Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Тұлға 5817 0 пікір 12 Қараша, 2014 сағат 12:04

МҰСТАФАНЫҢ РУХЫ

 Менің бір өкінішім, қаншама ықыласты ниетім болғанымен, елге келіп, елпілдеген қазақи көңілдің құшағына оранып, мейірімділік бақытының базарына кенеліп жүрген  Мұстафамен  көзі тірісінде ұшыраса алмадым...

    Ол кезде «Қазақстан» телеарнасы қара шаңырағында Қоғамдық саяси редакцияға жетекшілік ететінмін. Мұстафаның осы шаңыраққа бірнеше рет келіп қазақтың жалпақ тілімен шүйіркелесіп әңгіме өткізіп кеткенін де әріптестерімнен естіп біліп жүрдім. Ол кезде мемлекеттік жалғыз телеарна болған соң елді елең еткізетін хабар ең алдымен осы шаңырақтан тарайтын, осы жерден көрсетілетін. Ата жұртын сағынып келген Мұстафаның елге келгендегі алғашқы барлық қадамы мен өткізген кездесулері осы шаңырақ  арқылы сол кезде елге жетті, бұйра шашы желбіреген атпал азаматымыз ел махаббатына бөленді. Тірі аңызға айналды.

     Сол кезде домбыраның қоңыр дауысымен Тұңғышбайдың орындауындағы Мұсатафаға арналаған «Барып қайт, балам, ауылға» әні самалға қосылып бүкіл қазақ даласын тербеп шарлағандай болды. Оның Алматыдағы Орталық стадиондағы кездесудегі айтқан: «Мен ұлы қазақтың бір жаман баласымын. Осы ауылдың баласымын. Қысқаша айтқанда мен солмын», - деп күліп тұрып айтқан жүрек жарды ықыласты сөзі сол кезде қазақы қаны бар әр кеудеге от болып қонды және сол қарпайым сөзі қонған әр кеуде оған мақтанышпен, зор сүйіспеншілікпен қарады. Сол сүйіспеншілік иелері оны жадынан шығармады, елеңдеп үміт артты. Сондай жанның бірі мына өзім болдым.

    Мұстафа Өзтүрік ата қоныс еліне  шоқ болып келіп  алау болып жанып кетті.  Оның елге оралуымен мыңдаған ұл қыз спорт ойындарына тартылды. Ол аз ғана уақыт аралығында Қазақстандағы қаншама мектептерге, интернаттарға, балалар үйлеріне қайырымдылық қызметтерін көрсетуге күш жұмсады. Ата бабасының туып өскен жеріне жеткен азаматтың «Аллатағалама мың алғыс, енді туған жерде өлсем арманым жоқ»- деген лебізін жиі қайталайтынын әрдайым естуші едік, сол тілегі періштенің құлағына шалынып кетті ме, 1995 жылдың 15 наурызында 41 жасында, қыршын жаста өмірден өтті. «Елім, туған жерім»- деп келген азаматтың Отаным деп соққан жүрегі ертерек тоқтады.

   Жаратушының әр адам баласына молынан берген, бірақ пендегершілікпен жүргенде өзіміз аңғара бермейтін бір ұлы қасиеті бар. Ол – рух. Рухтың екі дүниелік тіршілігі бар. Рух жақындығы, рухани жақындық осыдан шығады. Рух – жаныңда жүргенде жақсы - жаманды сездіреді, болатын жайтты білдіреді, тіпті кейбір хабарды мойында, мойындама – айна қатесіз жеткізеді де. Осы бір түйінді пікірді айтқанда Мұстафаның рухы менімен үнемі бірге жүргендей сезінемін.

