Жұма, 17 Мамыр 2024
Өз сөзі 8657 3 пікір 18 Қаңтар, 2015 сағат 10:56

әл-ФАРАБИДЕН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН...

Мен 1986 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Қызылорда облысына жұмысқа сұралып, өзіме-өзім 3-4 жылдан кейін Алматыға ораламын деп уәде еткен едім. Сол уәдем 28 жылдан кейін ғана орындалып, өткен жазда Алматыға көшіп келдім. Бірақ менің айтпағым бұл туралы емес.

Алматыға келіп жаңа жұмысқа орналасқан кезде қызықты жағдайға тап болдым. Түсінікті болу үшін бәрін жәй-жапсарымен айтайын. 1995 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орта мектепте жұмыс істеп жүргенімде аудандық оқу бөлімі біздің мектепте тарихшылардың облыстық семинары өтетіндігін хабарлады. Облыстық семинар болған соң бәрі де тап-тұйнақтай болуы керек қой. Осыған орай аудандық оқу бөлімінің басшылығы үйіп-төгіп тапсырмалар берді. Тарих кабинетін ұялмайтындай етіп  жабдықтауды,  үлгілі сабақтар өткізуді және басқа іс-шаралар ұйымдастыру керектігін айтты.

Сол күннен бастап-ақ дайындыққа кірістік. Мен ең алдымен тарих кабинетін жаңаша жабдықтауды қолға алдым. Ең алдымен кабинеттің төріне (сынып тақтасының жоғары жағына) тарих туралы сөз жазып қою керек деп шештім. Бірақ ондай сөз таба алмадым. Уақыт өтіп барады, күтуге уақыт жоқ. Содан келіп, тарих туралы сөзді өзім құрастырдым да оны Әл-Фарабиге «айтқызып», яғни, «Тарихты білмей – өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын. Әбунасыр әл-Фараби» деп жазып қойдым.

Семинар өтетін күн де келіп жетті. Семинарға қатысушылар кабинетті аралап көрді. Өздеріне ұнаған тұстарын, оның ішінде Әл-Фараби «айтқан» сөзді де жазып алып жатты. Біз өткізген семинарға алғыстарын айтты, оқу бөлімі тарапынан да марапатқа ие болдық, біліктілік санатымыз да жоғарыланды.

Қызықтың көкесін бірнеше жылдан кейін көрдім. Екі мыңыншы жылдардың басында Қызылорда қаласына жұмысқа ауыстым. Осында жұмыста жүріп қаладағы мектептердің бірінен Әл-Фарабидің мен «айтқызған» сөзін көрдім. Биылғы оқу жылында осы сөзді Алматыдағы өзім жұмысқа орналасқан колледждің тарих кабинетінен  де көрдім. Сол кезде ғана бір нәрсені бүлдіргенімді сездім.

Міне, менің сонау жылдардағы аңғырттығымнан, мүмкін, өрескел қателігімнен құрастырған тарих туралы сөзім Әл-Фарабиге телініп келеді. Тіпті бұл сөз бүкіл Қазақстанға таралып кеткендей. Енді менің не істеуім керек? Ақыл қосыңыздар. Алдымен ұлы бабамыз Әл-Фарабиден кешірім сұраймын. Екіншіден, тарих туралы айтылған бұл сөзді оқырмандардан, тарихшылардан және басқалардан пайдаланбауларын сұраймын. Қолымнан кешірім сұраудан басқа не келеді? Болар іс болып кетті. Оқырмандар мен тарихшылар да мені кешірер деп ойлаймын.

Бекмырза Сырымбетұлы,

Алматы қаласы.

Абай.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2111
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2523
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2219
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1626