Жұма, 26 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 6029 0 пікір 26 Қараша, 2014 сағат 09:13

БИГЕЛДІШЕ БЕЛДЕН БАСУ

Қазақ журналистикасында соңғы жылдар бедерінде біреуді жарнамалап, одан болмаса сын тезіне алып табыс табу үрдісі пайда болды. Мұны үрдіс дегеннен гөрі үдеріс деуге келтін шығар. Былайғы жұрт журналист мамандығын ежелгі кәсіптің екіншісі санайды. Ал біріншісін көптің бәрі жақсы біледі...

Баспасөз кеңістігінде жоғарыда біз айтып өткен үдерістен үрікпей, оны журналистік тың тәсіл деп есептейтін «ЦентралАзияМонитор» деген газет бар. Осы сары басылымның бас редакторы Бигелді Ғабдуллиннің газетті бопсалау құралына айналдырып алыпты деген алып-қашпа сөз естіліп қалып жүр. Уақытысында шет елге дейін асып, атағынан ат үркердей болған редакторды расында жоғары қызметтегі шенеуніктер жақсы таниды. Танымағанда қайтсін, өйткені Биекең танымағандарды «танытып» алуға машықтанған. Осы себепті олардың көбі  «аш бәледен, қаш бәле», «кәпір тоқ болса–мұсылман тыныш» деп сырт айналады. Мұны жақсы білетін редактор кез-келген арнайы тапсырысты орындайды, тек қаржысы төленсе болғаны. Бізде қандай да басшының соңынан «май шам» алып түспей-ақ қаза бастасаңыз талай былығын табуға болады. Мысалға облыс болмаса, аудан орталығына арнаулы журналист жіберіліп қырына іліккен басшының шалыс басқан әрбір қадамы жіпке тізіледі. Бейшараның кәсіби біліксіздігі, моралдық азғындағаны дейсіз бе, тапсырма алған журналист тіміскілеп редактордың тапсырмасын қалтқысыз орындап қайтады. «ЦентралАзияМонитор»  басылымын  қолға алсаңыз, осындай бір салқынның сызы байқалады.  Өйткені газеттің әр санынын оқып шығып Биекеңнің жоғары қызметте отырған қай шенеунікпен «әмпәй-жәмпәй», ал қайсысымен қырғи қабақ екенін айыру қиынға соқпайды. Бұрындары газеттің қырына іліккен әкімдер мен министрлер аз болған жоқ. Қосақ арасында кеткендер қатарында   ел алдындағы еңбектерімен абыройға жеткен Гүлшара Әбдіқалықова, Бердібек Сапарбаев, Қайрат Келімбетов сынды есімдер де кездеседі. Бұл тізімді ұзынсонар етіп созуға да болады. Бір қарағанда бірталай әкім мен министр Бигелді мырзаның қас дұшпаны екен деп ойлап қаласың. Бұл өзі қашан басталған үдеріс еді. Дей тұрғанмен, Габдуллин мырзаның  кезінде өзінің оппозициядағы серіктестерінен де осылай «кек» қайтарғанын қалың жұрт әлі ұмыта қойған жоқ болар. Сонымен бірге «Назарбаевсыз Қазақстан» деп ұрандатқаны да жадымызда. Саяси эмигрант боп мұхит асқанда расымен елдің жанашыры дегендер де болған. Соңы не болды? Елге аман-есен оралып кеудесіне орден, медаль тағып, «көрген теперішінің» қайтымына бүгінгі өзі басқарып отырған газетті сыйға алды. Мұндайда қарапайым адамның өзіңе «Бұл не қылған батпан құйрық» деген ой келмей ме? Газет материалдарының «жаптым жала, жақтым күйе» болып ешбер дерек, дәйексіз жазылуының өзі редактор ұстанымының түпкі мақсатын айқындайтын секілді. Сонда Бигелді мырза қасиет-кие қонған журналист мамандығын ежелгі бірінші кәсіп қатарына қосқысы келе ме?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz  

0 пікір