Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 5496 0 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 00:37

Әміржан ҚОСАНОВ. ЖАҢАӨЗЕН МЕН ПАРИЖДІҢ 17 ҚҰРБАНЫ

Әлемді дүр сілкіндіріп, әрбір бейбіт жүрекке қорқыныш пен үрей орнатқан Париждегі 17 адамның (оның ішінде «Шарли Эбдо» сатиралық журналының 12 қызметкері де бар) террористердің қолынан қаза табуы екі миллиондай адамның жаппай шеруге шығуына себеп болды. Бұл өзі бұл қалада бұрын-соңды боп көрмеген оқиға екен.

Әрине, бүкіл мұсылман қауымына аса қастерлі Пайғамбарға карикатура жасаған журналды біржақты да сөзсіз қолдау мүмкін емес. Сөз бостандығы, сөз жоқ, маңызды шарт әрі қажет құқық, бірақ кез келген дін өкілдерінің сезімін сыйлау да керек. Сол секілді Иса пайғамбарды да, Будданы да келемеждеп, күлкілі сурет салу – сөз бостандығының жарқын көрінісі деп санаудан аулақпын. Өйткені сөз бостандығын танытудың басқа да өркениетті жолдары бар! Бірақ мұндай талап тапа-тал түсте бейбіт адамдарды қырып салуға ешбір негіз бола алмайтыны түсінікті. Онсыз да өздерінің қылмыстарын ақтағысы келетін террористер сыныққа сылтау таба алмай отырғанда, мұндай карикатура жариялау оларды арандатудың бір белгісі боп шықпай ма?

«Шарли Эбдо» прецеденті қазіргі ақпарат саласы мен демократиялық құқықтардағы бір үлкен қарама-қайшылықтың бар екенін көрсетті: сөз бостандығы мен сөз жауапкершілігі секілді маңызды постулаттардың бір-бірімен жанаспайтын тұстары бар. Яғни цензура болмауы тиіс, бірақ миллиардтаған мұсылманның намысына тиісуге болмайды.

Бірақ тіпті біздің осынау орынды күмәніміздің өзі осы күндері махаббат астанасы – Парижде орын алған аяусыз террорлық актілерді еш ақтай алмайды! Карикатураға ренжісең, тәуелсіз Франция заңдарына жүгініп сотқа бер, жауапқа тарт! Бірақ сол суреттерді желеу етіп, бейбіт адамдарды қырып салу – барып тұрған жауыздық, нағыз қылмыс!

Жә, бұл бізден аулақтағы елдегі оқиға, сондағы үрдіс пен дәстүр.

Ал бізде болса, күні кеше Жаңаөзенде бейбіт қандастарымызды қырып тастағанда да Алматының алаңындағы митингке көп дегенде екі-үш мың адам шықты емес пе?..

Цифрлардың да өз сиқыры бар емес пе? Ресми деректер бойынша Парижде де, Жаңаөзенде де қаза тапқандардың саны – 17 (әрине, біздегі ақпаратқа үлкен күмәнмен қарайтынымызды о бастан-ақ айтқан едік!). Ал қанды қырғынға - наразылық, ал қаза тапқандардың отбасыларына- қолдау танытып, жалпыұлттық бірлікті күллі әлемге паш етіп, алаңға шыққандардың санының айырмашылығы –жер мен көктей!Яғни, қарапайым арифметикаға салсақ, француздардың ұлттық бірлік сезімі бізге қарағанда 10 мың есе артық!

Неге?

Неге той-томалаққа баруды кешірілмес күнә деп санаймыз, одан қалмаймыз да, ал азаматтық ой мен намысты танытатын жиынға бармаймыз?

Әрине, оның себептері көп.

Кешегі Совет заманындағы репрессиялардан кейінгі үрей мен қорқыныштың қалдықтары санадан әлі де өше қойған жоқ. Батпандап кірген қорқыныш мысқалдап шығады екен ғой.

Оның үстіне рұқсатсыз митингке шыққаны үшін тағылатынжаза да өткен жылы шамадан шығып, қатайып кетті.Мұның өзі «сен тимесең, мен тимен, бадырақкөзизм» секілді әлеуметтік дертті одан сайын асқындатып жіберді.

Бүкіл елдің санасын жаулап алған «зомбижәшік», яғни теледидардың да ролін жоққа шығара алмаймыз. Күні-түні «нұротаншылап», жоқты бар етіп көрсетіп, билікке сын айтушыларды көпе-көрінеу қаралап жатқан оның уы санаға сіңіп кеткен. Ол «дымбілместік» дерт, әсіресе, ауыл жақта асқынып тұр!

Оған тағы біздің қанымыздағы әсіре «шүкіршілік» пен «тәубәшілдікті» тағы бір қосып қойыңыз.

Шақырушыға да көп нәрсе байланысты. Ал бізде болса, ішкі ырду-дырдулардан кейін оппозицияның да беделі төмендеп кеткені рас.

Және де ел бірауыздан наразы болып, өзінің қарсылығын білдірер қоғамдық кеселдер аз ба бұл күндері?

Бағаның шарықтауы. Жемқорлықтың жайлауы. Жұмыссыздықтың жойылмауы. Басқасын айтпағанда, Жаңа жылдан елді у-шу ғып, қарапайым жұрттың мазасын алып біткен «автокресло» жыры ше? 12 жасқа толмаған үш-төрт баласы бар ауылдағы ағайын неге осындайда өз құқын қорғап, дауысын шығармайды? Әлде ол үшін де міндетті түрде бір саяси партия үндеу тастап, бәрін ұйымдастыру керек пе?

Жә, саясат пен оппозиция көп адамды қызықтырмайды делік. Ол сөздің де жаны бар шығар. Бірақ осы жөнсіздіктердің әрбір азаматтың нақ өзінің жеке басына тікелей қатысы бар емес пе?!

Меніңше, осынау феноменнің жоғарыда айтылған жайттардан бөлек тағы да екі түрлі себебі бар.

Біріншіден, біз белсенділікті өзімізден емес, басқадан талап етеміз: бір нәрсе боп қалса, «неге оппозициядағы пәленше мен түгеншелер көшеге шықпайды?» деп кінәні өзгеге арта саламыз. Ал өзіміз диваннан бір жұмсақ жерімізді көтеруге ерінеміз!

Екіншіден, біз әлі де жалпыхалықтық сын сағаттары біріге алатын біртұтас ұлтқа айнала қойған жоқпыз!

Ал ұйымдаса алмаған ұлт – ұтылады! Оған тарих куә! Өз басым «Жаңаөзен тұсында таныта алмаған ұлттық бірлігімізді ертең, жаман айтпай, жақсы жоқ, ел басына күн туған кезде таныта аламыз ба?» деген сауал туралы қатты ойланып жүрмін...

«Ашық алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, №1, 15  қаңтар 2015 жыл

 

Абай.kz 

0 пікір