Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 9061 0 пікір 15 Қазан, 2014 сағат 15:08

ҚЫЗЫЛОРДА: ЖАНҚОЖА БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Қызылорда жұртшылығы бұл күндері ұлт азаттық қозғалысының қолбасшысы, халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдығын кең көлемде атап өтуде.

Бүгін Қызылорда теміржол вокзалы алаңында ұлт азаттық жолындағы күрестiң қас батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының ескерткіші ашылды. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, жиналған қалың көпшілікті қуаныштарымен құттықтады. - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, отанымыздың қасиетті байтақ даласын дұшпаннан қорғаған батыр бабаларымызды ұлықтап, лайықты құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз деген болатын. Бүгін міне, халқымыздың тұтастығы мен еліміздің бірлігін ойлаған ұлт азаттық көтерілістің бас қолбасшыларының бірі, Сыр бойынан шыққан қас батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлына арнап облыс орталығында батырдың зәулім ескерткішін орнатып отырмыз. Бұл ескерткіштің Қызылорданың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз. Келешекте сарбаздар осы жерде отан алдында ант беретін, әскери лауазым алғандар мен оқу бітірушілерге куәлік тапсыратын, әскери борышын өтеуге аттанатын жас өрендерге ақ жол тілейтін, жас жұбайлардың гүл шоғын қоятын киелі жер болғанын қалаймыз, - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманұлы, Республикалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев ескерткіштің ашылуымен құттықтап, Жанқожа батырдың ерлігі мен өр рухы жайында бейнефильм түсіруді ұсынды.

Ескерткіштің ашылу рәсімі студенттер сарайында «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Белгілі ғалымдар, әдебиетшілер мен тарихшылар қатысқан жиында батыр бейнесі жан-жақты сөз болып, тың деректер айтылды.
Конференция қатысушылары Жанқожа Нұрмұхамедұлындай дара тұлғалардың ұлт тарихынан лайықты орын алуы, олардың қасиетті есімдерінің қайта жаңғыруы Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының мазмұнымен үйлесетіні туралы ой қорытты.

Айта кетейік, бұл мерейтой Қазалы ауданында өз жалғасын табады. Атаулы күні ауыл тұрғындары үшін басқа да мерекелік шаралар, аймақтық жас ақындар мүшәйрасы, концерттік бағдарлама, театрландырылған көрініс, жыраулар фестивалі, республикалық ақындар айтысы, палуандар күресі, бәйге өткізіледі.

Абай-ақпарат

0 пікір