Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Қоғам 6010 0 пікір 22 Желтоқсан, 2014 сағат 08:56

«ЗИЯЛЫЛЫҚҚА» ҚАБІЛЕТСІЗДІК

Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанғалы үздіксіз реформаларды бастан өткеріп келеді: алғашқы кездегі реформалар социалистік жоспарлы экономикадан капиталистік нарықтық экономикаға өту кезеңі,  яғни, «өтпелі кезең» деп аталды. Араға ондаған жылдар салып, біз өтпелі кезеңді аяқтадық. Одан кейінгі басталған реформалар мемлекетті жетілдіру мен экономиканы әртараптандыру бағытта жүрді. Қоғамның рухани өмірі де назардан тыс қалған жоқ: білім және мәдениет саласында ірі жобалар қабылданып, жүзеге асырыла бастады.

Осы өзгерістерге назар аударсақ − осыған дейінгі жүргізілген реформалардың барлығы дамуға арналған деуге болады. Сондықтан, қарапайым қисынға жүгінсек, мұндай − үдемелі дамуды қамтамасыз етіп отырған мемлекетте   − «тоқырау», «дағдарыс» деген қауіптің «заты түгілі аты жоқ» болуы тиіс еді. Бірақ, қоғамда қазіргі жағдайына деген кө­ңіл бөлушілік ұдайы өсіп келеді: Ендеше, біздің де еліміздегі «адамдық факторлармен» өлшенетін көрсеткіштерге назар аударуымыз бекерден бекер емес сияқты. Мысалы, «кө­леңкелі экономика», «көлеңкелі саясат», «коррупция», «қылмыс» және тағы басқа келеңсіздіктерді тізбелемей-ақ, адамның ең қымбат нәрсесі – «өз өмі­ріне қол жұмсау» (ғылыми айналымда − «суицид») «адамның шарасыздықтың шарықтау шегіне жетіп, ол үшін өмір сүрудің мән-мағынасының толық жойылуы» деп ұғар болсақ, онда өзіне қол жұмсау фактілерінің шамадан тыс көбейіп кетуі: а) адамдардың тұрмыс жағдайының қиындап кетуін; ә) қоғамның моральдік-психикалық тұрғыда депрессиялық жағдайға тап болғанын; б) мемлекеттің қоғам алдында кетік-кемшілікке жол беруін; г) адамдардың өз болашағына деген сенімінің сұйылуын, арманы мен қиялының күйреуін; ғ) қоғам мүшелерінің «жаттануын», яғни, қоғамның қатігезденуі мен оны немқұрайлылық жайлап алуын; д) қоғам мүшелерінің өмір қиындықтарымен бетпе-бет қалуын; д) қоғамда денсаулық пен білім беру жүйесінің дағдарысын, оның осы фактілерінің алдын алуға қауқарсыз болып қалуын; е) шынайы өмірдің «ақпа­раттық өмірден» алшақтауын және тағы басқа көптеген келеңсіздіктер туралы хабар береді. Сөйтіп, бұдан түсінген адамның бір ғана «суицид факторынан» қоғамның шынайы жағдайы туралы көптеген астарлы мағлұмат алуына болатынын көреміз. 
Әрине, біздің құрметті оқырманымыз бұл жерде мынадай: «Автор неге әр адам үшін жағымсыз, тіптен, қорқынышты құбылысқа шұқшия қалды?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Бірақ, оның да өз жөні бар, себебі, мұндай фактілердің көбейіп кетуі, ең алдымен, қоғамның экономикалық депрессияға ұшырауынан бұрын, оның моральдік азғындауынан туындайды. Яғни, бұл – қоғамның зиялылық институтының «жалаңаштануын» білдіретін факторлардың  бірі. Мысалы, классикалық әдебиетте өткен ғасыр басындағы «ұлы депрессияда» бұл құбылыстың АҚШ-та жаппай орын алғаны, ал, орыс классикалық әдебиетінде рухани күйзеліске түскен орыс интеллигенциясы арасында «өз еркімен өмірмен қоштасу» кеңінен етек жайғаны жан-жақты бейне­ленген. Оның үстіне, ондай қадамға өмірге өте сезімтал, бойында тумасынан зиялылық ұялаған субьект (тасымалдаушы) адамдар жиі баратынын ескерсек − бұл құбылыс «қоғамның зиялылық дағдарысы» деп атауға тұрарлық құбылыс болып шығады. Сондықтан, бұдан көп қателік таба қой­маймыз. 
