Сенбі, 18 Мамыр 2024
Көкмұнар 6311 0 пікір 17 Желтоқсан, 2014 сағат 13:07

ЖЕЛТОҚСАН. ДӘЛ 28 ЖЫЛ БҰРЫН...

 1986 жылдың 17 желтоқсаны. Біздер – Алматы Үй құрылысы комбинатының № 4 құрылыс-монтаж басқармасындағы мықты құрылысшылардың бірі Анатолий Меновщиковтың балташы-тас құюшылар бригадасы ол кезде  «СМУ-15» деп аталатын бүгінгі «Таугүл» ықшамауданында салынып жатқан алғашқы көп қабатты үйлер мен балабақша және мектеп сынды мекемелер үшін электр қуатын қабылдап-тарататын қосалқы стансының құрылысын жүргізіп  жатқанбыз. Бригадамыздың бірлігі жақсы болатын.  Жалпы басқармадағы құрылысшылардың дені қазақ жастары еді, барлығына жуығы Абай көшесінің Бауман және Розыбақиев көшелері арасындағы орамында орналасқан жатақханаларда тұратын. Біз сияқты ерте үйленгендер Алматының «Татарка». «Малая станица», «Пятилетка» сынды шалғай әрі «тентек»  қуыстарында пәтер жалдап тұратын. Мен келіншегім және кішкене қызыммен Баянауыл және Гастелло көшелерінің қиылысында, Саркандская көшесі 74-үйдің жартылай жертөлесінде тірлік ететінмін.  

16 күні кешкісін үйдегі «Рассвет» деген кішкене, ақ-қара түсте көрсететін теледидардан Қонаевтың орнынан алынып, Колбинның бірінші хатшы болып тағайындалғанын естігенмен, қатты елең ете қоймаған едік. Таңертең жұмысқа барғанда, киім ауыстырып, тамақтануға, түсте дамылдауға арналған жылжымалы вагонда осы мәселе біраз әңгіме болғанымен, ешкім мұның соңы дүреблеңге апарып соғады деп ойламағаны анық. Түске таман сол жердегі үлкен құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген бригадалардағы коммунистерді шұғыл жинап, алып кетті. Біздің бригададағы қос коммунистің екеуі де қазақ болатын. Басқармадағы комсомол ұйымының хатшысы да менімен құралыптас қаракөз. Ол да кетті ағаларымен бірге. Түс ауа басқарманың жабдықтаушысы Назараянц келді. Жасы елулерге келіп қалған кексе кісі.

– Орталық алаңға қазақ жастары жиналып, Орталық комитеттің Колбинды бірінші хтшы етіп тағайындау жөніндегі шешіміне қарсы шығып жатыр. Олардың мұнысы ақымақтық. Бәрібір ол шешім өзгермейді, – деп өзеурей әңгіме соқты.

Біздер елең ете қалдық.  18 адамдық бригададағы сегіз қазақтың үшеуін: екі коммунист пен комсоргты  мана алып кетуінің себебін енді түсінгендей болдық.  Көңілімізде үлкен алаңдау пайда болды, Қазақстанды қазақ басқаруы қажт екендігін енді сезінгендейміз. Басқа ұлттың өкілдері бізге біртүрлі аянышпен қарайтындай. Кешкі алтыда үйге қайту үшін 32-ші  автобусқа отырдым. Сол жерде жұмыста жүрген әрлеушілер, монтажшылар бригадасының қыз-жігіттері де жатахқанаға қайтудың орнына сол автобусқа отырды. Отыз екінші бағытқа қатынайтын автобус Тимирязев көшесіне шыққаннан кейін, біраз жүргеннен соң  бағытын өзгертіп, Мир көшесіне жетпестен, Космонавтов көшесімен төменге құлдилады. Сатпаев көшесіндегі аялдамадан түсіп қалып, алаңға қарай беттедік.  Бардық, көзімізбен көрдік. Құрбы-құрдастармен бірге өкімет үйін қорғап тұрғандарға қарай тас пен  мұз кесектерін лақтырдық. Екі жақтың да тым ерлеп, алға шығып кеткендері таяққа жығылып, соққының астында қалуда. Сол жерде былтыр КазМУ-дің дайындық курсында бірге оқыған жігіттерді көрдім. Сағат он-он бірлер кезінде өрт сөндіргіш машиналардың үстіндегі оқпаннан су шаша бастағанда үйге қайттым.

Түннің бір уағына дейін алаңдап, ұйықтай алмадым. Сол жылы қыс та қатты болды ғой. Біз тұратын үйді жылытатын пеш менің отбасым паналайтын жертөледе еді. Таңғы сағат екі-үшке дейін соның отын жағып, ойға баттым. Қазақстанның басшылығындағы өзгерістерді өзімше сараптап, мұның арты жақсылыққа апармайтынын жүрегіммен сезіндім. Бірақ ертең өзімнің де сол аласапыранның құрбандығына айнала жаздайтыным туралы ой басыма келмеді. Ол кездері Кеңестер Одағында беймарал тірлік сияқты еді. Толқулардың, билік пен халықтың қақтығысын теледидардан көріп, газеттен оқитынбыз және солар арқылы ондай келеңсіздіктер «іріп-шіріп» тұрған Америкаға, батысқа ғана тән деп түйетінбіз.   Көресіміз әлі алда екен...

 

1986 жылдың 18 желтоқсаны. Түнде келіншегім мен қызымның мазасын алғым келмеген мен ескі диванға қисая салған едім.  Тоңазып қалыппын. Таңертеңгі шай көңілсіз ішілді. Көңілде қорқыныш аралас, алаңдау бар. Жұмысқа тамақты үйден апаратынбыз. Бірер тілім колбаса мен суға қабығымен пісірілген үш жұмыртқаны, нанымды салған пакетті келіншегім қолыма ұстатты. «Байқашы, қызбаланып кетіп бірдеңеге ұрынба, Алла жазса, келер жылы үй алғалы тұрмыз, Қашанда алда жүремін дегеніңнен жақсылық көрген жоқсың ғой. Кімге сенеміз?» деген жарымның жүрегі шынымен бірдеңе сезіпті...

«Саяхат» автовокзалына жетіп, 32-ші  бағытта жүретін автобусқа отырдым. Кластасым Қайраттың автобусына тап болыппын. «СМУ-15-ке» жеткенше әңгімелесіп бардық. Өзінің түнде де ауысымда болғанын, сонан әлі ауыспағанын, кеше түн ортасы ауа қатты таяқ жеген оншақты қыз-жігітті барар жерлеріне дейін жеткізіп тастағанын, жылармандай болып айтты.  Айналадағы адамдардың бәрі түнеріңкі, Ол жылдары қазақтар саны бүгінгідей көп емес. Тұрғындардың дені славяндықтар. Олардың түріне қарасаң, бір табалау байқалатындай. Мүмкін біздің ішкі сезіміміз сол кезде барлығын осылайша қабылдаған болар?

Жұмысқа да жеттім. Қызу әңгіме. Кешегі жағдай талқылауға түсіп жатыр. Құрылысшылар арасында бірлік жақсы ғой. Сондықтан да болар, ешкім ешкімді кіналаған жоқ. Қайта жоғары білім алмаса да, оқып-тоқығандары бір бастарына жетіп артылатын жігіттердің пікірі құлақ түрерліктей.

Кеше алып кеткен коммунистер мен комсорг келмепті. Жамбылдық  Мұхтар, семейлік Совет пен павлодарлық Ислам да жоқ. Олардың барлығы жатақханада тұратын еді. Мен де қарап отырмайын деп, бригадаластардың тоқтам салғанына қарамастан, тамақ салған пакетті киім қоятын жердегі ілгішке іле салып, шығып кеттім. 

32-ші  бағыттағы автобуспен кешегідей Космонавтов пен Сатпаев көшелерінің қиылысында түсіп қалып, Сатпаевпен алаңға бет алдық. Жеткенше, қатарымыз толыға берді. Алаңға кіргізбеді.  Мир көшесімен Абай көшесіне түсіп, сол жерде келе жатқан қалың топқа  қосылып, Фурманов көшесіне жеттік. Сонымен жоғары көтерілдік. Алаңды милиция мен милиция мектебінің курсанттары қоршап тұр екен. Гу-гу әңгіме. Түндегі жағдай  айтылып жатыр. Арамызда арандатушылар да жүрген сияқты. Кейбіреулер үн-түнсіз өздеріне берілген тапсырманы орындап тұрған тәртіп сақшыларына тап-тап береді. Қайта-қайта ақ үй жақтан автобус келіп, «өкіметтегілермен сөйлестіреміз» деп тым белсенді, ұйымдастырушы жастарды алып кетеді. Тәжірибенің жоқтығы болар, оларды қайда апарады, не істейді дегенді ойламаппыз да.  Алаңды қорғаушылардың алдыңғы сапында ауылда бір жыл бірге оқыған, қазір милиция мектебінде білім алатын  Бақытбек тұр екен. Амандасып, сөйлестік.

–                   Болат, қайтып кеткендерің жөн шығар. Түнде ешкімді аяған жоқ. Басқа жақтардан арнаулы әскер әкелді деп естідік. Бүгін ешкімді аямаңдар деген бұйрық бар. Біз де қорғай алмаймыз сендерді, – деді.

Бір қарағанда, оның сөзінің жаны бар екенін алаңда шеп құрып тұрғандардың сұп-суық түстері мен Фурманов көшесінің жоғары жағында су атқылайтын оқпандары оқшырайып, үрей шақырып тұрған өрт сөндіргіш машиналар дәлелдейтіндей. Бірақ енді бірер сағаттан соң нағыз қырғын болатынын ешқайсымыз сезгеніміз жоқ. Ұрандап, Лениннің сөздері, Конституциядан алынған сөз тіркестері жазылған тарспоранаттарымызды көтеріп, «Менің Қазақстанымды» шырқап тұрдық...

Сағат таңертеңгі он жарымдар шамасы-ау деймін? Фурманов көшесінің жоғары жағынан ақ және сары жолақты, терезелерінің іші торланған оншақты «ПАЗ» автобусы келді. Көтерілісшілерді бұзып-жарып, алаңның ішіне қарай өтті. Топ арасынан өткенше терезелерінің шыныларынан түк қалған жоқ. Алаңға жетісімен сол автобустардан секіріп түскен малақайларын тамақтарының астынан келтіріп байлап, оның үстінен баса каска киген, қолдарында резіңке тоқпақтар мен сапер күректерін ұстаған сүп-сұр солдаттар  қатарласып сапқа тұрды да, бір алапат дауыспен бізге қарай лап қойды. Екі арада тұрған милицияның өзі қайда қалғанын білмеді. Фурманов көшесімен жеткен топ пен екі арааны бөліп тастады да, жанталаса қашқан біздерді соққының астынан алды. Жүздеген жан ешқайда бұлтара алмай қалдық. Мені сол жердегі «Океан» деген балық сататын үлкен дүкеннің алдындағы балапан шыршаларға жете бергенде мұрттай ұшырды. Жан дәрменмен бетімді бүркеп жата қалдым. Соққы жауып кетті.  Есімнен адасқандай күй кештім. Бір кезде «аға тұрыңыз, жата берсеңіз өлтіреді» деген дауысты естідім. Қарасам, милиция мектебінің курсанты екен. Өзі жылап тұр. Ақырын тұрғызып, алып жүрді. Қашуға шама жоқ. Орыс, қазағы, солдаты, милициясы, жасақшысы аралас жазалаушылардың жанымнан өтіп бара жатқаны бас-көз демей қолындағы сойылымен ұрып кетеді. Автобусқа жеткенше бірнеше рет құлатты. Басым жеті жерден жарылып, оң жақ құлақ шекем көгеріп, құлағымның сырғалығы жырымдалып кетті. Құлап жатып, сонан бір ай бұрын ауылдан тіктіріп алған суыр малақайымды ойлаймын. Ұшып кетсе, екбектеп жүріп, тауып аламын. Ақыры автобусқа әкелді. Ішіне енгізді, Қып-қызыл ала қан, Жарылған бас, сынған қол, ісінген көз, жырылған қабақ...

