Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Тұлға 7181 0 пікір 21 Қазан, 2014 сағат 02:00

Қазақ әдебиетінің қара нары

Әбең ауруханаға түсті. Қан қысымы көтеріліп. Бар­сам төсекте жатыр екен. Қолында – газет.

– Түн ортасында «Жедел жәрдем» шақырттым. Қысым 223-ке шығыпты. Қорқып кеттім. «Неден?» дейсің ғой. «Мына салып жатқан үйге балаларымды кіргізе алмай кетем-ау!» деп. Өй, құрсын! Осы «бала», «бала» деп өлетін болдық… Мынаны оқыдың ба? – деді қолындағы газетін маған ұсынып.

– Бұ не?

– Сен алдымен оқы! Содан кейін түсінесің. Менің басыма бір ой келіп жатыр… мына тәуелсіздікті айтам-ау… өлгенде көрген… содан айырылып қалмасақ жарар еді деген. Құрсын, соны ойлағанда, тіптен, не істерімді білмей кетемін…

– Мәссаған… қан қысымы көтерілген кісі оқитын мақала емес қой…мынау! Әбе, сізге тыныштық керек!

– Әй, қалай тыныш жа­тасың! Еліңе, жеріңе біреу ауыз салам деп тұрса! Сен болсаң жайбарақатсың! Баяғы екпінің қайда осы сенің?

Бұл тақырыпқа менің қосыла шаппай қалуым оған ұнамады. Өзі болса Қазақ­стан­ды қорғауға қазір аттанар­дай қопаңдап төсектен бас көтеріп алды. Сәл ойланып барып сабасына түсті.

– Онда… мынаны оқы!

Қарасам 1990-шы жы­лы Қазақстанға тиіскен Сол­же­ницынге қарсы жазған өзінің «Чужая и своя боль» атты айтулы мақаласы екен. «Известияда» жарық көрген .

– Білем ғой! Оқығам ғой…

– Тағы оқы!

Мен жайғасып отырып мақаланы оқуға кірістім. Сол­женицыннің қазақ жеріне ауыз салып ұлыдержавалық рухта жазылған «Как нам обустроить Россию» мақаласынан жа­нымызға түскен ескі жара қайта қоздай бастады. Дер кезінде Ресейдің бас газеті арқылы астамшыл орыс авторына ойсырата соққы берген еді Әбе. Ойпырай, сол 90-шы жылы айдай әлем алдында азуы алты қарыс жазушы аюдай ақырып Қазақстанға ауыз салғанда, ізін суытпай оны ұрттан ұрар бір қазақ табылмағанда, қас масқара болады екенбіз-ау деген ой келді. Сол тұста үнсіз қалмай ұлт намысын қорғаған Әбе ұлыдержавашыл шовинизмге қарсы арыстандай атылыпты. «Уж кому-кому, а Вам, Александр Исаевич, наверняка достоверно известно, что мощь и слава Российского государства обретены им в союзе с другими народами, которым поистине несть числа. И тем не менее Вы вдруг печетесь тоже лишь об одном – как обустроить Россию, тем самым как бы отчуждая, отстраняя все остальные народы с их кровными интересами» деп аяқталыпты мақала. Сол шақта атағы жер жарып тұрған Солженицынге Ресейдің орталық газеті бетінде қарсы шығудың қаншалықты қиын екенін СССР-дің соңғы сыртқы істер министрі болған Борис Панкин де Әбе туралы пікірінде жақсы атап өтіпті: «К сказанному немаловажно добавить, что опубликованы эти слова не сегодня, когда многие почитатели Александра Исаевича превратились в его хулителей, а в начале 90-х, когда любое возражение Солженицыну звучало как богохульство». Солженицыннен бастап бүгінгі Жириновскийлерге дейін қазақ тарихына қатысты қиянатшыл мәлімдемелер тоқталмай тұрған бүгінгі шақта, тарихта Қазақ хандығының он бесінші ғасырдың ортасында дербес шаңырақ көтеруін, яғни, сол тарихи оқиғаға алдағы жылы 550 жыл толуын Астана халықаралық деңгейде дүрілдетіп атап өткені абзал дер едік.

Бүгінде, кейбір баспасөзде қазақ жазушылары олай, бұлай деп күстанаушылар байқалады. Сондайда, «Оу, ағайын, әріге бармай-ақ қоялық, кешегі қазақ басына бұлт төнген 86-да бәйгеге бас­тарын тіккен кімдер еді?» дегің келеді. Ұлтқа төнген бұлтқа қарсы найзағайдай атылғандар кімдер еді? Жазушылар емес пе еді! Желтоқсан оқиғасы өте салысымен Мәскеуде КСРО Жазушылар Одағының пленумы өтті. Сол бүкілодақтық жиын мінберінен Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты Орталықтың саясатын сылқита соққан кім еді? Қазақтың халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Желтоқсанның ізін суытпай Алматыға Горбачев келді. Опера театрында салтанатты жиын өтті. Сол жиын мінберінен Горбачевтың көзін бақырайтып қойып Желтоқсанға байланысты Кремльдің сая­сатын сынға алған кім еді? Нұрпейісов еді. Төрде отырған Горбачев сонда кірерге тесік таппай қолындағы «Правда» газетінің тасасына тығылмап па еді?!

Әбекең жастығының жанында жатқан бір жапырақ қағазды алды қолына.

– Енді, мынаны тыңда! – деді. «Қан мен тер» романының соңғы кітабына енгізген жаңа бір сөйлемдер екен. Мен қозғалақтай бастадым.