Енді, тікелей тақырыпқа көшерден бұрын «зиялы», зиялылық» ұғымдарының мағынасына түсініктеме бере кету қажет. Өйткені, әрбір халықтың «зиялы» мен «зиялылық» туралы түсінігі бірдей емес, өйткені,   бұл ұғымдардың мәні ұлттық мәдениеттен бастау алатындықтан  − олардың мазмұны әрқашанда ұлттық сипатта. Ал, біз оны қазақ дүниетанымына сәйкес қарастыруымыз керек. Біраз жылдар бұрын менің баспасөзде «Зиялы зиялы емес, әділеттің ақ туын ұстаған зиялы» атты мақалам шыққан-ды. Сонда, мен осы ұғымдарға ұлттық тұрғыда анықтама беруге тырыстым. Содан бері зиялылық тақырыбында көптеген мақалалар мен зерттеулер шығып жатыр. Бірақ, мен олардан зиялылықтың «ұлттық құндылық» тұрғысында берілген анықтамасын  кездестіре алмадым.  Сондықтан, қазір сол мақаладан үзіндіні алға тартамын: біріншіден, «зиялы адамдар қоғамға қашан да керек − оларсыз қоғамның өмірі сұр. Зиялылар − тарихи процесс барысында өмірде орнығатын жақ­сы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты елеп­-екшеуден өткізіп отыратын қоғам сүз­гісі, халық даналығы мен дәстүр-­салтын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушысы. Қазақ халқы алдымен осы талапты орындауға қарымы бар тұлғаларын ғана зиялы қауым қатарына қосқан. Яғни, қазақ танымында «зиялы» ұғымы қашанда ел мен жер, ұлт, мемлекет, отбасы, ұрпақ ұғымдарымен ұштасқанда ғана – өзінің төл мағынасына ие бола алады. Халықты ақыл-ойымен, дуалы сөзімен аузына қарата алатын адам – ұлттың бар асыл қасиетін бойына жинақтаған, оның мұңын мұңдай, жоғын жоқтай білетін адам деп түсініледі. Екіншіден, елімізге нарықтық қатынастар еніп, мемлекет пен қоғам, қоғам мен индивид арасында нарықтық экономикалық қатынастар (капитал қатынасы) үстем бола бастағанына қарамастан, қазіргі қазақ қауымында «зиялылықтың» бұл ұғымы әлі де мағынасын жойған жоқ. Сонымен, зиялы деп қазақта кімді айтады?  Қазір де зиялы деп – шығармашылық қабілетті, өмірлік тәжірибесі мол, көргені көп, дүйім жұртты соңынан ілестіре алатын, ұлт пен  қоғам алдындағы жауапкершілігін айрықша сезінетін, өздері де өмірдегі мақсаттарының ұлтымен тығыз байланыста екенін айқын ұққан жандарды атау сақталып отыр.
Бұл анықтаманың ерекшелігі ретінде мұндағы «зиялылық» ұғымын «интеллигенция» ұғымынан бөліп қарауға деген талпынысты атап өтер едім. Шынында да, қазақ түсінігінде «зиялы адам» қолында дипломы бар интеллигенция емес. Әрине, «қазақ зиялылығы» оқу мен білімді терістемейді. Қайта, ол зиялылықтың ажырамас құрамдас бөлігі саналады. Соған қарамастан, қазақ зиялылығының мағынасы одан кеңірек, тек «ұлттық мәселе» деңгейінде айтылса ғана – өзінің төл мағынасына ие болып шығады. Онсыз – оқу да, білім де бос сөз! Сол себепті де «қазақ зиялылығы», көп жағдайда, қазақтың «тектілік» ұғымымен астарласып жатады. Яғни, «қазақ зиялысы» − ілім-білімді игеріп қана қоймаған, ол алған білімін, жігері мен қайратын, ақылын өзінің қарақан қара басының қамына емес, халқының игілігіне жарата білген текті адам» дегенді білдіреді. Мұнда бұл екі ұғымның, яғни, «зиялылық» пен «тектіліктің» арасы ажырамаған −  екеуі біртұтас конструкция құрып тұр.
