Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жанайқай 4079 0 пікір 21 Қаңтар, 2015 сағат 14:27

ADAM bol ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

ЖУРНАЛИСТЕР МЕН ОҚЫРМАНДАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҮШIН ADAM bol ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУДА

 Жақында сот шешiмiмен жабылған тәуелсiз “ADAM boI” журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева кеше аштық жариялап бастады.   Г.Ерғалиева басылымның жабылуына наразылық акциясын Алматыда, журнал редакциясында өткiзiп жатыр. Сондай-ақ ол елiмiздегi бiрнеше лауазымды тұлғаға өз талабын бiлдiрген төмендегi мәлiмдемесiн жария еттi.

 

ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның мерзiмсiз аштық жариялау жөнiндегi

МӘЛIМДЕМЕСI

2014 жылы 20 қарашада ADAM bol журналына қатысты iстi сырттай қарап, Алматы қаласының Медеу аудандық сотының судьясы А.Н.Әбi­шеваның шешiмiмен журналды аяқ астынан жауып тастау, тәуелсiз бұқаралық ақпарат құралын аямай тұншықтыру – екi айға жуық уақыт iшiнде судья Әбiшева мен Медеу ауданының прокуроры А.К.Қожабековтiң қолымен iске асырылды. Бұл процеске он бестен аса бақылаушы – шетелдiк дипмиссия өкiлдерi, құқық қорғау халықаралық ұйымдары, сарапшылар, саясаткерлер, журналистер, танымал блогерлер куә болып, iстiң тапсырыспен жасалғанына, Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң өрескел бұзылғанына, сот пен прокурордың талап арыз берушiнi – Алматы қалалық әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат бас­қармасын ашық қолдағанына наразылық танытты.

Бiрiншi сатыдағы сот 24 желтоқсан күнi түнде арыз берушiнiң талабын толықтай қанағаттандырып, ADAM bol журналын шығаруға тыйым салынғанына, мемлекеттiк тiр­кеу туралы куәлiгiн қайтарып алғанына еш таңдануға болмайды.

Осы уақыт iшiнде бiздiң редакциямыз, қоғам өкiлде­рi, парламент мәжiлiсiнiң бiр топ депутаты, журналымыздың қамқоршылар кеңесiнiң мүшелерi – елiмiзге танымал беделдi адамдар, бiрқатар халықаралық ұйымдар, мұның iшiнде ЕҚЫҰ да бар, бiрнеше рет бас прокурор­ға, ел басшылығына, оның iшiнде президент Назар­баевқа хат жолдап, ADAM bol журналына қатысты iстi әдiл қарауды талап еткен. Алайда, хат жолданғандардың бәрi басын құмға тығып ал­ғандай үнсiз. Осы аралықта шаш ал десе, бас алатын сот органдары (Алматы қа­ла­лық сотының кассациялық сот алқасы) мен сот орындаушылары (Алматы қаласының Медеу аудандық сот актiлерiн орындау жөнiндегi департаментi) журналдың құрылтайшысы ADAMDAR ЖШС-ға қарсы ойына кел­генiн iстеп бағуда.

2014 жылдың 26 қарашасында Алматы қаласының сот алқасы дiн қызметкерi Е.Әмiренiң талап арызы бо­йынша бұған дейiнгi сот сатыларының шешiмiнiң (ау­дандық және қалалық) моральдық шығын көлемiн азайту күшiн бiр сәтте жойып, айыппұл көлемiн 500 мың теңгеден 5 миллион теңгеге бiр-ақ көтердi.

Желтоқсанның 5-i күнi сот актiлерiн орындау жөнiндегi департаменттiң сот орын­дау­шысы Р.Нұрпейiсов заң нормаларын өрескел бұзып, 5 миллион теңгенi өндiру үшiн редакцияға ешқандай ескерту жасамай-ақ ЖШС директоры мен оның жұбайының жылжымайтын және жылжитын мүлiктерiне тағы да сырттай бұғау салды. Заң бойынша, заңды тұлғаның материалдық мiндетте­ме­­сiне жеке тұлға жауап бер­­­мейдi. Менiңше, бұл жайт – аса iрi көлемдегi     айыппұлды алға тарта отырып арандату, моральдық қысым көрсету, қызмет бабын асыра пайдалану.

