Сәрсенбі, 28 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110684. Жазылғандар — 105766. Қайтыс болғандар — 1825
Қоғам 4981 0 пікір 22 Мамыр, 2014 сағат 11:50

«ЖОЛ ЖҮРІСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЕУРОПАДА ДАЙЫНДАЛҒАН БА?

Алматының іші-сырты қаптаған жол полициясы. Қалаған жерінде тұрып, қызыл таяғымен қырғидай тиіп жатыр. Талғар қаласына қарай аттап шықсаңыз, бұрыш-бұрыштан жалбаң етіп шыға келгенде  көлігіңізбен «көрге» аттанып кете жаздайсыз. Өзі екі көлік әрең қатарласатын тар соқпақ. Алдыңызда сынған немесе ауыр жүк артқан көлік жүріп қалса сорлағаныңыз сол. Тасбақаның аяңымен Алматыға жеткенше жұмысыңыз жайына қалады. Ал зыр етіп алдына өте қалайын десең, қарсы бағытқа шыққан боласың да бір жылға көлік жүргізу құқығыңыздан айырыласыз.

Содан ойлайсың... «Жол қозғалысының» ережесін күшейткендер Еуропада отырып Заң жасаған-ау деп. Әйтпесе, қиқы-шойқы жол, тар көше, көлік қоятын орын жоқ қазіргі жағдаймен қандай тәртіп, қандай ереже сұрамақшы. Байқағанымыз жол жүру ережесі күшейтілген бір айдан бері зарлап жүргендер тек қарапайым жүргізушілер мен таксистер.

Біз көлік жүргізушілердің біразынан пікір жинап көрдік. Түйгеніміз –  қалтаңызда қомақты сома болса, жол тәртібін қалай бұзсаңызда құтылатын көрінесіз. Яғни жол жүру ережесін бұрынғыдай бұза беруге әлі де мүмкіндік бар. Тек «сыйақыны» бұрынғыдан көп беруіңіз керек.

Сонда жол апатын азайтамыз, жол тәртібін күшейтеміз деп жасалған заң кімге арналған? Қарапайым халыққа ма, әлде, ала таяқ ұстаған пагондылардың қалтасын қампайту үшін бе? Бір ағамыз айтпақшы, бұрын «Патрульдік полиция», «Жол полициясы» деген болушы еді. Қазір бәрі бірігіп, «Жол полициясы» болып кетті. Неге?

Тағы бір айта кетерлігі, жол полициясының 99 пайызы қазақ бола тұра, жол ережесін бұзғаныңыз туралы қаттаманы орысша толтыруға мәжбүрлейді. Сондай-ақ, көшені басына көтеріп, көлігіңізді тоқтатуға берілетін бұйрықта Ресей мемлекетінің тілінде айтады. Егер сіз орыс тілін түсінбейтін біреу болып, елемей жүре берсеңіз, бір жылға көлік жүргізу құқығыңыздан айырыласыз.

Сөйтіп, көлік тізгінінде отырған жұрт көзін шел басқан шенеуніктерге наразы. Сондықтан, «Жол жүрісі туралы» Заңды дайындаған Жазылбеков бастаған депутаттарға айтарымыз, бұл заңның қарапайым қазаққа қаншалықты ауыр тиіп жатқандығын көкте ұшақпен, жерде джиппен жүргендер білмейді. Бірақ Халық қалаулысы болып сайланған сіздер әбден білу керексіздер және дер уақытында түзетулер енгізуге тиіссіздер. 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір