Сенбі, 27 Сәуір 2024
Тұлға 7613 1 пікір 16 Қазан, 2014 сағат 02:00

Сәкен Сейфуллин - 120 жыл

Өткен ғасырда коммунистік партияның тұрақты түрде жүргізген саяси қуғын-сүргін науқаны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Солай болуы қажет те. Өткеннен сабақ алу үшін тоталитарлық жүйенің өз халқына жасаған қастандығын, қиямет-қайымын, оның себеп-салдарын ел-жұрт білуі тиіс.

Дей тұрсақ та, «Неге бұлай болған екен», деген сұрақ күні бүгінге дейін әркімді мазалай беретіні рас. Олай болса, қызыл қырғынның 1937 жылы емес, коммунистер билік басына келісімен-ақ басталғанына кейде назар аудармайтын сияқтымыз. Мәселен, бұл күндері туғанына 120 жыл толғанын еске алып отырған дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин 1937 жылы ұсталып, келесі жылы ақпан айында атылса, оның «қылмыстық ісі» одан көп бұрын, сонау 20-жылдардан бастау алатынын атап өткіміз келеді. Осыған орай ақын бабамыздың «қылмыс жасауына» негіз болды-ау деген кейбір деректерге назар аударғанды жөн көрдік.

1937 жылғы 11–13 шілде күндері өткен Қазақстан Жазушылар одағы бастауыш партия ұйымының жабық жиналысында Жазушылар одағы және оның басшыларының (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгіров, Тоғжанов және басқалары) партияның ОК-нің сол жылғы ақпан-наурыз пленумының шешімдері мен Сталин жолдастың баяндамасында көрсетілген нұсқауларынан тиісті қорытынды жасамай, большевиктік сын және өзара сынды өрістете алмай отырғаны туралы «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланған материалдар талқыға түсті. Осы жиында сөйлеген сөзінде Сәкен Сейфуллин газеттер көтерген сынның негізінен дұрыс екендігін мойындай отырып, сыншылар әр нәрсені уақытында көтеру керектігіне назар аударады. Мәселен, «бандитке» Сәкен өлең арнады дейді (Сол кезде ол бандит емес, политбюро мүшесі еді. Бандит екенін білсем мен жазам ба?) Сыншыларымыз осы жағын ескермейді. III конференцияда (1923 ж.) «Азияны» Ярославский сынап, зиянды өлең екенін айтты, сонымен қатар, «Домбыра» туралы сөз болды. «Пенде» деген сөзімді бұрмалап, Троцкийді банды деп айтты деген де сөз болды. «Банды» деген кінәні жуу үшін 1924 жылы «Домбыра» жинағын Троцкийге арнап бастым. 1928 жылы қате екенін айтып, өзім мақала жаздым. Журналға да жаздым. 1932 жылы ҚазПИ-де айтылды. 1932 жылы Жаманқұловтың баяндамасында да айтылды. Биыл партия сайлауларында да түсінік бердім. Қысты күні Крайкомға да арыз бердім. Сондықтан сыншылар датаны ескеруі керек. 1922 жылы «Азияны» 1928 жылы қайталады, 30 мың сомнан артық ақша алды деген сықылды өтірік сынға қосылуға бола ма? 1922 жылғы «Азия» сықылды өлең жазсам, одан кейін ондай өлең жаздым ба? Жоқ, жазғаным жоқ, қайталағаным жоқ. Енді сол үшін ұра беру керек пе? – деп қынжылады ақын бабамыз (ҚРПА, 708-қ. 1-т. 604-іс. 51-52 п.).

Сәкен жыларман күйге түсіп, әбден таптаурын болған өткен шақты тағы да қайталап шығуына мәжбүр болды. Алайда, жазарман қауымның жүрегі елжірей қоймады. Жиналыстың қорытынды қаулысында «басқарма мүшесі коммунист Сейфуллин жолдастың мінез-құлқына сын және өзара сыннан қашқақтау, өзін өзі тұйық ұстау, біраз оқшауланып жүру тән. Сейфуллин жолдас өзі үшін де, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жұмысын қайта құру үшін де ОК ақпан-наурыз пленумының шешімдерінен сабақ алып, оны шын мәнінде түсініп, байыбына бара алмады, ештеме тындырған жоқ», – деп атап көрсетілді.

Оқиға былай өрістеген.

«Азия (Европаға)» деген баллада 1922 жылғы 8 шілдеде «Еңбекшіл қазақ» газетінде басылды. Кейін «Қызыл Қазақстан», «Шолпан» (Ташкент) журналдарында, Алматыдағы «Тілші» газетінде жарық көрді. Мәскеуден шығатын «Темірқазық» журналында дауылпаз ақынның «Асау тұлпар» жинағына Нәзір Төреқұловтың рецензиясы жария­ланды. Мұнда автор «Азияға» ерекше тоқталып, оны сынайды. Ол не айтқысы келіп еді, мұндай ақынды музейге қою керек шығар, деп Сәкенді күлкі-мазақ еткендей ниет білдіреді.

Бұл туынды кейін ресми түрде талқыға түседі, оған теріс саяси баға берілуі мүмкін деп сол кезде ешкім ойламаған да шығар. Бірақ олай бола қоймады. 1923 жылдың 17-22 наурызы аралығында Орынборда III облыстық партия конференциясы өтеді. Күн тәртібі бойынша КСРО-ның халықаралық және ішкі жағдайы мен РКП(б) ОК-нің есебі; облыстық партия комитетінің баяндамасы; Қазақстанға жаңа экономикалық саясаттың ықпалы және тағы басқа проблемалар қаралып, сөз болады.

Алғашқы екі мәселе бойынша РКП(б) өкілі Е.Ярославский сөйлеп, ішкі-сыртқы жағдайға қысқаша сипаттама жасайды. Елдің жай-күйіне баға беріп, оның табыстарын айта келе «Қазақ АКСР-інде тап күресі, ұлт мәселелеріне таптық тұрғыдан қарауға әлі де тым аз мән беріліп отыр. Байлардың малын кедейлердің жағдайын жақсарту үшін бөліп беруден қорықпау керек. Тап күресі өрістетілмеген, ұлт мәселесінің таптық тұрғыдан қаралуына елеулі назар аударылмайды», деді. Ал бұл мәселеде жергілікті ерекшеліктерді ескеру қажет деп уәж айтқан азаматтарды «ұлтшыл уклонистер» деп айыптады.

Мұндай сынды теріс деп тапқан қазақ азаматтары конференция барысында партияның Орталық комитетінің өкілі ретінде Е.Ярославскийдің атына хат түсірді. Бұл арызға Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллин бас болып қол қойғандар: Сейітқали Меңдешев, Абдолла Асылбеков, Жанайдар Сәдуақасов, Мырзағұл Атаниязов, Шаймерден Тоқжігітов, Хамза Жүсіпбеков, Ыдырыс Мұстанбаев, Хасен Нұрмахамбетов, Мұқатай Жаныбеков, Нығмет Нұрмақов, Мұхтар Саматов, Нұрмақ Басылықов, Нұғман Залиев.

Шағымды РКП(б) Орталық комитетінің Қазақ бюросы қарайды. Хатқа берілген жауапта былай деп атап көрсетілді: ешкім «қазақ жолдастар жөнінде ұлтшылдар деген беталды айыптау жасаған жоқ», ал ұлтшыл-уклонистік көзқарастарды сынға алу әбден орынды және оның өзі «партияның әрбір мүшесінің ажырағасыз правосы ғана емес, сонымен бірге, міндеті де болып табылады» (Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очеркі. А., «Қазақстан», 1985, 143-б.).

Сол алқалы жиында конференция делегаты Алма Оразбаева «бүлік» шығарды. Ол Сәкеннің «Асау тұлпар» жинағындағы «Азия (Европа)» өлеңіне тиісті: «Азия мен Еуропаны тапқа бөлмей, біріне бірін қарсы қояды. Бұл осы жинақтағы өзге өлеңдердің басым көпшілігіне мазмұны жағынан мүлдем қарсы», деді. Содан соң: «Сәкеннің Лев Троцкийді мақтаған тағы бір қате өлеңін дұрысқа жорып, «бәнде» (бағынышты) деген сөзді «банда» (талаушы) деген сөз деп түсініп, «Троцкийді банда деп айттың» деп және сөкті», (Сәбит Мұқанов).

Осы уклонның қалай өріс алып отырғандығын байқату үшін Мәскеу өкілі Сәкеннің шығарма­шылығына шүйілді. Алма Оразбаеваның сынын қолдады. «Азия (Европаға)» деген балладаны мысалға келтірді. Бұл коммунистік идеологияға сәйкес келмейтін, тап күресі ұлтшылдық күреспен шатастырылған, маркстік ұғыммен қабыспайтын шығарма, деп оған саяси астар берді.

«Сұм Европа! Арам, залым тас болдың,

Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың.

Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге,

Мұнша неге, уа Европа қас болдың?

 

Зина, сату, арамдыққа шіріген,

Жан-тәніңді, мерез болып іріген.

Орап көркем перделермен жасырдың,

Сұмдығыңды дүниеден асырдың! – деп бас­талатын туындыны Ярославский басқаша ұқты: бір жағында – әділетсіздік пен сатқындыққа белшесінен батқан Еуропа, екінші жағында – Моисей мен Мұхаммед сияқты пайғамбарларды берген кіршіксіз Азия. Яғни, Сәкен алашпен сыбайлас, ұлтшыл уклонды жақтайды. Езілген, қиналған Азия озбыр, отаршыл Еуропаға айбат шегеді, қыр көрсетеді. Бұл – ұлтшылдық!

Сталиннің сенімді өкілі Ярославскийдің көкейіне мұндай пікірдің берік ұялағаны сөзсіз. Қалай болған күнде де Ярославскийдің мұрындық болуымен іске асырылған мұндай сая­си қимыл-әрекет сол конференцияға қатысқан жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Есею жылдары» романында атап көрсеткеніндей, қазақ коммунистерінің арасына жарықшақ түсіргенін, арты «меңдешевшілдік», «сейфуллиншілдік» деп аталатын топтарға айналып кеткендігін мойындауымыз керек. Бұдан сабақ алуымыз қажет-ақ.

Сол кезде ел басқарған Сәкенге ұлтшыл атанып, теріс пиғылды Ярославский сияқты орталықтың биік лауазымды шенеунігіне күдікті, сенімсіз элемент есебінде көрінуі тіпті де керегі жоқ еді. Оны айтасыз, қазақ десе жүрегі елжіреген ақын бабамыз ұлт мәселесіне келгенде жоғары жақтың кейбір ұнамсыз деп ойлаған шешімдеріне қарсылық көрсеткенін байқатып та қалды.

Мәселен, коммунистік партия мүшесі үшін барып тұрған тәртіпсіздік болып табылатындығына қарамастан, облыстық партия комитетінің 1923 жылдың 23 қаңтарындағы «мұндай іс-шараны кеңес органдарының өткізуіне болмайды деп есептейміз» деген қаулысымен санаспай, бұрынғы Алашорда көсемінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойын өткізуі өкіметке әдейі жасалған қарсылық әрекетіне (саботаж) ұқсас шаруа еді. Совнарком төрағасы мұнымен қоймай, қаулы шыққаннан кейін бір жұма өтпей жатып – 28 қаңтарда сол салтанатты жиынға қатысты, құттықтау сөз сөйлеп, газетке арнайы мақала жазды («Еңбекшіл қазақ», 30 қаңтар 1923 ж.), «ұлтын сүйген шын ұлтшыл», «ешкімді бай мен кедейге бөлмей, «қазақты ғана сүйетін адал ұлтшыл», деп Ахаңның тарих төрінен алатын орнын тұңғыш рет анықтап берді.

Совнарком төрағасы бола тұрып, бұрынғы Алашорда көсемінің бірі Ахмет Байтұрсыновты қолдап қолпаштауы және баспасөз бетінде жағымды пікір білдіруі оның әр қадамын бақылап отырған қарсыластарына ұнай қоймағаны белгілі. Басқасын былай қойғанда, қарамағындағы Ішкі істер халкомы Әбдірахман Әйтиевтің «Степная правда» (қазіргі – «Казахстанская правда») газетіне «Фактические правки» деген мақала жазып, үкімет басшысының сөзін жоққа шығаруға тырысып, наразылық білдіруін қайтерсіз.

Айтқанынан қайтпайтын дауылпаз ақын шегінуші ме еді, екі аптадан соң «Еңбекшіл қазақ» газетінде (15 ақпан 1923 ж.) «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп мәселе көтерді. Патша заманында орталықтың анықтағанындай, өзін «киргиз» деп жүрген және соған бой ұсынған аймақтың енді «қазақ» болайық деп ұрандатуы отаршыл шенеуніктерге ғана емес, кейбір ел азаматтары үшін де тосын естілгендей болды. «Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығаруы керек. «Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік» деп жазды ол (Бұл әңгіме ұзақ талқыға түсіп, ақырында Сәкен Сейфуллин қызметінен кеткеннен кейін 1925 жылдың 18 сәуірінде Кеңестердің V Бүкілқазақ­тық съезі «бұдан былай қырғыз қазақ деп аталсын» деген қаулы қабылдағаны белгілі – А. К.).

Бұл іс-шаралардың бәрі бір айдан соң III партия конференциясындағы ұлтшылдық уклон деген дау-дамайға ұласып, онсыз да күйіп тұрған жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Ақынның ертеректе жазған өлеңдері қайта сараптала басталды. Мәселен, Сәкеннің Омбы семинариясында оқып жүрген кезінде, сонау 1914 жылы Қазан қаласында ағайынды Каримовтер баспаханасынан жарық көрген «Өткен күндер» жинағындағы «Айт мерекесін» алайық. Саясатқа ешбір қатысы жоқ болса да балауса ақын шығармасынан кейбіреулер ілік іздеді. Тапты. Қазақтың ұлттық мейрамы туралы сезім діншілдік деп есептелді. Дін – апиын, у. Олай болса, ескі әдет-ғұрып, діни салт-сана неге дәріптеледі? Бұл – ұлтшылдық. Сол кезде ол коммунист те емес, бар болғаны семинария шәкірті еді ғой. Бірақ ол жағы ескерілмейді.

Өткен ғасырдың 20-жылдарының басында Торғай даласындағы аштық нәубетінде жазықсыз қырылған қазақтардың аянышты халі сөз болатын «Аш қазақ» өлеңі де назардан тыс қалмады («Ақ жол» газеті, 22 сәуір 1922 ж.). Жер сілкінісі болмаған, топан суы қаптамаған, қырғын соғыстан аулақ жатқан бейбіт уақытта болған бұл не зобалаң? Кеңес заманында осындай қайғы-қасіретке жол берілуі мүмкін бе? Мүмкін екен. «Аш қазақ» өлеңі – кеңестік кезеңдегі орын алған көп сергелдеңнің шынайы бір көрінісі. Автор «елсіз меңіреу Бетпақ даласында жылап, еңіреп, жалғыз қалған сорлы қазақ баласы» мұндай халге неліктен ұшырады, оның сұрауы кімде деп мәселені тікесінен қояды.

Сөйтіп, ұлтшыл атанған Сәкеннің іс-қимылының шын мәнінде ұлтшылдық уклонға жататындығын айғақтайтын деректер жинала бастап, енді мұның арты не болар деп отырғанда тура бір айдан соң – 1923 жылдың 17 – 25 сәуірі аралығында РКП(б)-ның XII съезі өтті. Мұнда бұрынғы ұлттық шет аймақтардың экономикалық және әлеуметтік мешеулігін жоюды тездету, еңбекшілерді пролетарлық интернационализм мен туысқандық достық рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жақсарту қажеттілігі атап көрсетілді. Сырқаттануына байланысты В.И.Ленин бұл жиынға қатыспады. Сталин мұны пайдаланып, съезд құжаттарына ұлыдержавалық шовинизм туралы ештеңе жазбайық, барлық күш-жігерді жергілікті ұлтшылдықпен күресуге бағыттау қажет деген ұсынысты қанша тықпаласа да өткізе алмады. Сөйтіп, ұлттық мәселе жөніндегі XII съездің қарарында жергілікті ұлтшылдық уклон туралы жалпылама сөз болды да, ұлыдержавалық уклонның «аса қауіптілігі» бірінші орынға шыға­рылды («Известия ЦК КПСС», № 9, 1990, 78-б.).

Сәкен Сейфуллинге Компартия съезінің бұл қаулысы өзіне енді алды-артыңа қарамай ұлт мәселесін көтере беруіңе болады деп сенім ұялатқандай әсер етті. Үкімет басшысы есебінде өндіріс, экономика, шаруашылық, әлеуметтік мәселелер сияқты толып жатқан күнделікті істермен бірге, тіл майданын одан әрі өрістете түсті. «Қазақты қазақ дейік» деп бастаған науқанның жалғасы есебінде енді тіл мәселесін ту етіп көтерді.

«Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» (09.06.1923 ж.), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25.06.1923 ж.), «Не қылдыңдар? (15.08.1923 ж.), «Қазақстанның Орталық Кеңес комитетінің 3-жалпы жиналысының қорытындысы» (11.09.1923 ж.), «Қазақстанның заң комиссариатына теңеліңдер» (19.09.1923 ж.), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (23.12.1923 ж.), «Ашық хат» (17.03.1924 ж.) деген мақалаларын өзі басқарған «Еңбекшіл қазақ» газетінде жариялап, онда көтерілген мәселелердің жүзеге асырылуына ықпал етті. Бұл қатардағы журналистің жазған сөзі емес, қолында билігі бар үкімет басшысының қимыл-әрекеті еді. Соның нәтижесінде РКП(б) XII съезінің негізінде 1923 жылдың 22 қарашасында Қазақ АКСРі-нің Орталық Атқару комитеті қазақ тілінде кеңсе істерін жүргізу туралы декрет шығарды.

* * *

Аумалы-төқпелі кезең. Саяси талас-тартыс кеңінен өрістеп, қоғамдық хал-ахуал күнде өзгеріп жатты. РКП(б) XII съезі аяқталысымен И.В.Сталин оның шешімін жоққа шығаруға білек сыбана кірісті. Ең алдымен ұлт мәселесінде өзіне неғұрлым табанды түрде қарсылық көрсетіп жүрген Б.Мдивани мен Х.Г.Раковскийді шетелге дипломатиялық қызметке жіберді. Содан соң Наркомнацтың алқа мүшесі және шығыс аймақтағы коммунистердің басшы органдарын біріктірумен айналысатын қызметкер, татар коммунистерінің көрнекті өкілі М.Х.Сұлтанғалиев тұтқындалып, қуғын-сүргінге түсті. Кейін, В.И.Ленин қайтқан соң, И.В.Сталин социализм жақындаған сайын тап күресі күшейе түседі деген тұжырым жасап (1928 ж.), бұл бағдарламалық сипатқа ие болды. Осыған орай украин, белорус, грузин, өзбек, қырғыз, тәжік, армян, түрікмен және басқа халықтардың ұлтшыл-уклонистері анықталып, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіле бастады.

Кезек қазақтарға да жетті. 1933 жылы И.В.Сталин Қазақстан басшысы Л.И.Мирзоянға жедел­хат жолдап, онда «Қазақ большевиктерінің негізгі мақсаты ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, от жалынын қазақ ұлтшылдығы мен оның уклонына бағыттау болып табылады. Қазақстандағы ұлттардың еңбекші қауымы арасында лениндік интернационализмнің орнығуына жағдай жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күрес неғұрлым күшейе түсуі қажет», – деп жазды («Большевик Казахстана», №1, 1937 ж.).

* * *

Шілде айындағы (1937 жылы) астана жазушыларының жабық партия жиналысының қаулысы орындала бастады. Тамызда Сәкеннің сыбайластары деп есептелген Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов, Мұқаш Орымбаев, Ізмұқан Құрамысов қамауға алынды. Сол айдың 28-ін­де «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қазақ әдебиетінде» «Авербахшылдықтың қал­ды­ғын жою керек» деген мақала шықты. 7 қыр­күйекте Алматыда жазушылардың жиналысы өтті. 16 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде «Выкорчевать национал-фашистскую мразь из Союза писателей Казахстана» деген редакциялық мақала жарық көрді. Жиналыста да, газет беттерінде де ұлттың қамын ойлаған Сәкен Сейфуллин №1 нысанаға алынды: ол – ұлтшыл, алашордашылармен ауыз жаласқан, қоғамға жат элемент, делінді.

24 қыркүйекте дауылпаз ақын абақтыға жабылды. Ар жағы белгілі…

Амантай КӘКЕН.
Abai.kz

1 пікір