Жұма, 17 Мамыр 2024
Осы ғой енді... 5340 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 11:26

КЕҢЕСШІ: АҚША ЖЕУДІҢ ТАҒЫ БІР ТӘСІЛІ

Бүгінгі күні «тас лақтырсаң, кеңесші дегенге барып тиеді». Қазақ еліндегі атағы жер жарған кез-келген компания-фирма атаулының бәрінде де құрығанда бірден-екіден шетелдік кеңесші бар. Ал енді олар қандай кеңес беріп, көсегемізді қалай көгертіп жатыр – ешкім білмейді. Олардың тіпті қанша көлемде қаржы табатындықтарын да тірі жан білмейді. Білгің келсе, коммерциялық құпия дейді. Олардың айлығының көлемін білгеннен гөрі, біздегі мемлекеттік құпияны білу оңайырақ, ашығын айтқанда. Біреудің қалтасындағы қаражат атаулыны санаудан аулақпыз, әрине, әйтсе де қазақ болған соң қаптаған шетелдік консультант-кеңесші дегендердің қанша табатынын білгіміз келеді ғой. Қанша дегенмен де, төл теңгемізді қалтамыздан шытырлатып тұрып шығарып отырған жоқпыз ба?.. ӘЛҚИССА:

Біздегі бірінші нөмірлі кеңесші, әлбетте бәріміз жақсы білеміз, тұманды Альбион елінің экс-премьер-министрі Тони БЛЭР мырза. Баспасөз беттеріндегі мәліметтерге сенетін болсақ, бұ кісі 2011-ші және 2013-ші жылдар аралығында «алтыннан да қымбат ақыл кеңесі» үшін қазақ елінің салық төлеушілерінен жылына 25,7 миллион АҚШ долларын сыпырып алып отырыпты. Жә, кеңесші – кеңесшісімен дейік, мұндайлармен қоса біздің еліміз бір реттік («на разовые консультации» дейді ғой ресми түрде) ақыл-кеңес үшін де шетелден эксперт-маман шақыруға тым құмар. Жасыратын түгі жоқ, біздегі ірі-ірі деген кез-келген мемлекеттік бағдарламаларда шетелдік эксперттердің жазбаша қорытындылары (заключение) бар. Бір қызығы, шетелдік эксперттердің «алтыннан да қымбат»   ақыл-кеңестерінің бірінде қарапайым көпшілік біле бермей       ді. «ОНИ НЕДОСТУПНЫ». Ал енді олардың ешқандай да мемлекеттік құпияға жатпайтын қарапайым қорытындыларымен қарапайым халық таныса алмайтын болғандықтан, олардың өз қызметтері үшін қаншама КӨКҚАҒАЗДЫ (долларды дегеніміз ғой) қалталарына басатынын білу мүлде қияметтің қияметі. Мұндай ақпарат «вообще секрет!». Трансұлттық компанияда қызмет істейтін жақсы бір танысым маған тұп-тура осылай деді.

ХОШ дейік, ары кеттік. Жергілікті консалтингтік бір фирманың директоры жақында «жаңалық» ашты (мен үшін). Оның айтқанына сенетін болсам, еліміз егемен болғалы қазақстандық консалтингтік фирмалар арасында бір де бір рет тендер өткізілмепті. Оның айтуынша, еліміз тәуелсіз атанған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзіміздің де мықты-мықты деген кеңесші-мамандарымыз өсіп шығыпты. Алайда неге екені белгісіз, біздің Үкіметіміз шетелдік «спецтерге» көбірек көңіл аударғанды жақсы көреді екен. Ал енді «мұндай махинацияның астарында тағы қандай махинация жатыр?» дегенге келетін болсақ, мұның жауабы біреу-ақ: консалтингтік қызметке жарияланған ресми тендер бюджет қаржысының талан-таражға түсуіне жол бермейді. Міне, мәселе осында жатыр! Осы жерде назар аударатын тағы бір МАХИНАЦИЯ бар. Көпшілік біле бермейтін, алайда менің қолыма түскен бір мәліметке сенсеңіздер, еліміздегі 124 трансұлттық компанияның 55-і өздерінің біздің елімізде атқарған жұмыстары жөніндегі мәліметтерді мүлде жарияламайды екен. СЕКРЕТ, қысқасын айтқанда. Бұл «секреттің»  де себебін ешкім білмейді. Біреу білер, біреу білмес – біздің елімізге шетелдік кеңесшілер негізінен трансұлттық компаниялар арқылы келеді. Мәселен, кеңесшіні шақырған компания өнім өндірумен айналысатын болса, онда әлбетте, оған біздің өз маман-кеңесшілеріміз аздық қылады. Мұндай жағдайда Үкімет инвесторлар есебінен шетелдік кеңесшілерді елімізге шақырады. Дұрыс-ақ дейік! Ал енді елімізге келген кеңесшінің қызметі үшін оған ақшаны кім төлейді? Егер оған ақшаны қызметін пайдаланған компания төлейтін болса, онда бұл ПАРА        болып есептеледі. Ал егер ақшаны ҮКІМЕТ төлейтін болса, онда оның ШЫҒЫС (РАСХОД) деген мәліметінде шетелдік кеңесшілерге төленген сома неге ресми түрде атап көрсетілмейді? Түсініксіз.

Ал менің түсінгенім мынау ғана: отандық консалтингтік фирмалар арасында тендер өткізбей, керісінше миллиондаған «көкқағаздар» төлеп, шетелдік кеңесшілерді шақыру, оның қызметіне төленген бюджет ақшасын ашық жарияламай... жасыру – бюджет ақшасын опырып жеуге «негізделген» мемлекеттік мекемелердегі... МЕМЛЕКЕТТІК МАФИЯНЫҢ тірлігі ғана. Яғни, ақша жеудің тағы бір тәсілі ғана. Басқа ештеңе де емес!

Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2101
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2197
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1622