Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Даңғыл 4820 0 пікір 17 Қараша, 2014 сағат 16:34

ЖОЛДАУДЫҢ ТҮЙІНІ - АЛЫСТЫ ЖАҚЫН ЕТУ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 11 қарашасында Қазақстан халқына жолдауында Астанадан барлық бағыттарға автокөлік, темір жол және әуе магистральдары тарайтындай көлік желісі құрылатынын мәлімдеді. «Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 жұмыс орны ашылады. Бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған»,- деді Елбасы жаңа жолдауында.

Мемлекет басшысы көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатынын айтты. Инфрақұрылымдық қаңқа Астана мен макроөңірлерді магистральды автокөлік, темір жол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Соның ішінде, бірінші кезекте негізгі автокөлік жолдары жобасы іске асырылады. Атап айтқанда, Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Алматы – Өскемен, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань.

Мәселен, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізінің қазақстандық бөлігінің құрылысы 2015 жылы аяқталады деп жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, еліміздің аумағы арқылы өтетін ұзындығы 2787 шақырымды құрайтын алып дәліздің бүгінге дейін 1728 шақырымы салынып біткен. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің автокөлік жолдары комитетінің басшылары хабарлады. Комитет төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың айтуынша, 2014 жылдың соңына дейін Шымкенттен Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі учаске пайдалануға беріледі. «Алып жолдың құрылысы еліміздің төрт облысының – Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы аумағында жүріп жатыр. 2015 жылдың соңында біз осы көлік дәлізінің қазақстандық барлық бөлігін салып бітіруді жоспарлап отырмыз. Алайда, Қытай Халық Республикасының шекарасында өткізу нүктесін ашу қажет болғандықтан, үлкен тас жолдың қазақстандық бөлігі толықтай 2017 жылы пайдалануға беріледі»,- деді А. Беков Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында.

Ең бастысы, Елбасымыздың тікелей бастамасымен іске асырылған «ғажайып жоба» жүк тасымалының уақытын бірнеше есеге дейін қысқартады. Салыстырып қарайық, егер Қытайдың Ляньюньган портынан Ресейдің Санкт-Петерборына жөнелтілген жүк Суэц каналы арқылы жүрсе – 45 күнде, Транссібір магистралімен жүрсе – 12-15 күнде, ал Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізімен жүрсе – 8-9 күнде жетеді екен. Демек, алып автокөлік жолының транзиттік әлеуеті ұшан-теңіз. Содан кейін, бұл дәліз Қазақстанның халқы тығыз қоныстанған бес өңірінің – Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының үстімен өтеді. Яғни, Елбасымыз айтқандай, күре жолдың бойындағы тіршілік қыз-қыз қайнап, аймақтар арасындағы өзара байланыс арта түседі.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің батысында теңіз инфрақұрылымын құру жалғасатынын мәлім етті. Экспорттық әлеуетімізді арттыру үшін Құрық портынан ауқымды паромдық өткел салынатынын жеткізді. Қазірдің өзінде Елбасының тапсырмасымен Маңғыстау облысындағы Құрық портына апаратын Ерсай-Боржақты темір жол желісін салу жұмыстары басталып кетіпті. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, Құрықтағы паромдық кешенді салуға нақты тапсырма берілген. «Неліктен бұл жерде паромдық кешен бой көтереді? Себебі, Құрық порты осы кешеннің көмегімен дамитын болады. Өйткені, қазіргі кезде кемелер аялдайтын бір ғана айлағы бар Ақтау порты жүк тасымалына шамасы келмей жатыр. Оған қоса, Жезқазған-Бейнеу темір жол желісінің ашылуы көптеген мүмкіндіктер туғызуда. Әсіресе, жүк тасымалының ағыны ұлғаятын болады. Сондықтан, Құрық портындағы паромдық кешен көп ұзамай бой түзейді»,- деді А. Айдарбаев.

 

Әмірлан Әлімжан.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1971
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2335
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1917
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1563