Біз кейде «Совет заманын» қатты сын­ға алуға бейімбіз. Мүмкін, қазіргі дү­бара күйден арыла алмай жатуымыздың себебін содан іздейтін болармыз… Бірақ, «бір жамандыққа − бір жақсылық» демек­ші, Кеңес үкіметі қазақты «ауылдық резервацияда» ұстауының арқасында оның мәдениеті мен өнерінің қазақы қалыпта дамуына жол ашылғанын ескермей кетуге болмайды (Ол «резервация» болмағанда біз өз ұлттық құндылықтарымыздан әл­деқайда тез қарқында ажырап қалар едік). Мәселен,  сол кездегі қалалық ортада дамыған мәдениет өзінің мазмұны жағынан ауыл қазағының түсінігіне сәйкестендіріліп, әдебиет, кино, театр секілді өнер салалары сол бағытта дамып отырды. Әрине, ұлттық ойлауда жоғары білім беру жүйесі арқылы реттелетін белгілі бір «идеологиялық стандарт» болды. Бірақ, уақыт өте келе, олардың арасынан iрiктелiп қоғамға танымал «жүзден бiр жүйрiк» шығатын. Қазiргi тiлмен айтқанда − «элита». «Элита» арасында ойын жетер жерiне жеткiзе айтатын, сөзi өткiр ақын-жазушылар мен өнер адамдарының беделі ерекше болды. Айтары жоқ, тура сол заман талабы тұрғысынан, қазақтың ол ұлттық «элитасы» өз міндеттерін адал атқарды − ұлтының нағыз жаршылары, зиялылары бола білді. Сондықтан, «зиялылық» қазақтар қалың ұйысқан ауылдық жерлерде әлеуметтік институт ретінде танылып, ол халықтың зиялы адамдарға деген зор құрметіне, сұранысына жол ашты. Сөйтіп, қоғамда олардың үнiне құлақ түретін, өмірін үлгі тұтатын орта қалыптасты. Миллиондаған тиражбен шыққан кітаптар, кинолар және басқа туындылар сол ортаға қызмет етті. Соның арқасында зиялылар халықпен жүйелі түрде тілдесіп отырды. 
Бірақ, бүгiн, тәуелсiздiкке қол жеткiзген уақытта, кезінде кеңестiк билiк қалып­тастырған, уақтысында қазақ мәдение­ті­нің қарқынды дамуын қамта­масыз ете алған зиялылық қал­пының (стан­дар­тының) быт-шыты шықты. Пародокс?! Қалайша? Біз тәуелсіз­дікті армандағанда тәуелсіздік идеясын халық санасында рухани бекітуші, яғни, жаршысы зиялы қауым болады деп күтпеп пе едік? Ендеше, қазір не себептен зиялылықтың қажеті болмай қалды? Осы сұраққа жауап іздеу барысында қоғамның көптеген келеңсіз құбылыстары атойлап алдан шыққандай болды. Мысалы, жоғарыда біз реформалар туралы айта келе, олар­дың көбі шала орындалған дедік. Сол реформалар сияқты, зиялылыққа тікелей қатысы бар мәдени реформалар да деко­рациялық сипатта қалып қойды. 
Біз, «Мәдени мұра» бағдарламасы бас­талар алдында барлық ауылдар мен шағын қалалардағы кітапханалар мен мәдени ошақ­тарды жою арқылы «зиялылықтың алтын көпірін» қиратып алдық. Енді, оны қал­­пына келтірмей жатып «Мәдени мұра» деген үлкен жобаны аяқтадық дей аламыз ба? Мысалы, коммуникативті мүмкіндігінен ажырап қалған ол жерлердің қазағы осы реформалардан кейін «мәдениеттеніп» кете алған жоқ. Қайта керісінше, қазақы діл мен зиялылығын қоректендіруші генераторы − ауылды «колхоз», ондағы ұлттық болмысты сақтаушы «аккумулятор» халықтың мәдени деңгейін «мәмбетизм» деп Астана төрінен күлетін жағдайға жеттік! Ал, театр­да − арзан күлкі мен дарақы қалжың, кинода − атыс-шабыс-секс әлдеқашан нормаға айналып кетті… Бір мезгіл көшедегі жас­тардың әңгімесіне құлақ түрсеңіз − олардың бар өмірі кафеде өтіп жатқандай әсер аласыз… Бұрынғыдай театр алдында шоқ гүлін ұстап қыз күткен жігіттер қайда кетті?..  Спектакльдер мен оқыған кітаптарын талқылап, таласып жататын студенттік орта қайда кетті? Оның орнына кафелерде темекінің көк түтініне орана билеген жастар келді… Мен осылай дей отырып «Мәдени мұра» қажеттілігін терістемеймін, оны әр адам қолдана алмайды демеймін. Мені ұлттық санада романтикалық сарынның өшіп бара жатқаны толғандырады, «мәдениетті қоғамда мәдениеттің же­тіс­пеушілігі» өріс алып бара жатқаны маза­сыздандырады… Осының бәрі қазақ зиялылығының тоқырауынан белгі береді.  Себебі, «армандауға қабілетті халық» «нарцицизмге» шалдыққан, халықтан бөлек −  «өз күнін өзі көріп жатқан» билікке керек болмай қалды! Қазір оны «оптимистік трагедия» деп бағалаған артық емес.      