    Мұстафа өмірден озып, туған топырағы Түркияға сүйегі жөнелтілетін күні жанашыр елі оның өмірден өткенінен ә дегенде толық хабардар да болған жоқ, тіпті емханаға қандай жағдайда түсіп қалғанынан да нақтылы хабарсыз болды. Мен сол күні, қазір ғой екі үйдің бірінде тұрған, сол кезде республикалық «Қазақстан» телеарнасына әзер жеткен бес Panasonic камерасының бірін әзер алып, сол кездегі Алматы станциясының бастығы, «Қазақстанның Құрметті теміржолшысы» Әмірхан Төреханов жайлы телеочерк дайындағалы келе жатқанмын. Вокзал маңындағы сол кездегі Ташкент, қазіргі Райымбек даңғылы бойында орталық мешітке қарай ағылып бара жатқан көшедегі адамдар нөпірін көріп, көз тамырым тартқыштай берген соң, аялдап сұрауға тура келді. Қайран Мұстафа Өзтүрік өмірден озыпты! Сол кезде өз елінің махаббатына айналған Өзтүрік, аты аңызға айналған Өзтүрік, қыршын жастағы Өзтүрік! Елім деп  келген Мұстафаға туған жер топырағы да бұйырмай сүйегі Түркияға кеткелі жатыр екен!  Еңіреген елдің соңынан ілесіп, жұмысты жиып қойып, мен де кете бардым.

    Ол кезде бүгінгі Бас мешіттің орынында ескі мешіт болатын. Мұстафаның сүйегі сонда жеткізіліп, кіре беріс үлкен есіктің алдына қойылыпты, мәйіт қазақтың көк туымен жабылыпты. Менің білетінім - бұл мешітте мұндай жоралғы, қаралы жиын бұрын соңды өтпеген.   Қаралы жиынды мемлекет қайраткері, сол кезде уақытша қызметте жоқ болуы керек, танымалы қазақ жастарының жетекшісі Серік Абдрахманов;

       -Алтынымыздан айырылдық. Жарқыраған жұлдызымыз сөнді. Қабырғамыз қайысып тұр. Әдемі сөйлейтін жер бұл жиын емес шығар. Дегенмен, соңғы кезде қалыптасқан дәстүр бойынша қаралы жиынды ашық, -  деп бастады.

   Мұнан соң сөз алған дін қайраткері  Халифа Алтай шағын дұға оқып, қысқа аятта әрбір өмірге келген адам баласының дүниеге келген соң пәниден қайта  өтетіндігін айтты. Өлмейтін адам жоқ.  Бірақ, сол ажал біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Мұстафа бауырымыз жүре тұрса болатын еді. Бірақ, жаратушы осылай етсе не шара? Қазаға сабыр тілейік. Разы болуымыз керек, шүкіршілік етейік. Әр адамға жанашырлық көрінісі көркем жаназа осындай-ақ болсын. Қаншама адам жиналып отыр. Айтуға қиын болса да, бұл да жанашырына - қуаныш, әрі жұбаныш. Бұл Мұстафа бауырымыздың халықтың баласы болғандығын, халқы оны сүйгендігін көрсетеді.  Мұстафа бауырымыз да өз халқын ерекше сүйетінді. Мен мұны қуаныш деп есептеймін. Мұнан соң тебірене сөз алған ақын марқұм Қажытай Ілияс;

    - Әкеден жалғыз еді, мына бүркіт деген құс көп жұмыртқаламайды Бір-екі ғана жұмыртқа шығарады. Бұл жігіт ержүрек Қабанбай батырдың  тұқымы.  Қазір он миллион қазақ осында болса, мына жаназа басқаша болар еді деп сөзінің соңында кемсеңдеп, кейін кітабына енгізген; 

Бағым-ай, базарым-ай, бауырым-ай!

Қазаның жер көтермес ауырын-ай.

Әр елде жүгі жанып, күлі қалып,

Жұлдыздай шашыраған ауылың-ай!

Қыран ең еркін өскен қорғаламай,

Тұңғиық түсті екенсің торға қалай.

Құсбегі аз, тауықшысы көп заманда,

Қазақтың қайта-қайта сорлағаны-ай!

