Жұма, 30 Қыркүйек 2022
Қоғам 4567 0 пікір 1 Қазан, 2014 сағат 10:50

ШКОЛЬНИК ЖӘНЕ ЖАНАРМАЙ ЖЫРЫ

Өткенде ел аумағында тағы да жанармай тапшылығы қатты сезіліп, қалың бұқара ұлардай шулап қалған еді. Жанармай құю станцияларының алды ұзақ сонар кезекке толып, екі адамның басы қосылса «мұнайдың үстінде отырып, 23 жыл бойы жанармайға жарымағанымыз қалай?», - деп халық билікке кезекті рет өкпе-наз айтқан. Билік былқ етпеді. Арада біраз уақыт өткенде жанармай тапшылығы ептеп жойыла бастады. Энергетика министрі Школьник кеше «Қазан айында жанармай мәселесі шешіледі. Қазіргі кезде жанармай Ресейден әкеліне бастады» деді.

Школьник бұл сөзді Атырауда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық форум кезінде айтты. Ал, форумда қазба байлықтарды бірлесе игеру және АЭС-ты бірігіп салу туралы келісімдерге қол қойылатыны күні бұрын белгілі болған. Сонда Школьник жанармай мәселесінің түйінін шешуді жоғарыдағы келісімдердің қол қойылуына дейін созып отырғандай әсер қалдырады. Және жанармайды Ресейден таситындарын қуана хабарлайды.

Бұл кездейсоқтық па? Әй, қайдам... Өйткені, Школьниктің өзі де, ұлы да  солтүстіктегі көршімізге қарап әрекет ететіні жөнінде көптен бері айтылып жүр. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» http://abai.kz/post/view?id=1450.

Қазақстанда үш бірдей мұнай өңдеу зауыты бар. Атырау, Шымкентте, Керекуде. Үш зауыттың да жұмыс істегенінен тоқтап тұрғаны көп. Ал, аса ірі экономикалық жобаларды іске асырып, дамыған отыз елдің қатарына қосылуға қарекет қылып жатқан Қазақстан әлі күнге жанармай нарығында Ресейге тәуелді. Жанармай шығарып, тым құрыса ішкі нарықты қамтамасыз ету туралы сөз мүлдем болған емес. Енді қазба байлықтарды Ресеймен бірлесіп игере бастаймыз. Ресейсіз өз дүниемізді игеру, иелену мүмкін болмай бара жатыр...

Abai.kz

0 пікір