Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 6498 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 21:02

«ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІНІҢ» МЕРЕЙІ

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақ газеттері» медиахолдингінің 15 жылдық  мерейтойына орай «Қазақстандағы ақпараттық үдерістер: замана талабы мен талғамы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына алыс және жақын шет елдердің ғылыми қауымдастығының, сарапшылар қауымдастығының өкілдері мен ЖОО оқытушылары, магистранттары, докторанттары қатысты. Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева құттықтау сөзбен ашты. 1999 жылы ақпарат айдынында желкен құрып, сол уақыттан бері ұлт мүддесіне қызмет етіп келе жатқан «Қазақ газеттері» серіктестігі ҚР Президентінің Өкімі негізінде құрылғанын айта кеткен жөн. Өз қызметінің негізгі мақсатын тіл, тарих, мәдениет және әдебиет, сондай-ақ рухани адамгершілік құндылықтар мәселесін көрсетіп отыратын мерзімдік басылымдарды қолдау деп айқындап алған медиахолдингтің құрамында бүгіндері алты беделді басылым –«Ана тілі» ұлт газеті, «Экономика», «Ұйғур авази» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары кіреді. Серіктестікті әр жылдары жазушы, журналистер Жұмабек Кенжалин, Мереке Құлкенов, Бауыржан Омаров басқарды.

Конференцияда «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры-Редакторлар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті сыйлығының иегері Жұмабек Кенжалин баяндама оқыды.  

«Өзінің шаңырақ көтергеніне 15-ші жыл толып отырған «Қазақ газеттері» серіктестігі мен оның құрамындағы мерзімді басылымдар да аға ұрпақ дәстүріне адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл қаламгерлеріміздің туған топырағымызды, Қазақ елін ең асыл құндылығымыз деп тұшынуынан, Тәуелсіз мемлекетіміздің ізгілікті қадамына шын қуанып толағай табысын әспеттеп, әуезелей білуінен, ұлт мұратын ұлықтау жолындағы кешенді шараға білек сыбана кірісуінен айқын байқалады. Біз қазір Ахаң армандаған қоғамда өмір сүріп отырмыз. Қазақ елінің атақ-даңқы жер-жаһанға мәлім болды. Тәуелсіздік атты қастерлі ұғымның қадірін сезініп, тұшынып келеміз. Ал бірақ, қоғамдық дамуда ешқандай тақтайдай түзу жол болмайтыны тағы анық. Оның кедір-бұдыры, қисық-бұралаңы кездесетіні заңдылық. Міне, соның бәрінен ақылымен асу, биіктікті бағындыру шын шеберлердің ғана қолынан келген» деді Жұмабек Омарұлы. Бұдан кейін Жұмабек Кенжалин серіктестіктің бүгінгі тынысы жайлы, заман ағымына байланысты енгізілген заманауи технологияларды, басылымдардың сайттары жайында кеңінен тоқталды.

Қазақ журналистикасының ардагері, жазушы-публицист Сарбас Ақтаев мерейтойға орай өз жылы лебізін білдірді.

«ХХ ғасырдың 90-жылдарында нарықтық экономиканың жойдасыз адуыны алқымдаған сәтте ұлт басылымдары да қаржы-экономикалық мәселелері жағынан дағдарынқырап қалғаны рас. Міне, сондай сәтте қазақ басылымдарының басын қосып, оларды аман сақтап қалған «Қазақ газеттері» серіктестігінің орны бөлек. Бүгінгі заманда басылымдарымыздың жекешеленуі бұл үлкен қауіп деп білемін. Себебі, ондай басылым сол жеке меншік иесінің сөзін жақтаса, ал оның журналистерінде сөз еркіндігі болмайды. Сондықтан басылымдардың жекешеленуіне қарсымын» деді.

«Мысль» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисті Сейдахмет Құттықадам бүгінгі алма-ғайып заманда ұрпақ тәрбиесі басты назарда екенін баса айтып, сол тұрғыда «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты басылымдар өзіндік бағыт-бағдарын қалыптастырған, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші екенін атап өтті.

Конференцияға Белоруссия мен Польша елдерінен арнайы келген Гродно мемлекеттік университетінің профессоры Владимир Гоголек пен Польша Журналистік институтының профессоры Владимир Янчук ақпараттық кеңістіктегі түйінді мәселелер мен мәдениаралық сабақтастық турасында ой өрбітті.

Бүгінгі ұлттық журналистиканы қалыптастыруда ауызбіршіліктің маңызы жайында ардагер журналист Нұрмұхан Оразбек сөз қозғап,  ана тіліміздің тұғырын биіктету үшін журналистер қауымы бұл мәселеге бей-жай қарамағаны абзал екенін жеткізді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті атынан «Тіл, әдебиет, филология» институтының директоры, профессор Балтабай Әбдіғазиев құттықтау сөз сөйлеп, мерейтойға университет тартуын табыстады.

Жиында сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек құттықтау сөз сөйлеп, осынау беделді басылымдар құрамына кіретін «Қазақ газеттері» серіктестігі мен факультет арасындағы ынтымақтастық арта түсетініне сенім білдірді. Конференция Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіның студенттік баспасөз орталығының ашылу салтанатында жалғасын тапты.

Конференцияның екінші бөлімінде «Бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігіндегі ғаламдық өзгерістер: Қазақстан ерекшеліктері», «Қазақстан баспа ісі мен полиграфиясындағы даму бағытар мен жаңашылдықтар», «Қоғаммен байланыс пен жарнаманың жаңа технологиялары» тақырыптарында секциялық мәжілістер өткізілді. Секциялық мәжілістегі баяндамалар «Қазақ газеттерінің» 15 жылдығына орай жарыққа шығатын жинаққа енгізілетін болады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК.

Абай.kz 

0 пікір