Сол кезде бірден бес автобусты аузы-мұрнына шыға толтырып, Фурманов көшесімен ала жөнелді. Екі автобус қыздар болса, үшеуінде жігіттер.  Қазіргі Әл-Фараби даңғылына жетіп, оңға бұрылдық. Сол сәтте, үшінші әлде төртінші автобустың есік-терезесін быт-шыт қылған жігіттер қашты. Біздегі ашынғандар да айқайға басып, құтылуға шақырды. Автобустың алдыңғы және артқы есіктерінде екі-үштен тұрған милициялар да сасқалақтап қалды. Алдыңғы есіктегі түр қазаққа келіңкіремейтін капитан: «Жігіттер, қызбаланбаңдар, Қазір барлығыңды босатамыз. Бірақ алаңға қайта оралушы болмаңдар», – деді.

Сөзінде тұрды, шамамен алғанда, қазіргі Байтұрсынов көшесімен қиылысатын тұста автобусты тоқтатып, барлығымызды түсірді. Бір жігіттің қалтасынан түсіп қалған студенттік билетін де қолына берді. Бір-бірімізді сүйемелдеп, қалаға қарай жылжыдық. Көшедегілердің барлығы бізге қасқыр көргендей қарайды. Тәлтіректеп жүріп, Сатпаев көшесіне жете бергенде Абай көшесі жақтан бір топты тапаншаларын тарсылдата, иттерін арсылдата қуып келе жатқандарды көргенде қайда тығыларымды білмегенім есімде. Одан кейін тағы да тас түнек, Бір есімді жисам, Мечников пен Құрманғазы көшесінің қиылысында бағанға сүйеніп тұр екем. Бір такси зыр етіп келіп, қасыма тоқтай қалды. Еңгезердей мұртты қазақ жігіті қолтығымнан демеп отырғызды да, қайда апару керегін сұрай салып ызғыта жөнелді. Ақша да сұраған жоқ. Мені қақпадан кіргізді де қайта кетті. Келіншегім жертөленің есігін ашқанда ішке қарай құлап түсіппін. Үстіңгі үйдегі тетя Валя да дереу жетіп келді. Екеулеп жүріп, басымның жарылған жерлерінің шашын қиып, йод жағып, байлап тастады.

Бірнеше күн орнымнан тұра алмадым. Басыма ештеңе сыймайды. 21 желтоқсанда  орталық стадионға жиналып, алаңда қаза болғандарды шығарып салады дегенде, шыдамай тағы шығып кеттім. Ол жаққа ешкімді жолатпады. Жұмысқа келіп, жігіттермен жасырын жолыққан едім. Мені іздеп жатқанын, жиналыс жасап, жаза қолданбақ екенін естідім. 28 желтоқсанда жұмысқа шыққан күні басқарманың  басшысы Ким, парткомы Щепетков, кәсіподақ төрағасы Братчиков келіп жиналыс өткізді. Құрылысшылардың ауызбірлігі арқасында қатаң жазадан аман қалдым. Сол жерде «комсомолдан шығарылдың, демалысыңды қыста аласың, пәтер кезегінен кейінге сырғисың»  деді. Билетімді күнде қасымды бірге жүрген, басқарма комсоргі Қанатқа тапсырдым. Мені қорғап қалған сол кездегі қалалық кеңестің бірнеше мәрте депутаты, орден-медальдар иегері бригадирім А. Меновщиковтың (қазіргі кезде марқұм), бригададағы екі коммунистің бірі, бірнеше орденнің иегері торғайлық Жангелді Уәлиевтің, басқарма комсоргі, менің бригадаласым Қанат Нұрқасымовтың және басқалардың сындарлы шақта сыр бермегеніне әлі күнге разымын. Солардың арқасында ҚазМУ-дегі сырттай оқуымды жалғастырдым, бірер жылдан соң үй алдым және тағысын тағыларға қол жеткіздім. Бірақ ешқашан мен желтоқсаншы едім, маған көмек керек деп ешкімнің алдына бармадым. Жалпы бізді ол кезде қарапайым халық сатып кетпеді. Сатқындық пен қысастықты  ел мақтап жүргендерден, басшылықтағылардан көрдік.

Болат АБАҒАН,

журналист.

Талдықорған қаласы.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2334
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653