Ел шерлі, досың мұңды, үйің нарау,

Ошағың қиыр жетпес қиырда анау...

Еліңе «Елім-айлап» келсең дағы,

Топырақ Ата жұрттан бұйырмады-ау деп еңіреп аяқтады. Үркектей өткен осы қысқа қаралы жиынды жабарда  С. Әбдірахман;

    - Бүгін қоштасып қалайық деп осы жиынды да аяқ асты ұйымдастырып отырмыз. Көп ресмилік жоқ. Бейіт басында ешкімге айып тағайық деп отырғанымыз жоқ. Бізге енді кешіре қараңыздар. Мен енді осы микрафонды қолыма алып тұрған себебім, 1990 жылы Мюнхенге барып, Мұстафаға барып, көріп, танысып, тірлігін байқап, Ата мекенін сағынған сезімін байқап, «келде кел»- деп сол жылы шақыртып алған едім.  Міне, енді шығарып салып тұрмыз. Азаматымызға Ата мекеннің топырағы бұйырмағаны қабырғамызға батып тұр. Амал қанша, анасының айтуынан аттай алмадық. Сол себептен сіздердің аттарыңыздан «бауырым қощ»- деп айтуға тура келіп тұр. Қош бол бауырым, топырағың торқа болсын.

 Серіктің айтқан осы соңғы сөзі жаназаға қатысқан көпшілікті қайыстырып кетті, теңселдіріп кетті. Соның  көрінісі  осы қаралы қоштасудан соң тобын жазбаған қаралы шеру Мұстафаның үлкен бейнесін алдарына ұстап  Алматы мешітінен Алматы аэрпортына  қарай Сүйінбай көшесімен сап түзіп сапар шекті. Оған ешкім бөгет бола алмады.

     Жазып сызатын адамдардың кейбір тарихи деректерді өз мұрағатында жәдігер етіп жинайтыны бар. Менің сол күні видио камераны жұмыс бабымен ала шыққаным кәдеге жарап, сол қаралы сәтте  аэропортта, Мұстафа деп қабырғасы қайысқан азаматтардың біразының айтқан әңгімесі бүгінге жетіп отыр. Қарап отырсам ол азаматтардың да біразы бақилық болыпты. Бұл жәдігер - Мұстафаның алдағы 60 жылдығы мен төрт-бес айдан соң оның өмірден озғанына 20 жыл толу қарсаңында елді ойландырар, Мұстафаның кім болғанын бүгінгі ойлы ұрпаққа жеткізер құнды дүние болар деп ойлаймын.   Осы мақалада сол бейне таспадағы біраз азаматтың көз жасын көл ете отырып сөйлеген сөзін қысқартып бере кеткеннің артықтығы болмас деп отырмын.

     Берікболат Бейсекенов;

-          Бүкіл қазақ мұсылман қауымы, Алматының бүкіл азаматтары, қазақпын дейтін азаматтар бүгін Мұстафаны шығарып салып жатыр. Мен Мұстафаның ең жақын досы едім. Екінші жағынан екеуміз туысқан едік. Ата бабасы жатқан жерге апарып құран бағыштатып едім, бүгін міне енді досымды, бүкіл ел білетін досымды, бүкіл жұрт, бүкіл әлем білетін досыммен қощтасып отырмыз. Тіпті ауыр болып тұр. Бұл азаматты қазақ жеріне жерлеуіміз керек еді, бірақ та Мұстафның анасының тілегімен сол Түрік жеріне сүйегі кетіп бара жатыр. Өйткені мен өзім телефон арқылы жарты сағат сөйлестім, өзінің жақын ағасымен. Оған Мұстафаның анасының айтқаны «Менің ұлым, халықтың ұлы, елдің баласы, бүкіл қазақтың баласы, сендердің балаларың, бірақ та сүйегі менікі. Әкесінің жанында болсын. Басына барып тұрам, құран бағыштап тұрам депті, содан сол жаққа шығарып барамыз. Сондықтан бүкіл қазақ бұл азаматты ұмытпауымыз керек. Әрқашанда Мұстафаның әруғына бағыштап, әрқашанда біздің қазақтың Мұстафадай азаматы болғанын біздің қазағымыздың екінші Қажымұқаны болғанын ешқашанда ұмытпауымыз керек ағайын.

