Жұма, 17 Мамыр 2024
Алаш арысы 10205 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 12:59

СӘКЕННІҢ СЫР САНДЫҒЫ

Биыл ақын, жазушы, қоғам қайраткері, композитор Сәкен Сейфуллинның 120 жылдығы. Осыған орай, ағымдағы жылы Сәкен Сейфуллинды ұлықтауға арналған түрлі шаралар өтті. Осы мерейтойлық шаралардың түйіні – қазақтың ұлттық классикалық музыкасымен қорытындыланбақ. Нақтырақ айтқанда, Сәкен Сейфулинның музыкалық мұрасы ел назарына ұсынылмақ. Осы орайда Сәкен атамыздың немере інісі Сәкен Орынбекұлымен сұхбаттасудың реті келген еді.


­- Сәкен аға, сіз Сәкен Сейфуллинге қанша атадан қосыласыз? Туысқандық байланасыт  тарқатып, айтып беріңізші.ү..

- Сейфулладан төрт ұл туады. Олар: Сәкен (Сәдуақас), Мәлік (Мәлгаждар), Әбен (Әбумүсілім, жастай қайтыс болған), Мәжит (Ғабдулмәжит). Сейфулланың кенжесі Мәжиттен менің әкем Орынбек дүние есігін ашқан екен. Сәкеннің артында ұрпақ қалмады. Мәліктің де тағдыры сондай қиын болды. Ал Мәжиттен үш ұл, үш қыз өмірге келген. Менің әкем солардың ішіндегі тұңғышы еді. Әкемнің Сейфолла атасымен бірге түскен суреті де сақталған. Репрессия кезіндегі қуғын сүрген Сәкендей атамыздың ғана емес, қызыл қырғын қаншама қазақтың ардақтыларының өмірін, отбасын, тұқымын тұздай құртып жіберді емес пе?..

- Өзіңіздің тоғыз перзентіңіз бар екен. Қазаққа кәсіпкерлікпен ғана емес, демографиялық тұрғыдан да үлес қосып отырғандығыңыз қуантады. Ұлтымыздан шыққан жағдайы жақсы көптеген азаматтардың бір-екі баламен ғана шектеліп жататындығы жиі кездеседі. Жарыңыз екеуіңіздің керісінше бала санын шектемей, қайта саналы ұрпақтың санын арттыруға үлес қосып отырғандықтарыңыз өзгелерге үлгі тұтуға тұрарлық-ақ емес пе?

- Әуелі біздің үш қызымыз болды. Әрине, артымыздан ерген ер баланың болғанын қаладым. Соны қатты армандадым. Сосын бір күні іштей ойладым, осы қыздарымды дұрыстап тәрбиелеп, қатарға қоссам да жаман емес деп... Сәтті күні әйелімнің аяғы ауырлады. Тағы да өмірге қыз келетін шығар деймін ішімнен, төрт қыз болса, несі бар екен? Қызды болу да үлкен бақыт қой! Оның үстіне, қыздар әкеге жақын болып өседі емес пе?! Мен солай ойлап қуанып жүрдім. Шүкір, бұл жолы ұл бала өмірге келді. Сосын жолдасым тағы да үш ұл, екі қыз өмірге әкелді. Не керек, 4 ұл, 5 қыздың әке-шешесі атандық. Қазір бір қызымыздан тұңғыш немеремізді сүйіп, ата мен апа атанып отырмыз. Соған қарап, құдайға мың да бір шүкір дейміз. 

- Жыл басында ақын атамыздың жолымен жүріп Сарыарқаның баурайына саяхат жасап қайтқан екенсіздер. Бұдан өзге де қандай шараларды атап өтер едіңіз?

- Атамыз жан-жақты өнерлі болған адам. Ақындығынан бөлек, композиторлығының өзі бір төбе. Ел мен жер үшін күрескен қайраткерлігінің өзі неге тұрады? Ол кісінің Алаш зиялыларына жасаған жақсылығы, басын бәйгеге тіккендігі енді ғана айқындалып жатыр. Бұл кездегі қайраткерлердің бәрі де ұлт үшін аяңбай еңбек етті. Тек олардың күресу үшін таңдап алған жолдары әрқилы еді. Соны келер ұрпақ дұрыс түсіну керек.