Мiне, осылайша билiктiң ADAM bol журналының төңi­регiндегi қалыптастырған жағдайы ақылдан да, заң шеңберiнен де шығып, тә­уелсiз басылымды көпе-көрiнеу басып-жаншу арқылы бiздiң командамыздың азаматтық құқығы мен ар-ожданын аяққа таптады. Тө­менгiлердiң заңсыз iс-әре­кеттерi турасында жоғарыдағыларға жолданған барлық хаттар мен қоғамдық мәлiмдемелер аяқсыз қал­ғандықтан, әдiлет пен заңдылық үстемдiк құруы үшiн, мен – журналдың бас редакторы ретiнде шығармашылық жә­не моральдық жауапкер­шi­­лi­гiмдi сезiне отырып, оқырмандарымыздың мүдде­сi үшiн және журналистердiң құқығы үшiн мерзiмсiз аштық жариялаймын. Лауазымды адамдардың заңсыз әреке­тiне, сот және сот орындау жүйесiндегi бассыздыққа қарсылық бiлдiрумен қатар, жауапты құрылымдардың бiрiншi басшылары iске асыруға тиiстi бiрқатар талаптарды қоямын.

1. Бас прокурор тиiстi шара қолданып, Медеу ау­дандық сотының судьясы А.Н.Әбiшеваны журналға қатысты iстi қарау барысында құқығымызды аяқ асты еткенi үшiн қызметтiк (қылмыстық) жауапкершiлiкке тартсын. Iстiң анық-қанығы 12 қаңтарда бас прокурорға жолданған хатымызда егжей-тегжейлi баяндалған.

2. Бiздiң Алматы қалалық сотына 13 қаңтарда берген Медеу аудандық сотының шешiмiне қатысты апелля­ция­лық шағымымыз ADAM bol журналына қатысты iстi жаңадан толыққанды, жан-жақты әрi объективтi қарау үшiн бiрiншi сот сатысында жiбе­рiлген заңсыздықтарды жо­йып, қанағаттандырылмай қалған өтiнiмдерiмiздi және осы iске қатысты барлық куәгерлер мен мамандарды сұраудан басталсын.

3. Жоғарғы сот қадағалау өндiрiсiн қозғап, Алматы қаласының Медеу аудандық сотынан Ерсiн Әмiренiң талап арызы бойынша ADAM bol журналына қатысты қозғалған азаматтық iстi алғызып, Алматы қалалық сотының 26 қарашадағы қаулысын бұз­сын және моральдық шығынды өтеу жөнiндегi 2014 жылғы 27 қазанда – оның алдындағы сатыда – қабылданған шешiм күшiнде қалдырылсын.

4. Бiз шағым жолдаған Алматы қаласының Медеу аудандық прокуратурасы сот орындаушысы Р.Нұрсейiтовтi өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны – моральдық шығын сомасын өтеу туралы дауда заңды тұлғаның мiндеттемесiне ешқандай қатысы жоқ бiрталай жеке адамдардың мүлкiне заңсыз бұғау салғаны үшiн – қылмыстық жауапкершiлiкке тартсын.

Бұл аштық Қазақстандағы тәуелсiз ақпарат құралдарына үнемi жасалып келе жатқан қорлауға қарсылық бiлдiру акциясы болып табылады. Бiздi қолдасаңыздар, аштық жариялау жөнiндегi штабқа хабарласыңыз.

 

Мекен жайы: Алматы қаласы, Шумный көшесi 5-үй. Телефондарымыз: (727) 292 83 10; 293 53 49.

Жеке телефоным: 8 701 788 34 92.

Гүлжан Ерғалиева,

Алматы, 19 қаңтар,

2015 жыл.

Abai.kz

0 пікір