Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5477 0 пікір 19 Қараша, 2014 сағат 13:11

ШЫРҚА, «ДАЛА ДАУЫСЫ»

28-қараша күні Елорда төрінде III халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалі өтеді. Қазақ радиосының мұрындық болуымен  осымен үшінші рет өткізіліп отырған қазақтың дәстүрлі және заманауи әндерін асқақтататын бұл ән байқауында «Дәстүрлі ән», «Академиялық орындаушы», «Эстрада», «Этно эстрада», «Жаңа есімдері» аталымдары бойынша бақ сынап, жеңімпаз атанған орындаушылар салтанатты түрде марапатталады.  

«Әу» демейтін қазақ жоқ. Кезінде әсем дауысымен қазақтың дәстүрлі әнін шырқап, оны әлемге мойындатқан Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Дәнеш Рақышев, Қайрат Байбосынов, Еркін Шүкіманов, Жоламан Құжыманов, Жамал Омарова сынды күміс көмей әншілерінің салып кеткен сара жолын үзбей, қазақтың ән өнерінің әлеуетін асқақтату мақсатында 2012 жылы Қазақ радиосының бастамасымен «Дала дауысы» жобасы ашылды. Бұл – қазақ музыкасы арқылы ана тілімізді әлем халықтарының арасында барынша насихаттайтын еліміздегі бірінші әрі, жалғыз радиофестиваль. Басты талап - фестивальға қатысушылардың, тіпті ол шет елдік үміткерлер болса да, қазақ әнін нақышына келтіріп орындау. Сол себепті де осы аз ғана уақыт ішінде бұл жоба радиофестиваль шеңберінен асып, беделді музыкалық шеруге айналып отыр.

Кәсіби орындаушылар арасында аталмыш шараның жылдан-жылға  беделі өсіп, шет елдік орындаушылардың қызығушылығын арттыруда. Өткен жылы «Дала дауысы» родиофестиваліне қатысуға отандық әншілермен қоса, Ресей, Түркия, Қытай, Манғолия және Қырғызстаннан да үміткерлер ниет білдірген болатын.

Ал биылғы жылы өтініш Қытай, Ресей, Украина, Белорусия, Татарстан, Қырғызстан, Латвиялық орындаушылардан да келіп түсті. «Дала дауысының» іріктеу турынан өткен әрбір шығарма бірнеше миллиондаған тыңдарманға Қазақ радиосының эфирі мен ғаламтор арқылы тарады. Осылайша халықтың көңілінен шығып, 100%  дауыс жинаған үздік орындаушы байқау финалына жолдама алды. Ал, ақтық сайыста «Дала дауысы»  сыйлығының иегерлері 40% тыңдарманның дауыс беруімен, 40% мамандардың сараптауымен, 20% жоба ұйымдастырушыларының ұсынысы бойынша анықталады. Олардың есімдері III халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концертінде жарияланып, салтанатты түрде арнайы диплом және «Дала дауысының» эксклюзивті статуэткасымен марапатталады.

Ендеше  «Дала дауысы - 2014» халықаралық радиофестивалінде кімдер үздік орындаушы болып табылады. Дүбірлі өнер додасында кімдердің бағы шабатынын анықтайтын сәтте жақын. 

0 пікір