Сәкен атамыздың әндерін құрастырып, CD дискілер шығардық. Қайраткерді жаңа қырынан танытатын бірнеше зерттеу еңбектер де жарияланды. Бұл игі жұмыстардың бәрін де ықласыммен қолдадым. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқу ордаларында Сәкен Сейфуллинге арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылуда. Олардың бәріне тікелей өзім қатысып жүрмін. Мамыр айында Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайы «Сәкен Сейфуллин жүрген жерлермен» атты экспедиция ұйымдастырған болатын. Мұражай директоры, ақын Несіпбек Айтұлы, белгілі мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, ақын Серік Тұрғынбекұлы, ардагер журналист Амантай Кәкен, қаржыгер Сәбит Қарашолақов, дәрігер Әбілхакім Ақмұрзин, кәсіпкер Еркін Сүлейменов, мұражай қызметкері Ержан Жаубай экспедицияға мүше болды. Олардың қатарында, әрине, өзім де болдым. Сәкен Сейфуллинның «Тар жол, тайғақ кешу» романында көрсетілгендей ел аралап, Ақмола өңірінің оңтүстігінде, оның ішінде қазіргі Нұра, Жаңаарқа, Шет аудандарындағы ақынның басып өткен ізімен жүріп өттік.     

- Енді осы Сәкен жылының салтанатты жабылуына орай өткізілетін қортынды кеш туралы аз-кем айтып берсеңіз...

- Бұйырса, ертең, 10 желтоқсан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының концерттік залында «Сәкеннің ән сандығы» атты музыкалық концерт өткіземіз. Шараны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры бірлесіп атқарады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлованың жетекшілігімен атаулы оқу орынның стденттері Сәкен Сейфуллинның «Аққудың айрылуы» поэмасының желісімен көрініс қояды. Әнші, драматург, әртіс, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Қанат Жүнісов Сәкен Сейфуллинның бейнесін сомдайды. Одан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР халық әртісі Жәния Әубәкірова, сәкентанушы, профессор, ф.ғ.д. ҰҒА академигі Тұрсынбек Кәкішев кіріспе сөз сөйлеп, концерттің шымылдығын түреді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория хорының (хор жетекшісі – ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Базарғали Жаманбаев) орындауында ақынның елді бірлікке шақырған «Жас қазақ марсельезасы» сахнаға жол тартады. Сондай-ақ, сыбызғышы Талғат Мұқышев Сәкеннің «Тау ішінде» әнін сыбызғымен сызылтып орындайды. Кеште Сәкеннің төл шығармашылығы бойынша «Көкшетау», «Тау ішінде», «Бабаларыма», «Ақасақ киік», «Сарыарқа», «Ұйқыдағы ару», «Анаға», «Жеткіншегім тартынба», «Сыр сандық», «Әупілдекке жауап», «Қамауда», «Түс», «Арқа сұлуына» (әні Т.Құтжановтікі) және тағы басқа әндер шырқалады. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллинге арналған Жағыпар Әлімхановтың (сөзі Кәкімбек Салықовтікі) «Сәкен аға» әні, Хасен Қожа Ахметтің «Кетпейтін естен» әні, Кәкімбек Салықовтың «Үш арыс» әні (Сәкен, Ілияс, Бейімбет туралы) халық назарына ұсынылмақ. Концертте ақынның шығармашылық жолының қалыптасуына зор әсерін тигізген әйгілі Үкілі Ыбыраймен кездесу сәті, халық әндері «Әупілдекпен», «Кидім камзолмен» сусындап ер жетуі, Сейфулланың күйшілігі, әйдік өнер иесі Сайдалы сары Тоқаның күйін бір тыңдап алмай шығарма жазуға отырмайтындығы, ұлы күйші Әбікен Хасеновтың Сәкенге арнап күй шығаруы және тағы басқа мәселелер қамтылатын болады. Шығамашылық кеште Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Толғамбай Сембаев, Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Исатаева, Жанар Айжанова, Серік Оспанов, Еркін Нұрқанов, Гүлнәр Арынова, Тельман Құжиманов, Қанат Жүнісов, Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы, Саят Нұрғазин, Жасұлан Сақаев, Нариман Әбдірахманов, Ораз Жаңабаев және тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетеді. Концертке келемін деушілерге есік ашық!

Жазып алған  Арман Әубәкір.

Абай.kz              

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2101
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2198
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1623