– Жо-жоқ… асықпа! Енді келдің екен отыр! Немене… осы сендер… от ала келгендей… асығасыңдар да жүресіңдер! Қайран Зекем, Қалтай, Тахауилар-ай! Басымыз қосылса 3-4 сағатсыз әңгімеміз бітпеуші еді… Өтті-кетті ғой… Өмір деген түк емес осы… ішіңді…

Бұл бір ғана эпизод. Биыл тоқсанға толғалы отырған әдебиет абызымен кездесудің бір эпизоды ғана. Әйтпесе, Әбе айтқан әңгімелерді түгендей берсең жазуға қағаз жетпесі анық. Алайда, кейбіреуін хатқа түсіріп көрелік.

Арал жағалауында балықшы ауылда өткен балалық шағын Әбе жиі еске алады. Еске алғанда да өзіндік мәнермен еске алады. Осыдан 80 жыл бұрынғы көргендерін тура фотографиялық дәлдікпен әңгімелейді. 1932-нің ашар­шылығы басталғанда Әбе 7-8 жаста екен. «Бір күні әкем екі қаз атып әкелді – дейді – Дәу қоңыр қаздар. Шешеміз алдымен қаздың басын кесіп ошақ маңына тас­тады да, бұрқыратып жүнін жұла бас­тады. Сол кезде ашық есіктен Қошала атамның ұсқынсыз сұлбасы көрінді. Жұпыны киімді тәлтиген маймақ шал. Жұрт сәлем берді. Бірақ, атамыз сәлем алмады. Есіктен еңкейіп қарап тұр. Көзі – ошақ түбінде жатқан қаздың кесілген басында. Содан көз алмаған қалпы ішке аттады. Келінінен төменірек келіп жүресінен отырды да дір-дір еткен қолын әлгі жерде жатқан қаздың басына созды. Тұмсық жағынан ұстады. Қан-қан кесілген бауыздау жағын ауызына басты. Көзін жұмып шайнай бастады. Бірақ, тісі батпады. Сол көрініс, ашаршылық көрінісі әлі көз алдымда. Ұмыта алмаймын. Қазанға салынған қаз етінің пісуін күтіп үй толы жан үңірейіп отыр. Шешеміз бір кезде ағаш табақ толы шала піскен еттің буын бұрқыратып ортаға қойды. Сол-ақ екен, жұрт жапырылып табақты қоршады. Өңмеңдеп жатыр. Ес жоқ, түс жоқ. Ортадағы табаққа бастары түсіп кеткен, қаузап жатыр. Соның бәрі көз алдымда. Сонда жас жігіт Нәжім көкемнің табаққа үймелеген жұрттың желкесінен қарап тіп-тік отырысы көз алдымда. Нәжім көкем деп отырғаным әкем Кәрімнің өзіне тетелес інісі ғой. Өзі жас, көрікті, сері мінезді. Табаққа түсіп кетердей өңмеңдеген жұрттың үстінен жақтырмай қарап қаздиып отыр. Жас та болса паң. Қолын табаққа анда-санда созып бекзат қалпын бұзар емес. Нәжім көкем кедейлігіне қарамай киімді де талғаммен киетін. Бекзаттығы ерекше. Сол үшін жақсы көретінмін. «Қан мен тердегі» Тәңірбергеннің образын мен содан алдым ғой. Жоқшылық қуып теңіз жағасын тастап Шалқарға көштік. Бұл – 1934 жыл. Жағдайымыздың қиын екенін көрген Шалқардағы ағайындарымыз Нәжім көкеме дүкенде нан сатушы бол деді. Сонда Нәжім көкемнің саңқ ете қалғаны есімде. «Енді менің… орыстың маржасы құсап беліме мата байлап нан сатуым қалған екен ғой! Одан да аштан өлгенім артық!» дегені есімде. Содан кейін ол қайдағы бір қиырға тас шабушы болып кетті. Соғысқа бірге бардық. Сталинград түбінде көз жазып қалдым. Содан қайтпады ғой…

Соғыстан Әбенің әкесі Кәрім, көкелері Нәжім, Қали қайтпай қалады. Қа­бырғасы қатаймай жатып ХХ ғасырдың сұрапыл сойқанына түскен бозбала Әбдіжәміл, Алланың әмірімен аман қалады. 1946 жылы әскер қатарынан босаған жас жігіт Әбдіжәміл Саратовтан тура Алматыға тартады. Қолында соғыс туралы дәптердің 12 бе­тіне жазылған «романы». Аты – «Курляндия». Енді осы шығармасын апарып Алматыдағы аға жазушылардың пікірін тыңдап көрмек. Әрі Каз­ГУ-ге оқуға түспек. Үстінде – әске­ри формасы. Алматыға келеді. Вокзалда түнеп шығып, таңертең Сәбит Мұқановты, Мұхтар Әуезовті іздеп көшеге шығады. Қазақ көрінсе тоқтатып: «Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтың үйін айтып жіберіңізші!» деп сұрайды. Ешкім білмейді. Сөйтіп жүргенде үш күн өтеді. Күндіз қала аралап Сәбит, Мұхтарды іздейді. Түнде вокзалда түнейді. Ақыры, бір қазақ: «Ол кісілерді Жазушылар Одағынан табасың» деп қазіргі Көкбазарға жақын жердегі Жазушылар үйін сілтеп жібереді. Сәбит Мұқанов Жазушылар Одағының басшысы екен. Бұның қолжазбасын Ғабиден Мұстафинге оқуға тапсырып, майданнан арып-ашып келген жігітті аяп үйіне апарып тамақтандырады. Ертесіне Ғабиден Мұстафин бұның қолжазбасын қарап шығып жылы пікір айтады. Сонда бұл, 22 жастағы лейтенант: «Ағай, роман деген осылай жазыла ма?» деп сұрақ қояды. «Өмірімдегі ең бір глупый сұрақ қойғаныма әлі ұяламын» дейді Әбе. Ол сұрағына Ғабиден мырс күледі. «Иә, осылай жазылады!» дейді. «Менің тағдырымды шешкен сол Ғабиденнің жалғыз ауыз сөзі болды. Егер, Ғабиден аға: «Жоқ, бұлай жазуға болмайды!» деді бар ғой, құдай шыным, сол 12 беттік дәптерді быт-шыт жыртып лақтырып, жазушылықпен біржола қош айтысар едім» дейді Әбе, сол оқиғаны еске алып. Ғабеңнің оң пікірінен кейін Жазушылар Одағының төрағасы Сәбең жас қаламгерді тікелей өз қамқорлығына алады. Келесі жылы университетке құжатыңды тапсыр дейді. Көмектесем дейді. Аралда жатып жазу жазуына керекті он бір кило қағазды қолына ұстатады. Жас жазушы ауылда азық-түліктен тарықпасын деп аудан басшысына хат жазып береді. Аудан басшысы Сәбеңнің айтқанын екі етпей орындап жас жазушыға азық-түлік бөледі. Сөйтіп, сол кезде даңқы жер жарып тұрған қазақ совет әдебиетінің классиктерінің батасын алған әлі ешкімге белгісіз жас жазушы, Аралдағы ауылында жатып өзінің тұңғыш туындысы – «Курляндия» романына кіріседі.

Роман жазу оңай ма! Оқиғалар те­реңіне сүңгіп кеп берген жас жазушы, университетке құжат тапсыруды ұмытып кетеді. Сонда, ауылда роман жазып жатқан баланы іздеп Аралға Сәбит Мұқанов телеграмма салады. «Қайран Сәбең! – деп Әбе ұстазын емірене еске алады. – Сол кездегі адамдардың, әсіресе, жазушылардың бір-біріне деген бауырмалдығы, қамқорлығы ерекше еді ғой!». Сәбиттей ұстаз-ағасының тамаша адами, жазушылық портретін соңғылықта ол «Сәбит Мұқанов туралы сөз» мақаласында сомдады. Ауылдан «Курляндия» атты романын қолтықтап келген жас жазушы Нұрпейісов аға­лардың көмегімен университетке түседі. Онда бір жыл оқып, Мәскеудің Горький атындағы әдебиет институтына ауысады. «Курляндия» Жамбыл атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болады. 1956 жылы Әбе Мәскеудегі Әдебиет инс­титутын бітіріп елге қайтады. Жәй қайтпайды. Ғасыр басындағы қазақ тағдырын толғайтын «Қан мен тер» атты эпопея идеясын арқалап қайтады. Романды бастау үшін 1958 жылы атамекені Аралға келеді. «Балықшы» колхозының 19 үйден тұратын Шығанақ деген шалғай бөлімшесіндегі Шоқыман ағасының үйіне атбасын тірейді. Білте шамның сығырайған жарығымен жер бауырлап жатып алып, жас жазушы қалың дәптердің бірінші бетіне «ҚАН МЕН ТЕР» деп жазады. Бұл 1958 жылдың желтоқсаны еді. Мінеки, осылайша әлемге әйгілі «Қан мен тер» эпопеясының алғашқы сөйлемдері тізіліп дәптер бетіне түсе бастайды.

«– Бетім-ай! Масқара-ай! Осы сөзбен тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді» деген сөйлемдер қағаз бетіне түсті. «Қан мен тердің» бірінші кітабы 1961 жылы жарық көрді. Жанқалтаға сиып кетердей кіп-кішкентай қоңыр ала кітап еді. Мұқабасындағы жазу, әшекейлерге дейін әлі есімде. Баламыз, 7 сыныпта оқитын. Қолымыздағы кітап алғашқы сөйлемдерден бастап ағынды судай әй-шәйге қаратпай үйіре жөнеді. Басқаның бәрін ұмытып Арал маңындағы балықшы ауылдан бір-ақ шықтық. Түнерген теңіз. Биік қабақ. Қабақ басында шәукиген соқпа там. Ауыл шетіндегі Еламанның үйі. Кедей жігіт Еламан болса түнерген теңіз бетінде ау құрып жүр. Үйінде оны күтіп жас келіншегі Ақбала отыр. Бүгін жәй отырған жоқ. Қонақ күтіп отыр. Қонағы – бай баласы Тәңірберген. Қыз күнінде Ақбалаға арман болған әйгілі мырза. Ақбала шәй жасап ұшып-қонады.

Сол шәй үстінде Еламан келеді азын-аулақ балығын көтеріп. Қараса, төрде Еламанның суқаны сүймейтін мырза Тәңірберген отыр. Ақбала болса жүзі бал-бұл жанып шәй құйып отыр. Еламанға бұл ұнамады. Бейне бір жылан көргендей жиырылды. Мінеки, қолға алған минуттен бастап кітап оқырманды өмірдің осындай арынды ағысына бір-ақ лақтырады. Сол ағыста сен де романның басты кейіпкерлерімен бірге аға жөнелесің. Бұ не сонда, сені толқынға түскен жаңқадай қанкөбелек ойнатып әкетіп бара жатқан не құдірет? Бұ құдіреттің не екенін біз соңынан пайымдадық. Талант қаламына тән көркемдік құдірет екен. Жазушы да бір, шахматшы да бір. «Қан мен терде» ойыншы алғашқы жүрісті әй-шәй жоқ негізгі фигуралардан бастайды. Шахмат тақтасына ә дегеннен фигураларды шығарады. Және сол фигуралар бір-біріне «ауызды салған» тартыстан бастайды. Ал, енді оған қарсы ойыншы кім?! Ол – оқырман. Сенің қатеңді қалт жібермей қадағалап отыратын оқырман. Кітап тағдырын сол шешеді. Көптеген жағдайда оқырман бір-екі жүрістен, яғни, бір-екі беттен кейін-ақ жазушыға мат қояды. Яғни, кітапты жауып қоя салады. Мат деген осы. Оқырманның жазушыға мат қоюы.