Серік Әбдрахманов:

  -Бұл ғасырда кім бар десек Мұстафа бірден еске түседі. Палуандығымен, жүрегімен, ақылдылығымен, білімділігімен. Аллайда Үкімет үнсіз қалды. Осындай жүз жылда бір туар азаматы кетіп бара жатқанда соңғы сапарына сондай сый құрметті халықтың атынан көрсете алмадық.

Бексейт Түлкиев:

    -Досым, әрі ұстазым өзің айтушы едің ғой. Бексейт, сен менің ақыреттік досымсың деп. Сен елдің намысын қорғайтын азаматтарды тәрбиелейтін өнеріңді үйретіп, оларды тәрбиеледің. Бес жыл бойы Қазақстанда спорт абройын бірге көтердік, бірге жүрдік. Бес жылдың ішінде жарқырата еңбек еттің. Біздің тайквондо шеберлерінен қаншама қара белбеулілер дайындап кеттің, Біздің арманымыз  мүмкін әлі толық орындалмады,бірақ орындалады.  Анаңның сөзінен аттап кете алмадық. Сондықтан Мұстафа Сенің ісің мәңгілік. Мен дос ретінде де, федарция жетекшісі ретінде де сол арманыңды іске асыруға күшімді саламын. Жанымда жігіттер бар. Жәнібек бар, Мақсұт бар, сен армандаған Қазақстанда кем дегенде сендей талантты ұлдарды   бар күшіммен тәрбиелеймін деп қаралы жұрттың алдында серт беремін. Досым Мұстафа, сенің арманыңды - ұлдарың, қыздарың, кейінгі шәкірттерің орындасын.

    Аннаңның сөзіннен аттап кете алмадық. Көктөбеге сүйегіңді қоя алмадық. Сен айтушы едің: «Адамның өмірі мәңігілік болу үшін достардың жүрегі мәңігі бірге соға білу керек»- деп. Аңыз болып қалдың. Бес жылда әлемге танылдық. Сен өз өміріңді мәңгілік деп сана. Сенің өз өмірің мәңгілік. Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын досым.

      Халифа Алтай:

-         Түркиядағы ағайындарға елден рахмет айтып барамыз. Жаназда тағы бір нәрсені айтуымыз керек. Мұстафаға қарызы бар, алашағы бар азаматтар бар ма? Осы жерде айтып қалыңдар, азаматтың мойнында қарыз кетпеуі керек.

    Ратбек Нысанбай:

  - Дұрыс айтады, шариғат үкімі бойынша ақыретке қарыз болып кетпеуі керек.  Біреуден қарыз алды ма алмады ма соны сұрап біліу өте орынды. Бұл шариғи жолымен бауырымызды шығарып салғанымыз болады. Міне, қарызы жоғын білдік. Сауаптан болсын бауырымызға

Х.Алтай:

- Алматыдағы мешітте мен көргелі алғаш рет мемлекет басшылары болсын, депутаттар болсын, басқа қайраткер азаматтар болсын қазақтың көк туына оралып жаназасы шығарылған емес. Тұңғыш рет осындай жағдайда Мұстафаның жаназасы мешітте оқылды. Аллатағалам мұндай абройды екі адамның біріне бере бермейді. Қайғырып тұрып мен осыған қуандым.