Зиялылықтың дағдарысы қоғамда көптеген келеңсіздіктерді тудырады. Ма­қа­ланы жазу барысында белгілі публицист Жұмаш Көкбөрі (фейсбуктегі аты) өз парақшасында: 
– «Осы таяуда ғана бүгінде белгілі ел азаматтарының бірімен бүгінгі таңда Қа­зақстанда қалыптасқан саяси және әлеуметтік жағдай туралы әңгімелесуіме тура келген еді. Аты-жөнін атамауымды өтінген ол ағамыз: − Жұмаш, Қазақтың бүгінгідей ауыр жағдайға тап болып отыруына, ең алдымен, ұлтымыздың өзі кінәлі. Қазақ – өзінің Ұлттық рухын жоғалтып алған ұлттардың қатарына жататынын неге мойындамаймыз? Бүгінгі таңдағы Қазақтың бойындағы басты кемшіліктер мыналар:
1. Ащы да болса ақиқатын айтсақ − біздің Қазақ ауызбірлігін жоғалтқан ұлт.
2. Мақтаншақтық пен жөнді-жөнсіз мақтануға тым әуес ұлт.
3. Қазақ қанша жерден қонақжай, қолы ашық жомарт ұлт десек те, өзгеге шектен тыс емешегі үзіліп тұратын Қа­зақ өзіне келгенде тастай қатты, кейде мейірімсіз.
4. Қазақ – тым бойкүйез ұлт. Ол өзі айтқандай: «еріншектің – ертеңі таусылмас» дегенге сай ұлт. Ұлттың енжарлығы басым болып кетті.
5. Биліктің алдында құрдай жорғалауға әзір тұратын, қорқақ, жасық, жағымпаз ұлт екеніміз де рас.
6. Қазақ әділетсіздікке қарсы шыға алмайтын тартыншақтығын қазақтың қорқақтығына жатқызуға болатын шығар?
7. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп данышпан Абай айтқандай, ұлты­мыздың бос сөзге әуестігі, ауыздыға сөз бермейтін сөзшеңдігі, бәрінің ақыл ай­туға даяр тұратыны, бірақ, өзі ешкімнің ақылына құлақ түрмейтіні де қазақтың еңсесін көтеріп, есін жиюына көп кедергі болуда»  деп жазыпты (Жұмаш КӨКБӨРІ, 09.11.2014 жыл).  
Әрине, мұны айтқан авторлардың пессимизмімен келісуге не келіспеуге болар. Бірақ, мұнда көптеген шындықтың ұшқыны бар екені рас: мысалы, кейбі­реулер қазақтың «ру», «жүз» дегенін алға тартып, қазақты «басы бірікпейтін халық» деп кінәлайды. Бірақ, олар шын мәнісінде бұның қазақтың «ұжымдасып өмір сүру» ділінен туындайтын құбылыс екеніне назар аудармайды: бір замандарда табиғатпен, сыртқы жаулармен үнемі бетпе-бет келетін көшпенді халықтың «руласып», «жүздесіп» өмір сүруден өзге амалы қалмаған. Бірақ, отырықшы халыққа айнала бастағаннан бері қазақ үшін «ру» мен «жүз»  төңірегінде ұжымдық топтасып өмір сүру маңызын жоя бастады. Ал, қазір ол қазақтың «ұлт» болып қалыптасуына кедергі болып қана қоймай, сонымен қатар, ол «қазақ зиялылығын»  да күй­ретуге көшті десе болады!  Себебі, ұжымдық өмірге құрылған «көшпенділік» келмеске кетсе де, ол санадан өшкен жоқ −  санада әрбір қазақ әлі «көшпенді»! Міне, осы жерде «зиялылықтың дағдарысына» тікелей қатысы бар бір түйткіл бар.  Енді, соған тоқталайық: «Көшпенді» деген сөз – көш-қон дегенмен шектелмейді. Көшу-қону  оның сыртқы мағынасы ғана. Ал, оның «ішкі мағынасын» сол «өмір сүру тәсіліне» байланысты туындайтын менталдылықтан, яғни, халықтық ділден іздеу керек. Көш­пенді өмір сүру – қатал өмір, жауынгер өмір. Ал, ондай өмірге «сенімді серік», «шыншылдық пен турашылдық», «әділеттілік», «үнемшілдік пен қанағат», «жауынгерлік пен батылдық» және т.