Сондықтан, бұл тақта, жазушы үшін шахмат тақтасы ғана емес, – тағдыр тақ­тасы. Бұл жекпе-жекте жазушы жал­ғыз, көп оқырманға қарсы ойнайды. Кітап таралымы көбейген сайын жазушыға қарсы ойыншылар саны да көбейе түседі. Сол көп оқырманның әрқайсысымен жекпе-жек партия өткізеді жазушы. Не ұтады, не ұтылады. Соның бәрінде жеңіске жету қиынның қиыны. Ол үшін сен халықаралық гроссмейстер болуың керек. Тағы да шахмат тілімен айтсақ, «Қан мен тер» партия­сында Нұрпейісов сол халықаралық гроссмейстер деңгейіне көтерілген. Француз жазушысы Луи Арагонның «Қан мен тердің» французша «Ымырт» деп жариялануына орай: «Бұндай терең де тартымды роман соңғы кезде аз болды. «Ымыртты» қазіргі заман­­ның ең ірі шығармаларының қатарына қоюға болады, мейлі ол америка әдебиеті болсын, француз әдебиеті болсын, басқасы болсын…» дейтіні содан.

Ал испан сыншысы Аугуст Видал: «Трилогия классикалық орыс про­засының дәстүрінде жазылған. Эпи­калық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады» деп бағалайды. «Қан мен терді» француз тіліне аударған әдебиетші, аудармашы Лили Дени: «Белгілі бір дәрежеде мен Нұрпейісовті Лев Толстоймен салыс­тырар едім» деп мойындаған. КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған «Қан мен тер» әлемнің 35 тіліне аударылды. Және бұл роман туралы КСРО мен шетелде жарияланған пікірлер, жазылған монографиялар бүгінде кітаптың өз көлемінен артып кетеді. Бұның себебін әр сыншы әрқилы түсіндіреді. Бірақ, бір ақиқатты мойындайды. Ол ақиқат жайлы отандасымыз Герольд Бельгер: «Қазақ даласындағы бір аяулы есім Әбдіжаміл Нұрпейісов. Франция, Гер­мания, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы: ірі суреткер, мэтр, әлем әдебие­тіндегі елеулі құбылыс» деп қорытады Нұрпейісов феноменін. Ол әлем оқыр­мандарының пікірін бір жерде тоғыс­тырған Нұрпейісов роман­да­рындағы көркемдік құдірет деп отыр. Ендеше, сол көркемдік құдірет дегеніміз не? Ой жүгіртіп көрелік.

