Жұма, 26 Сәуір 2024
Қазақ жері 7596 0 пікір 25 Қараша, 2014 сағат 12:02

БАЙҚОҢЫР БІЗДІҢ СТАНДАРТҚА КӨШЕДІ

Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты беріш болып қатқан тоң жіби бастаған сыңайлы. Осыған дейін өзім білемдікке салып келген Ресей тарапы Қазақстанның талабына мойынсұнғандай кейіп танытып отыр.

Көрші ел жалға алған айлақта осыған дейін орыс заңы үстемдік етіп тұрған болатын. Қаладағы тұрғындардың 65 пайызы қазақстандық азаматтар екендігіне қарамастан, білім беру мен әлеуметтік нысандары ресейлік стандарттар бойынша жұмыс жасауда. Тіпті, Байқоңыр мектептеріндегі оқушылар «Менің Президентім - Путин» деп оқып отырғанын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі қынжыла айтқан болатын. Оның сыртында ғарыш айлағындағы экологиялық қауіп-қатерді бағалау Ресейдің экологиялық кодексіне сай жүзеге асып отыр. Қазақ даласына жиі –жиі құлап түсетін «Протон-М» зымыран-тасымалдағышының ұшуын азайту мәселесіне де көршілер жүре қарайтын-ды...

Енді осы мәселелердің бірқатарына жауап табылатын сияқты. Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысында Байқоңыр тұрғындары үшін қуанышты жаңалық айтылып қалды.

Бұйырса, келер жылдан бастап қаладағы 6 мектеп қазақстандық білім беру стандарттарына көшеді.

Сондай-ақ, Ресей тарапы ғарыш айлағы аумағында қазақстандық экологиялық кодексін қолданатын болды.

Тағы бір қуанышты хабар, алдағы уақытта «Протон-М» зымыран-тасымалдағышының ұшуын азайту жайы да оң шешім тауып қалуы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір