Жұма, 26 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 9962 0 пікір 26 Мамыр, 2014 сағат 11:22

АСЫҚ АТУ ҚОЛЖЕТІМСІЗ СПОРТ ТҮРІ БОЛҒАНЫ МА?

         Асық атудан республикалық ашық турнир өтеді дегенді естігенде ерекше қуандық. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына алдын-ала (бір ай бұрын!) тапсырыс беріп, Садуақас және басқа да жақсы ойын көрсетіп жүрген бірнеше бауырларымызбен бірге бақ сынап қайтайық әрі ұлттық ойынымыздың дамуына өз үлесімізді қосайық деп ойладық. Бұл күнді асыға күттік. 25 мамыр күні таңертең ерте алып–ұшып ойын болатын жерге жеттік. Жарыс басталғалы жатыр екен. Міне, қызық, біздің аты-жөніміз тізімде жоқ. Себебін білу үшін ұйымдастыру алқасына бардық. Олар: «Біз білмейміз, барлығы алдын-ала жазылып қойған, кеш қалдыңыздар» деп қарап отыр. Біз  алдын-ала жазылғанымызды айтып, шыр-пыр болдық. «Кеш қалдыңыздар, бауырым, болды, жетер енді» деп суық қайырды ұйымдастырушылардың бірі. «Айтқан сөзді ұғасың ба, бір айтқан соң болды ғой, неге қазбалай бересің. Ашық па, жабық па онда шаруам жоқ. Әр облыстан бір команда қатысады, болды, бітті» деп зекіп тастады  тағы бірі. Республикалық турнирге алдымен ауылда, содан соң ауданда іріктеу болмаушы ма еді? «Жиналған  командалар қашан, қайдан іріктеуден өтті?» деген сұрағыма іріктеу болған жоқ деген жауап алдым. Демек, әр аймақтан ойыншылар қатысса жарыс республикалық деген  атауға ие бола ма?

Мен қарап қалмай ойынға қатысып жатқан ойыншылардан бұл жарысқа қалай келгендерін сұрастырдым. Олар ұйымдастырушылардың өздері шақырғанын айтты.  Бұл күні бізден  басқа да қаншама бала ойынға қатыса алмады. Осы күнге дейін ұтып алған үш жүзге жуық  асығын арқалаған Сәдуақас  пен жетім қозыдай көздері алақ-жұлақ еткен бауырларымыз кімге шағынарын білмей шарасыз күй кешті. Осы сәтте Сәдуақастың қоржынындағы томпиған көп асықты байқап қалған журналистер камераларын алып, ентелей жөнелді. Олар: «Мұншама асықты қайдан алдың, кім берді?» деп жан-жақтан сұрақтарын жаудырып жатыр. Көңіл хошы болмай тұрған бозбала болса, камераға түсу үшін келмегенін айтып, сөйлемей қойды. Оның асығына қызыққан журналистер қояр да қоймай, ақыры оны камераға түсіруге көндірді. «Мен бұл асықтарды ауыл балаларынан ұтып алдым, осы күнге дейін мені ұтқан бала болған емес» деп бір мақтанып қойды, «Бірақ осы жарысқа келіп, қатыса алмай тұрғаным өкінішті. Сонда бұл жарыс кімдер үшін ұйымдастырылған?» деп ренішін білдірді. Журналистердің «Ойынға неге қатыса алмадың?» деген сауалдарына: «Ол жағын ұйымдастырушылардан сұраңыздар» деп бұртиып, теріс қарады.

Бұл шараның  кемшілігін айтып, айыбын бетіне басу біздің мақсатымыз емес, әрине. Қарапайым қазақ баласы ойнап жүрген асық ойынын тым ресмилендіріп жібергендеріне қынжылдық. Айтпақшы, ойын соңында ортаға өнер жұлдыздарын шақырып, асық атқызып, соларды тамашалауға шақырды.  «Асық атуларын қараңыздаршы» деп оларды асыра мақтады. Сонда бұл жарыстың мақсаты не? Ол кімдер үшін ұйымдастырылған? Әлдебіреуі маған келіп: «Өнер жұлдыздарымен бірге асық атыңыз» деп шақырды. Ауылдан шыққан қара домалақ бауырларым есіктен сығалап тұрғанда, мен қалай алаңсыз асық атады екенмін?! Ұлттық ойынымызды ұлықтағанымыз осы ма? Оны жандандыратын жас ұрпақтың ынта-ықыласын арттырудың орнына олардың көңілін қалдырсақ, келешегіміз қалай болмақ?  Соны ойлаған жан болды ма екен? Не керек, бұл күні асық атамыз деп құлшынып барған көңіліміз су сепкендей басылып, еңсеміз түсіп, үйге қайттық.  

P.S.

Жас кезімізде аталарымыз ер балаларды шақырып: «Қайсысың қойды жұлмаламай соя аласыңдар» деуші еді. Сол айтқандай, қойды да шын қасапшының сойғаны дұрыс-ау. Балуаны сай болса, бәйгесін күліп берген қазақтың баласы едік қой, бір баланы ойынға қосудың соншалықты қиын болғаны ма? Мына  жағдайдан кейін талайға үлгі болып жүрген Сәдуақас ініміз  асықтарын  тастай салмаса  жарар еді...

Мұхтар Тұртайұлы

Abai.kz

0 пікір