Көркем проза – ең алдымен адам туралы әңгіме. Жазушы адам туралы әңгіме бастамас бұрын ең алдымен оған, яғни, кейіпкерлеріне ат береді. «Қан мен терде» олар – Ақбала, Еламан, Тәңірберген, Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Қарақатын, Қален, Құдайменде, т.т. Жазушы осыншама кейіпкерге ат берген. Өмірге әкелген. Жазушы жанталасы, міне, осы жерден басталады. Адамды өмірге әкелуден басталады. Адамды жасауға әркеттенуден басталады. Ау, тоқтаңыз, не деп кеттік, «адамды жасау» дедік пе?! Оу, адамды жасау тек Алланың құзырындағы құдірет емес пе?! Әрине! Бірақ, біз бұ жерде қағаз бетінде жасалатын адамды айтып отырмыз. Адамды сол қағаз бетінде тірілту үшін де жазушыға Алланың назары түсуі керек еді. Сонда ғана ол Тәңір берген талант арқасында жоқтан бар жасайды. Қиыннан қиыстырып кітабында түгел бір әлемді тірілтеді. Қиялдан адам жасап оған ат береді. Түр береді. Мінез береді. Тағдыр береді. Кейіпкерлер өз тағдырына сай, сөйтіп, қағаз бетінде тіріліп, қым-қуыт қызықты тауқымет кешеді. Өмірде жоқ, бірақ, қағаз бетінде бар сол адамдар жан бітіп көз алдыңда көлбеңдей бастайды. Жаныңды баурай бастайды. Көркемдік құдірет дегеніміз осы. Қағаз бетінде талантты қаламнан туған виртуалды өмір. Оқырманды сиқыр­лап алатын қиялдан туған өмір. Тәңірісі жазушыға талантты сол үшін берген. Ал Тәңірісі талантқа жарытпаса жазушы қағазды қанша шимайлағанмен кейіпкерлер тірілмейді. Олар өмірге өлі келеді. Немесе шалажансар келеді. Ондай кітаптың өмір жасы да қысқа. Міне, осы әдебиеттің әдебиет еместен ажырайтын, бөлінетін тұсы. Біздің «Қан мен тердің» бетін алғаш ашқанымызға, мінеки, биыл табаны күректей жарты ғасыр болыпты. Алайда, содан бері Судыр Ахмет, Ақбала, Еламан, Тәңірберген, Қарақатын, Сүйеу қарттар өшпей, өлмей біздің жан дүниемізде өріп жүр. Олардың бейне-болмысы, мінез-құлқы, тағдыр-талайы сайрап санамызда жүр. Шынға бақсақ, өмірден өткен талай тамыр-таныс, жақын-жуықтар бейнесі бүгінде жадымыздан өшкен. Ескірген. Алайда, өмірде жоқ, бірақ қағазда бар Ақбала, Еламан, Судыр Ахмет, Тәңірберген, Сүйеу қарт, Қарақатындар болса тайға таңба басқандай санамызда сайрап тұр. Бұл көркемдік құдіреттің арқасы. Осыдан 4-5 жыл бұрын Ақтөбеде ескерткіш қойылды «Қан мен тер» кейіпкерлеріне. Сол ескерткіштегі тасқа айналған Судыр Ахмет, Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Сүйеу қарттар біздің қиялымыздағы бейнелерден аумайды. Ой жүгірткен жанға бұл ескерткіш кітап кейіпкерлеріне емес, қазақ деген халыққа қойылған ескерткіш екен. Кезінде Қазақстан тараптан бораған арыздарға қарамастан Мәскеу «Қан мен тер» үшін Нұрпейісовке КСРО Мемлекеттік сыйлығын берді. Алмай қалуы әбден мүмкін еді. Өйткені, Әбе орыс достарының: «комиссия мүшелерінің алдынан өтсеңші!» деген кеңесіне мойын бұрмай, Аралға барып жатып алған, кітап тағдырын бір Аллаға тапсырып. Сөйтіп, сыйлық үшін додаға Әбе емес, кітаптың өзі барып түседі. Ендеше, бұл күресте «Қан мен терді» кім қолдады дейсіз ғой! Жаратқан қолдапты. Себеп, дінге тыйым салынған атеистік қоғамда Құдай атын ең көп атаған роман «Қан мен тер» екен. Қараңыз: Құдайменде, Тәңірберген, Аллаберген, Жасағанберген. Атын атасаң Алланы шақырғаның. Адам қоғамындағы қараулық, қараңғылықпен майдандасқан «Қан мен тердің» жолын, сөйтіп, Раббыңыздың өзі ашады. Бәйгеден келген қазақ романы, сөйтіп, Жер шарын шарлап кете барады. Миллиондаған жүрекке жетіп жарық құяды. Миллиондаған жүректерде қазақ кейіпкерлеріне, яғни, қазақ атты халыққа деген жылы сезім оятады. Миллиондаған жүректерге ізгілік алауын жағады. Миллиондаған жүректерден қараңғылықты серіпкен жарық нұры құйылады. Жаратушы көздеген мақсат та осы – жазушыға талант сыйлағандағы. Жер бетіндегі жазушы миссиясы осы еді, Раббысы белгілеген. Бұл миссия бұрынғы өткен пайғамбарлар жаққан алауды сөндіріп алмаудың амалы еді, Жер бетін түн-түнек баспас үшін. Осылай жан-жаққа от ала жүгірушілер кетуі керек еді. Қараңғылықпен күрес тоқтамауы керек еді. Сол ізгілік жарығын іліп әкету­ді Алла тағала өз елшілерінен кейін әулие-әнбие, ғұлама, имам, жазушы, шайырларға жүктепті. Сөйтіп, иман­сыздықпен күрес тоқтамапты, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасыпты. Қараңғылыққа қарсы ғаламдық майданға айналыпты.

Жазушының соңғы романы «Соңғы парыз» да – қараңғылыққа қарсы майдан. КПСС «тоқырау жылдарында» жарты жалғанда жәннат орнаттық деп жар салып жатты, ал, Нұрпейісов болса Арал аймағына КПСС орнатқан «жәннаттың» бет-пердесін сыпырды. Шын дозақы келбетін көрсетті. Шығарманың шарық­тау шегі – ақтық тарауда түн жамылып теңіз бетінде мұз үстінде ыққан Жәдігер, Пәкизаттың басына айна-қатесіз Қиямет-қайым орнайды. Ажалмен алысқан Аралдың өкірген үні де құлаққа келіп тұр. Ажалмен алысқан ұлы теңіз соңғы тұяқ серіпкендей, бір ақыреттік аласапыран орнаған. Адамдарға қарсы тұяқ серіпкен Арал. Мәңгі теңіздің түбіне жеткен осы екі аяқты мақұлықтар емес пе еді?! Құдайын ұмытқан екі аяқтылар! Бұлар ХХ ғасыр аяғында басқаны қойып, тіршіліктің тал бесігі – Жер-анаға ауыз салды емес пе?! Көлдер құрғап, теңіздер тартылды. Адамдардан адамдық тартылды. Ғасырдың апаты басталды. Соны сезген философ Эрих Фромм Еуропада: «Егер, ХІХ ғасырда Құдай өлген болса, онда ХХ ғасырда адам өлді» деп дабыл қағып жатты. Құдайсыз қоғам, сөйтіп, Ақыретті өз басына өзі орната бастады. Заманақыр елесі Жер бетін кезе бастады. Осыны жұрттан бұрын сезген суреткердің жанайқайы мезгіл мінберінен шырқырады. Сол жанайқай «Соңғы парыз» еді. Өз көрін өзі қазған адамзат туралы роман-трагедия! Осынау жаһандық трагедияны оқырманның төбе шашын тік тұрғыза суреттеу қазақ жазушысы Ә.Нұрпейісовтің ғана пешенесіне жазылыпты, әлем қалам­герлері арасынан. Оның тарихи себебі бар еді. Қазақстан әлдеқашан полигонға айналған, Қызыл империяның ядролық, биологиялық қарулар сынайтын полигонына. Өз туған жері Арал аймағы, міне, су емес, у жұтып отыр. Бұны көрген қаламгер бұл қиянатқа төзбеді. Аттандап қарсы шықты. Майдан ашты. Халқы үшін сол күрес, жазушы күресі тоқтамады. Толастамады. Жазушы үні әлемдік үлкен мінберлерден саңқылдады. Халықаралық ПЕН-клуб өткізген жаһандық жазушылар жиынында саңқылдады, ана тіл, Арал, әдебиет мұңын айтып.

Жазушы Нұрпейісов әдебиетке келіп қалыптасқан ХХ ғасырдың екінші жартысы жоғарыдағыдай тағдырхал сұрақтарды адамзат алдына көлденең тартты. Енді осынау қитұрқы ғасыр сол тағдырхал сұрақтарды әдебиеттің де алдына тартқан ғасыр болыпты. Өйткені, замана көшінің бұ тұсында қоғамдық санаға төңкеріс жасаған кино, телевидение, интернет дәуірі басталған еді. Соның әсерінен дүкен сөрелерінен классикалық әдебиет бір шетке ысырылды, оның орнын шағын да шапшаң оқылатын коммерциялық әдебиет иеленді. Қарасаң сол әдебиет жаппай жастардың қолында жүр. Бұндай заманда классикалық әдебиет қалай өмір сүрмек?! Классикалық әдебиет мезгіл тезіне қалай төтеп бермек?! Соңғы жылдары жазушы Нұрпейісовті қинаған сұрақтар осы. Әрбір жаңа басылым сайын «Қан мен терді» қолға алып отыруы содан. Әр басылым сайын қаламгер кітаптарын қайта қарайды. Ширатады. Қысқартады. Жұрт айтады. «Әлдеқашан өз бағасын алған «Қан мен терді» қайтеді екен, жұлмалай беріп» деп. Шынында солай ма?! Жазушы өз бағасын алған романын бекер «жұлмалап» жатыр ма? Ендеше, жазушы Нұрпейісовке тән, өзге жұрт ұға бермейтін осы бір қаламгерлік қасиетке тоқталып көрелікші!

Жазушы неге өйтеді? Шығармаларын неге жөндей береді? Бұны қалай түсінуге болады?! Біз оны былай түсінеміз. Бәрі өткінші. Жазушы да өтеді бұ дүниеден. Бірақ, артында кітабы қалады. Кітап сонда иесіз қалады. Иесіз қалған кітап үшін ең қиын кезең басталады. Өйткені, иесіз қалған кітап та бір, жетім қалған бала да бір. Ата-ана баласының болашағын көзі тірісінде ойламай ма?! Ендеше, неге жазушы да кітабының болашағын көзі тірісінде ойламауға тиіс?! Оны неге қатал мезгіл тезіне дайындамауға тиіс?! Жазушы осылай ойлайды. Өз кітабына өз баласындай қарайды. Алдағы аумалы-төкпелі мезгіл тезіне кітапты лайықтау, дайындау міндетің деп біледі. Өйткені мезгіл тезіне төтеп бере алмаған кітап өледі. Бұл – жазушының екінші рет өлгені. Шын өлгені. Сондықтан, Әбе өсиет етеді. Бір жазып тастамаңдар дейді. «Толстойдың өзі бір мақаласын 20 рет көшірген ғой!» дейді. Әбеңе Жаратушы өмір жасын ұзақ етіп кітаптарын қайта-қайта қарауға мүмкіндік берді. Егер де, кезінде әлемді дүрілдеткен әдебиет алыптары бүгіндері тірі болса, сөз жоқ, Әбе сияқты олар да өз романдарын қатты өзгерген қатыгез мезгіл тезіне лайықтап қайта қарап тұқшыңдап жатар еді. Осы ретте Әбе тұрысымен – мектеп. Әдебиет мектебі. Әбдіжәміл мектебі. Тәртіп-талабы тым қатал мектеп. Бұл мектепке бас сұққандардың талайы бұндағы темірдей тәртіптен тулай үркіп есікті тарс жауып тайып тұрады. Әсіресе, сол мектептің аударма жөніндегі класына бас сұққандардың төбе шаштары тік тұрған. Өйткені, орыс тілін бір адамдай жетік білетін, өзі орысша да жазатын Әбе аудармашылардың адымын қия бастырмайды. Артық-кеміс қадамын аңдып ауыздықтайды да отырады. Әрбір сөз, әрбір сөйлем үшін аудармашы мен автор арасында қызыл кеңірдек айтыс, ақ тер, көк тер шайқас жүріп жатады. Соған шыдамай талай аудармашы тайып тұрды есікті тарс жауып. Олардың ішінде ішіп кеткендері де бар. Ат-тонын ала қашып кеткендері де бар. Әбенің аударма мектебінің темір тәртібіне төтеп берген аудармашы Анатолий Кимнен сұрадық. «Шалдың шабуылына қалай шыдадың?» деп. «Ауыз ашуға мүмкіндік бермедім – дейді. – Ол «ә» дегенде, мен «мә» деп тойтарып тастап отырдым. Сөйтіп аман қалдым», дейді Анатолий. Әбекеңнің аудармашылық мектебінің ұраны аудармашының «қаққанда – қанын, соққанда – сөлін алу». Қалайда, жақсы аударма алу. Бұл оның қолынан келеді.

Әбе мектебін аз білетін кезім. 1984 жылдың аяғында жаңа біткен «Ақ боз үй» атты романымның қолжазбасын оқыттым. Жылы сөз, тіптен, мақтау еститініме сенімді болып келгем. Сөйтсем, Әбең салған жерден сын сойылын ала ұмтылды. «Әй, сен… кейіпкерлеріңді аяйды екенсің ғой! Неге аяйсың?! Әсіресе, финалда. Аяма! Отқа сал, суға сал, аяма!» деді, шын дауысы шығып. Сын есту оңай ма? Есікті тарс жауып мен де тайып тұрғым келді. Бірақ, ойландым. Бірнеше күннен кейін «кейіпкерді аямайтын» жаңа финал ойға сап ете түсті. Жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Бірден жазуға отырдым. Әбекең соңғылықта сол финалды оқыған сайын жылайтынын айтады. «Мені жылату деген оңай емес!» деп, тағы да, ескертіп қояды. Мен ақсақалға әлі күнге шейін: «Сізге, сол сыныңыз үшін рахмет!» дегенді айтпаппын. Іштей алғысым алабөтен болса да. Пендешілік пе? Білмеймін. Шамасы, ұстазымызға тартқан бір мінезіміз осы болар.