с.с. қасиеттер қажет. Ол өмірде адамның адамды алдай алатынындай аярлыққа жол жоқ. Өйткені, табиғатты алдай алмайсың!  Оның үстіне онда Ұлы Ұс­таз ретінде өз заңынан айнымайтын дүлей күштің (стихияның) өзі тұр. Міне, осы дүниетаным бұрынғы қазақтың  бойына да, ойына да сіңген болатын. Отырықшылану кезеңіне өткенде ол қасиеттер «бойдан кетсе де, ойдан кете қоймаған» күйге түсіп көмескіленді. Бұл қазақтың ОЙЫ мен ТІРЛІГІ, СӨЗІ мен ІСІ арасындағы алшақтыққа  алып келді.  Жоғарыда айтылған мәселелер осыдан туындайды. Ал, бүгінде ол «екіжүзділіктің» жарқын көрінісін зиялы қауым арасынан жиі кездестіретін болдық. Себебі, қазақ ұжымшыл болғандықтан Зиялысы мен Батырына қарап өскен ел. Сол әдетпен үнемі бас көтерер тұлғасын іздейді. Өкінішке орай, ол жоқ. Өйткені, «көшпенді рухтан ажыраған» Зиялы халықпен байланысын үзген − оның «мұңын − мұңдап, жоғын – жоқтауды» ауырсынады.  Керісінше, ол билік дас­тар­ханының  балдай дәмін бір татқан соң  − тіптен де маужырай түскендей… Міне, сөйтіп, бұл фактор да «қазақ зиялылығы» тоқырауының ең маңызды факторларының біріне айналғанын көреміз. Нәтижесінде − ұлттық мүдде қорғансыз қалуда, халықтың тобырға айналу қаупі бой көтеруде…  Не істеу керек?
Осы қауіптің алдын алу үшін үш жақ: Халық, Билік және Зиялы қауым өзара келісімге келуі тиіс: 1. Билік − Халық пен Зиялы қауым арасындағы «алтын көпірді» қалпына келтіреді; 2) Зиялы қауым − «зиялылық институтының» жұмысын жандандыруға, оны мемлекетті дамытуға ықпалды тетікке айналдыруға уәде етеді; 3) Халық – «ұлттық мүдде» үшін Билік пен Зиялы қауымына сенім білдіруге, онымен бірге жұдырықтай жұмылып баянды болашақты құруға кепілдік береді. 
Бірақ ол да бір жағдайда ғана жүзеге асады: а) Билiк жүргiзетін саясат ұлттың (мемлекеттiң) ұлы мұратын мақсат етсе ғана; ә) ал, Зиялы қауым бүгiн өзекті (актуалды) болып тұрғанымен, ертең мәнiн жоятын өткiншi эпизодтық жалған құндылықтардан билікті сақтандырып тұра алса ғана; б) осы бірліктің және өзара түсіністіктің нәтижесінде ұзақ мерзiмге бағытталған, халқын жұдырықтай жұ­мылдыруға қабiлеттi идеологияға қоғамның қолы жетсе ғана!  Болмаса бұл айтылғандар   бос қиял болып қала береді. Әзірше, қоғамға аса қажет «зиялылықты» бауырына басып тұншықтырған, оның міндетін өз мойнына артқан авторитарлы жүйе − мақсатына жетудің орнына, керісінше, «зиялылықтан» алшақтай түс­кенін, «зиялылыққа» қабілетсіз болып шыққанын өкінішпен айтуға мәжбүрміз… Ал, оның себептері ше? Ол, әрине, өз алдына бөлек әңгіме!

Әбдiрашит БӘКІРҰЛЫ. 
«Ақиқат» журналы.

Түпнұсқадағы тақырып:

«Қазақтың ұлттық зиялылығының дағдарысы»

Дереккөз: http://akikatkaz.kz/?p=5129#more-5129

Абай.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар