Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 4343 0 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 14:03

КІШІ ШКОЛЬНИК НЕГЕ КҮРТ ҚИМЫЛДАДЫ?

ҚР Энергетика министрі Владимир Школьниктің ұлы Игорь Школьник Ресей Федерациясы аумағындағы активтерінен құтылуды көздейтін сыңайлы. Орыс басылымдарының жазуынша, Ор (Орск) мұнай өңдеу зауытының қожайыны болып табылатын Игорь Владимирұлы құны 1 млрд. АҚШ долларынан астам басқару пакетін «Русснефт» компаниясына сатып жіберген.

Орск мұнай өңдеу зауыты Ресейдегі стратегиялық маңызға ие нысандардың бірі болатын. Ол ішкі Ресеймен қатар Қазақстанның батыс аумағын да мұнай өнімдерімен қамтып отырған алпауыт кәсіпорын.

Дерек көздері кіші Школьниктің бұл зауытқа 2011 жылы қол жеткізгенін айтады. Зауыттың ресми қожайыны Кипр аралдарында тіркелген «Cipation Holdings Ltd» компаниясы болған. Бұл компания Қазақстан азаматы әрі билік эшолонындағы лауызымды тұлға болып табылатын Владимир Школьниктің жақын туысының атына тіркелген екен. Ал, осы ақпарат жария болған кезде үлкен Школьник: «Бұл жерден саясат іздемеңіздер. Барлық адамдар сияқты менің туыстарым да бизнеспен айналысуға құқылы...» деген еді.

Сонымен, кіші Школьниктің өз бақылауындағы активтерін сатуға шығара бастауының басқаша астары болуы мүмкін бе? Бұл - Ресейдегі қаржы дағдарысының салдарынан алдын ала сақтану... немесе соңғы кездері ұлт патриоттарының үлкен Школьникке қатысты айтылған сынынан кейінгі іш тарту болуы да ғажап емес. Соңғы жағдайда бас энергетиктің басына бұлт үйіріліп, оқиға Храпуновтың басынан өткерген жағдай сияқты өрбуі де ықтимал... Рас, бұл долбар ғана, ақиқатын уақыт көрсетеді.

Абай.kz 

0 пікір