Ұстаз демекші, Әбекең Әуезов дегенде ішкен асын жерге қояды. Өкінішке қарай, Мұқаңның көзі тірісінде жақын жүріп араласа алмапты. Өзі пір тұтқан ұлыға жақын жүруге үріккендей хал кешіпті. Мұқаң оны көргенде: «Әй, Әбижәми! Сен неге қашқақтап жүрсің?» деп ренжиді екен. «Менің қашқақтап жүрген себебімді білсе ғой, өзін ең жақсы көретін жанның кім екенін де білер еді» дейді Әбекең. Бірде, Әуезовтің «Литературная газетада» Ресейдегі қазақ диаспорасының не орыс мәдениетінде жоқ, не қазақ мәдениетінде жоқ, оқшауланып қалған мүшкіл халі жайлы мақаласы жарық көреді. Әбе барса Мұқаң жер үйінің ауласында скамейкада газет оқып отыр екен. «Мұқа, құттықтаймын! Ресейдегі қазақтар туралы бұл Ресейде жарияланған ең ащы мақала болды!» дейді Әбе. Сонда Мұқаң: «Пәлі! Менің жалғыз айтқан сөзім не болады?! Ол бір атылған оқ қой! «Зың» етті де кетті. Бұ жайлы көп айтылуы керек емес пе! Жастар, сендер айтуларыңыз керек!» – дейді, содан кейін ойын одан әрмен жалғастырып: «Үй шатырынан тамған тамшыны қарашы! Бір нәзік су! Сол нәзік су бір нүктеге тама берсе, тама берсе тасты да теседі! Айтылған сөз де сол! Қайталана берсе, қайталана берсе түбінде ол да тас теседі!» дейді.

«Қайран Мұқаң!!!» деп Әбе бас шайқап біраз ойланып отырады. Содан кейін жүзі оқыс сәулеленіп Әуезов қаламынан туған мына төмендегідей бір сөйлем жолдарын қоңыр дауысымен жатқа оқи бастайды. «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу бозғыл көде, жусан бәрі де жел лебімен қалтырайды. Бас шұлғып елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып, жосып өтеді…».

– Ал… қалай?! – дейді Әбе тамсана тебіреніп. Шыннан да ғажайып. Қазақтың қоңыр даласына көз алдыңда жан бітіп тіріліп сала бергендей.

– Сағыныш… туған жерге деген жүрек сорды… телегей теңіз сағыныш… телегей теңіз эпопеяға айналған… – деймін. Әбең бұл уәжге келіскендей ойланып қалды. Біз де ойландық. Сөйтсек, әр қаламгердің өз Меккесі болады екен. Ол – туған жері. Өмір бойы жырлап өтер, толғап өтер Меккесі. Мұқаң үшін – Жидебай, Әбең үшін – Беларан болыпты. Түнде – түстен, күндіз естен кетпес кие. Әбе үшін дүниеде Белараннан биік, Белараннан қастерлі тау жоқ. Өмірге еңбектеп келгеннен бастап, көзін тырнап ашқаннан сол теңіз жағасында дүңкиген алып шоқы көз алдында тұрған. Беларанның баурайында Нұрпейіс жатыр. Туған жерден қанша алыс кетсе де, түбінде айналып Беларанға соғатын әдеті. Шетелден қонақ келсе де сонда апарады. Өзге көзбен қарағанда бұл бір кәдімгі құлазыған елсіз жағалауда тартылған теңізге үңіліп тұрған бір жадау шоқы. Дүңкіс жалаңаш қыр. Бірақ, Әбең үшін Беларан тау. Жер кіндігі. Бейне дүние тарихы осы жерден басталатындай. Жас келгенде адам не ойламайды?! Жамбасы жерге тиіп мәңгілік жататын жерін де ойлайды. Сол ой, қайда жатам деген ой, Әбеңді де мазалады. Ой көзі сонда айналып келіп Беларанға тіреле берді. Ендеше, неге жатпасқа сол Беларанның басында?! Беларанның басында жатса, әнеки, түстік жағы – айдын шалқар Аралы. Теріскейі – толықсыған даласы. Бәрі алақанға салғандай көрініп тұр. Туған жердің тал бесігінде тербеліп жатады. Туған жер құшағында. Одан артық не керек?! Әбе, сөйтіп, өз құлпытасын өзі таңдап Беларанның басына апарып өзі қойды. Оншақты жыл болды сол тас – қара тақтайтас қасқайып Беларанның басында әлі тұр. Ажалды қасқайып қарсы алғалы тұр. Бірақ, ажал болса асығар емес. Бір күні Әбекеңе қылжақбас інілері сұрақ қойды.

– Әбеке! Сіз үшін 70, 80 дегендер түк емес қой. Мінекей, тоқтамай тоқсанға да келдіңіз! Бұның бір сыры бар шығар?! Көп жасаудың құпиясын бізге де айтып қоймайсыз ба?! – деді.

Әбекең мәз болып күліп алды.

– Рас… оның сыры бар! – деді.

Әбекең тәрізді көп жасаудан дәмелі жігіттер еміне қалды.

– Оның сыры бар… – деді, Әбекең әбден маңғазданып. – Ешқашан ешкімге ашпаған сырым… Сендерге айтайын… ендеше, тыңдаңдар! Әр жаңа жыл сайын Құдайдан тілек тілеймін… «Ей, Алла тағала, өмір жасымды тағы бір жылға ұзарта гөр!» деп. Сонда Алла тағала менің тілегімді қабыл етеді. Бір жыл береді.

Жұрт ду ете қалды.

– Ойбай, Әбеке, оныңыз не?! Бір жылыңыз не?! Сұрағаннан кейін жүзді бір-ақ сұрамайсыз ба?!

– Жоқ! – деп, Әбекең бас шайқайды. – Қанағат керек… Құдай қанағатсыздарды ұнатпайды. Тілегін қабыл­­дамайды. Мен болсам… бір ғана жыл сұрай­мын. Құдай үшін ол не, бір жыл деген?! Түк емес! Бере салады. Келесі жаңа жылда тағы да бір жыл сұрай­мын. Қана­ғатшыл­дығым үшін Құдай тағала оны да бере салады. Мінеки, менің құпиям!

Жұрт көп жасаудың Әбекең тапқан әдісін естіп таңдай қағып бас шайқасты.

– Әбеке, намаз оқуға қалайсыз? – дедім сол әңгі­меден кейін.

– Оқиын… соның тәртібін қағазға түсіріп бере қойшы! – деді.

Мен шалдың көне кет­кеніне қуанып ұзатпай намаз дұғаларын мөлдіретіп қағазға түсіріп әкеп бердім. Арадан ай өтті.

– Әбеке! Намаз дұғалары не болды?! – деймін ақырындап, шошытып алмайын дегендей.

– Сол қағазы құрмағырды жоғалтып алғаным…

Араға тағы да бір ай салып намаз дұғаларын мөлдіретіп қағазға түсіріп тағы әкеліп бердім.

– Тағы да жоғалтып алма­ңыз! – деп ескерттім. Бірақ, бұ жолы үмітімнен гөрі күдігім басымдау. Соным расқа шықты. Арадан айлар өтсе де бұл үйде сәждеге жы­ғылып жатқан шалды көре алмадым. Есіме бір әдеби кейіпкер орала берді… Кім еді, сол құрғыр?! Тфу, Судыр Ахмет екен қой!!! Мына шал тура сол Судыр Ахмет қой аумаған! Өзіңе де сол керек, Судырдың сөзіне сенген.

Намаз оқымаса да, аға­мыздың жүрегінде иман жүреді. Соның талай куәсі бол­дым. Әбекең танысын, танымасын қабырғасы қайысып қарапайым жандарды аяп жүреді. Солар қиналып жатса бірге қиналады. Жол бойында бала көтеріп тұрған әйел көрінсе соны машинасына отырғызып сұраған жеріне апарып тастайды. Бір күні жол бойында сондай баласын көтеріп тұрған қазақтың жас келіншегін машинасына отырғызады. «Жұмыс істейсің бе?» дейді. «Мына баланы балабақшаға орналастыра алмай жүрмін. Орналастырсам, әрине, істеймін» дейді бейтаныс келіншек. «Онда ме­нің телефонымды жазып ал! Орналастырайын!» дейді. Тиісті жерлерге барып әлгі келіншектің баласын балабақшаға орналастырып береді. Көп ұзамай келіншек телефон шалады. «Ата, жұмысқа орналасуға да бір көмегіңіз керек болып тұр?!». Әбекең тиісті орындарға барып жүріп бейтаныс келіншекті жұмысқа да орналастырады. Көп ұзамай келіншек тағы телефон шалып тұр дейді. «Ата! Үй мәселесіне де бір көмек бер­сеңіз! Пәтерім жоқ еді…» деп. Пәтер демекші, Әбекең бастық­тардан пәтер алуға келгенде мәтіби, шебер. Төңірегіндегі талай іні-достарын баспаналы етті. Соның ішінде біз де бармыз. Өкінішке қарай, Әбекеңнің сол жақсылықтарын ұмытып кететіндер де жоқ емес. Ондайда Әбекең қатты қиналады. Өйткені, Әбекең жұрттың бәрін өзіндей көреді. Өзі болса достыққа адал. Достарына балаша сенеді. Сол сезіміне сызат түссе, шалқасынан түседі. Балаша өкпелейді. Бірақ, солай болды екен деп Әбекең дүниеден түңілмейді. Қолдан келгенше қиналғандарға жәрдем бере береді. Біреуге көмектесіп сол кісінің шаруасы шешілгенде онымен бірге қуанады. Әбе үшін ең үлкен қуаныш сол. Адамға жақ­сылық жасап қуану. Бұл қасиет қайдан десек, обал-сауап бесігін көрген иманды қоғамнан шыққан алаш зиялыларына тән қасиет екен. Әңгімеміздің басында солдат шинелімен Алматыға келген Әбе жайлы айттық. Жат қалада жан танымайтын бала жігіт­ті, Сәбит Мұқанов бастаған ел аға­лары алақанға салып қалай қарсы алғанын айттық. Осы бір ірілік, кеңдік, кісілік кешегі Алаш алыптарына тән қасиет болыпты. Әбе, сөйтсек, сол алыптардың арасынан келген, арамызда жүрген көзі екен.

Өкінішке қарай, тоқтаусыз жөң­­кілген замана көші қатыгез. Салдыртып тартып барады. Бүгін барлар ертең жоқ. Алыптар ауылы әлдеқашан үдере көшіп кеткен. Олар көшкен жұртта алайда бітімі бөлек біреу жүр. Ауыл­дастарынан адасып қалғандай. Жалғыз жүр. Жаратылысы бөлек жан. Ол – Әбе. Алаш алып­тарының соңы. Тегіне тартып тау көтерген Толағай.

Смағұл ЕЛУБАЙ.

жазушы

Abai.kz

0 пікір