Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7150 0 пікір 14 Қазан, 2014 сағат 08:36

КӨЛІК БАСҚАРУҒА СЕНІМХАТ АЛЫНЫП ТАСТАЛАДЫ

Көлік құралын басқаруға сенімхат жойылады. Бұл туралы кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім етілген.

ҚазАқпарат жазғандай,  Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, мемлекет рөлін шектеу және нарықтың өзін-өзі реттеуін дамыту үшін кәсіпкерлерге қатысты тексерулерді ұйымдастыру және жүргізу тәсілдері қайта қаралмақ. Бұл ретте жеке салаларда, атап айтқанда санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, өрт қауіпсіздігі, салықтық әкімшілендіру салаларында тексерулерге балама ретінде камералдық бақылау, аудит немесе сақтандыру шаралары енгізіледі.

«Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тарату рәсімі айтарлықтай оңайлатылады, сосын құрылысқа рұқсат алу кезіндегі рәсімдердің мерзімі және саны қысқарады. Бұдан бөлек, жер пайдалану саласында жерлерді нысаналы мақсатта пайдалану түрлерінің жіктеуіші толығымен жойылып, елді мекендер үшін жер учаскелерінің функционалдық нысанасының 3 үлгісі енгізіледі, олар: тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық», - деген Қ. Өскенбаев.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауда азаматтардың негізсіз шығындарын жою мақсатында құжаттар көшірмелерін міндетті нотариалды куәландыру, коммерциялық мақсатта пайдаланылмайтын, пайдалану мерзімі 7 жылдан аспайтын жеке автокөлікке техникалық байқау, сондай-ақ көлік құралын басқаруға сенімхат жойылады.

Абай-ақпарат

0 пікір