі орын алады. Бұл үйдегі ата-ананың кінәсі ме, әлде мектептегі тәрбиенің аздығы ма?
– Оның барлығы көгілдір экранның кері әсері. Балалар қазір кітап оқымайды, есесіне небір сұмдық фильмдерді көреді. Сосын кино кейіпкерлеріне еліктейді. Ал кеше ғана сыныптасын өлтірген баланың әкесі тастап кеткен. Ол өмірге ашулы, бала болса да көкірегінде шер қалады. Сол үшін ажырасатын ата-ана өзінен бұрын баланың болашағын ойлауы керек. Астананың өзінде ғана мыңдаған әке Алла берген баласына алимент төлемей қашып жүр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, қатыгездік баладан емес, ата-анадан басталады. Меніңше, баланың қатыгез болуына мектеп емес, отбасы кінәлі. Баланың қалыптасуы ана құрсағында қалыптасады. Осыны білген әжелеріміз кезінде келіні жүкті болған кезде құрсақшашу берген. Ол келіннің жерік асын қандырайық, көңілін көтерейік деген ұғымнан туған. Қазір келінге қарап жатқан ене де, қоғам да жоқ. Менің ойымша, елімізде осы дәстүрлі әжелер институтын жаңғырту қажет. Әрбір халық өз дәстүріне сүйеніп, оны бүгінгі озық жаңалықтармен сәтті сабақтастырса, қоғамның рухани әлеуеті де, мәдениеті де өрістемек.
– Ұстаз деген ардақты есімді елең қылмайтын оқушылар көбейді. Оқу жылы басталмай жатып мұғалімнің ар-намысына тиетін бейнежазбалар тарап кетті. Ұстаз беделін қалай көтере аламыз?
– Ұстаз беделін көтермей, ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес. Ұстаз беделін ата-ана көтеру керек. «Сүйегің менікі, еті сенікі» деп ата-әжелеріміз айтып отыратын. Ал қазір «балалардың құқығы» дейміз де, мектептің ішкі жұмысына ата-аналар қатты араласып кеткен. Дұрыс емес, үйіңде балаңды тәрбиелеп, оқытып ал. Ал мектепті сыйлау керек. Мұғалім туралы балаңның көзінше жаман әңгіме айтуға болмайды. Келіспей қалған жағдайда жеке отырып сөйлес. Одан кейін биліктегілер мектеп мұғалімін қайда болса сонда жұмсайды. Ұстаз беделін қоғам, билік, ата-ана бағаламаса, бала биікке көтереді деу артық.
– Отандық БАҚ-қа қандай сипаттама бере аласыз?
– Телеарналардың барлығын «Шалқар» мен «Қазақ» радиоларынан үлгі алуға шақырамын. Әр қазақтың бойына ұлттық рухты сіңірту үшін алысқа бармай-ақ қос радионың репертуарын тыңдасаң жетіп жатыр. «Бешбармақ» деген шоу ашты. Не деген сұмдық? «Бешбармақ» деген қазақтың сөзі жоқ. Бармақ бесеу емес, біреу ғана. Кезінде көршілер бұл сөзді «бес саусақпен жейсіңдер» деп бізді мазақтап шығарған. Ал оны біз келіп бүкіл республикаға, Тәуелсіздіктің осындай жылында шығарып жатыр. Бұған әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай отыр. Кейде Алла берген дарынмен танымал болған азаматтар осы туралы айтқан Қаныш Сәтпаев, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Қонысбай Ескендірлердің пікірлерін оқымағанына қиналасың. Мысалы, Ресей журналистері орыс тілінде жоқ осындай сөздерді қолданғаны үшін шара қолданатын заң қабылдады. Ал бізде қазақтың бетке ұстар қыздары «Тойbeststar» секілді бағдарлама жүргізіп жүр. Телеарнаға қарауға жүрексінетін күнге жетіп отырмыз.
– Әріптестеріңіздің арасында қазақша концерттерден, айтыстардан өзіңізді жиі көріп қаламыз. Мұндай жиындарға жүрек қалауыңызбен барасыз ба, әлде қызметтік дәрежеңіз себепкер бола ма?
– Депутат болмай тұрғанда-ақ Оразкүл осындай ортадан өз жүрек қалауымен табылатын. Біз азаттықты аңсап өстік. Кезінде өзім де бірнеше концерт ұйымдастырғанмын. Сол кездері концерттің бағдарламасына 20 нөмірдің ішіне бір нөмір домбыраны қоса алмай жылаған кездеріміз көп еді. Домбыраны сахнаға шығара алмай шырылдаған кезіміз болған. Айтыс өнерін сахнадан аластатып тастаған. Қазір Алла тағала қазақтың маңдайына небір талантты ұл-қыздарды берген. Енді айтыс өнері қайта оралған кезде қалай үйде отыра аламын? Өйткені, өзім де, отбасым да уақыт болса концерттен, театр қойылымдарынан, айтыстардан қалмаймыз. Құдай қазақтың қуанышынан қалдырмасын!

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ

BAQ.KZ

 

0 пікір