 

     Қаралы халықтың Мұстафа бауырымызды өзінің туған топырағы Түркияға осылай шығарып салғаннан кейін жоғары жақтан нұсқау болмаса да сол кездеге директорымыз, марқұм Рафаель Жұмабаевпен келісіп, «Мәңгіліксің Мұстафа» деген тақырыппен келесі күні кешкілік бағадарламада қайталауда тұрған бір хабарды алып тастап, 25 минуттық хабар етіп өткізіп жібердім, соған лайық ұрықсатсыз хабарды эфирден жібергенім үшін сол кезде тиісті таяғын да жедім. Сол айқаймен жүргенде өзім дайындаған хабарды көзімнің қарашығындай өзімде сақтап қалуға мүмкіндік туды.

     Енді мақалада қойылып отырған тақырыпқа оралайын. Мұстафаның рухы дегеннен шығады, өзім жасаған осы хабардан соң бұрын спорт жұмысымен айналыспаған маған біраз осы бағытқа бет бұруға тура келді. Мұстафа өмірден озған соң өткен айт мерекесінде анасы Разиямен ұшырастым. Сол жерде Халифа Алтай ағамызбен бетпе-бет ұшырастырып, Мұстафаның сүйегінің Түркияға кету себебі жайлы сұрадым. «Мұстафаның сүйегін Түркияда жерлеуге  Халифа Алтай себепкер болды деп жүргендерге айтарым, шындығында олай емес, керісінше осында қалдырайық деп ақыл қосқан алғашқы адам осы кісі болды, бірақ ол кезде менің пәлен деп айтарлық шамам жоқ еді ғой, ана деген елден асып қайда барушы еді, елі осылай ұйғарды деп сүйегін осында қалдырса менің қолымнан не келуші еді?» деп менің өзіме сұрақ тастады ол кісі. «Қап ай ә...» деп ойланып қалдым...

    Мен 2006 жылы Қазақстан Республикасының туризм және спорт жөніндегі агенттігіне қарасты Алматы қаласындағы Әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Асқар Шахиев атындағы таэквондо клубының президенті болып сайланған соң, клуб жұмысын жандандыруда, жастарды осы бағытта тәрбиелеуде, біраз жұмыстар жасауға тура келді. Оралда болып есімі елеусіз қалып бара жатқан А.Шайхиев туралы мәселені қайта көтеруге тура келді. Ұстазынан соң ұзамай қанды қол қарақшылардың қолынан қаза тапқан Бексейіттің 50 жылдығына байланысты Алматыда өткен турнирдің ұйымдастыру жұмыстарына араластық. Оған арналаған, жастарды Бексейттің жолына шақырған «Бексейтшіл жастарға» толғау жырым сол жиында оқылды. Пекин олимпиадасында таэквондодан қола жүлдемен оралған Арман Шілмановты бас жаттықтырушысы Мақсұттың өтінішімен менің батаммен Бас мешіттен шығарып салып, келгенде  Целиный кинотеары алдындағы мейрамханада салтанатты дастарханда күтіп алдық.  Сонда оқылған Арманға арналған арнау өлеңім сол кезде «Спорт» газетінде жарияланды. Ол кезде олар бәлкім «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы екендігімді ескерген болар.

     Бұл деректерді келтіріп отырғаным, осы жұмыстың бәрін атқарып жүргенде менің қасымда үнемі Мұстафаның рухы бірге жүргендей болады. Рух өлмейді, жақсы жандырдың рухы екі дүниеде қатар жұмыс жасай береді деуім содан.

    Қазір алдағы келе жатқан Мұстафаның 60 жылдығы мен өмірден озғанына 20 жыл толу күндеріне орай мұрағатымда сақталған сол бейне фильмімді қайта қарап, эфирге әзірлеп жатырмын, демеуші табылып жатса, ұзамай жарық көріп қалар. Мәңілік өмір иесі Мұстафа сияқты азаматтардың есімі мен жарқын бейнесі әр қашан да халық жанында бола бермек.

 

 Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

Жазушы

 

Abai.kz

0 пікір