Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3411 0 пікір 11 Мамыр, 2010 сағат 03:41

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны (Жалғасы)

«Мемлекеттік» емес тіл

Мемлекеттік тілдің мүшкіл халі сол тілдің, яғни қазақ тілінің бүгінгі, ескі совет әуезімен айтсақ, өскелең заманға сай келмейтіні, сыпайыласақ, онша сай еместігі, кедейлігіне байланысты деген пікір көп айтылады. Манағы дүбәралардың ішінде аз-маз түйсігі барлар және біз қарсы емеспіз, бірақ... деп, жаны ашығансып сөйлеген өктем нәсіл тарапынан. Бетке салар екінші бір кінәрат - қазақтардың өзінің көпшілігі қазақ тілін білмейтіні.

«Мемлекеттік» емес тіл

Мемлекеттік тілдің мүшкіл халі сол тілдің, яғни қазақ тілінің бүгінгі, ескі совет әуезімен айтсақ, өскелең заманға сай келмейтіні, сыпайыласақ, онша сай еместігі, кедейлігіне байланысты деген пікір көп айтылады. Манағы дүбәралардың ішінде аз-маз түйсігі барлар және біз қарсы емеспіз, бірақ... деп, жаны ашығансып сөйлеген өктем нәсіл тарапынан. Бетке салар екінші бір кінәрат - қазақтардың өзінің көпшілігі қазақ тілін білмейтіні.

Соңғысынан бастайық. Шынында да бәрін түгендемейік, осы егемен елдегі қандас қауымның қаншасы... таза қазақ? Мен сауалдың дәл осы тұрғысынан қойылысы жаңсақ деп білемін. Қалыптасқан сарынмен кеттік. Біздегі біршама орныққан ұғым бойынша, ұлты қазақ болып туғандар үш топқа бөлінеді: таза қазақ, шала қазақ, ада қазақ. Мұның әуелгісі - тілі де, діні де қазақы тұлғалар, екіншісі - тілге шалағайлау, бірақ қазақтық санадан безбегендер, үшіншісі - тіл де жоқ, сірә, иман да жоқ, түрі ғана қазақ ағайындар. Бұл арада тілдік белгі мен ұлттық бөлініс арасына тепе-теңдік қойылғанын аңдаймыз. Тілден айырылу ақыр түбінде ұлттық санадан да айырылуға бастайтыны рас. Бірақ бұл - айнымалы құбылыс. Кешегі орысшадан мақұрам ата-ананың немересі бүгін қазақшаны мүлдем білмей шықса, осы қасқаның туған баласы демей-ақ қояйық, немересі қайтадан қазақшаға жетігіп шығуы қиын емес қой. Сондай-ақ туған тілін білмей тұрған сабазымыз арада көп ұзамай-ақ аса жетікпесе де, қажетті мөлшердегі қазақшаны үйренуі қиын ба. Яғни, тілді білу, білмеу - ұлттық белгіні айқындамайтын, өзгермелі, түптің түбінде өтпелі жағдай ғана.

 

Сонымен турасын көшсек, дәл қазіргі кезеңде өзінің туған тілін (ана тілі емес, ана тіл қашан да тумысқа байланыссыз категория: жетік игерген, күнделікті тұрмыс, от басы, жұмыс, тіршілікте еркін қолданылатын, негізгі тіл ұғымындағы сөз, демек біздің қазақша білмейтін ағайындардың ана тілі - орыс тілі) яғни ата-бабасының тілін тақыр-таза білмейтін қазақтың саны қанша немесе бүгінгі, өз республикасының шегінде тұрып жатқан жұртымыздың неше пайызы? Әр кезде әр түрлі сан айтылды. Мәселен, 90-жылдардың орта тұсында қазақтың қырық пайызы туған тілін білмейді деген сөз кеңінен тарап, талассыз ақиқат ретінде қабылданды. Шындығында - бұл ешқандай қисынға келмейтін дерек. Тіл білмейтіндер, көбіне соңғы буын, асса жас мөлшері қырықтан төменгі буын. Оның да барлығы емес. Мәселен, 80-жылдардың соңындағы біз байқаған бір деректе елдегі барлық қазақ ұлтты оқушылардың есебіне шаққанда, қазақ мектебінің шәкірттері - бір жарым миллионға тақау екен де, орыс мектептеріне баратын  қазақ балаларының ұзын саны не-бәрі жарты миллион ғана екен. Яғни, қазақ текті жас жеткіншектің ширегі, жиырма бес пайыз мөлшерінде ғана. Бұлардың бәрі бірдей қазақша білмейді деп айту қисынсыз. Қаладағылар түгел мақау дегеннің өзінде, ол кезде орыс тілді мектептер бір орысы жоқ, таза қазақ ауылдарының бәрінде ашылған болатын. Мәселен, мен туып өскен, қазағы жүз пайыз ауданда бізден соң орыс мектебі жасақталып, онда төрт жүздей бала оқиды екен (қазір жабылып қалса керек), барлық жерде осылай болды. Әлгі балалар, әрине, мектеп тілінен гөрі, үйдегі, ауылдағы тілді жақсырақ білді. Ол заманда мектептен өтпейтін бала жоқ.  Жаңағы жиырма бес пайыз - қазақ тілі әбден әлсіреп, орыс тілі мүлдем күшейген кездегі есеп, одан бұрын сол жиырма беске де жеткен жоқ, арыда, одан жиырма жыл бұрын, әрине, бұдан да аз болды.

Екінші бір долбар - қалада тұратын барлық қазақ, үлкен-кішісі демей, түгел қазақша білмеді деп санасақ, оған орыс басқан «тың өлке» - төрт-бес облысты толайымен қоссақ, сонда да жаңағы қырық пайызға жеткізе алмаймыз. Яғни «қырық пайыздың» зары - «Тіліміз құрып бара жатыр!» деген қауіптен туындаған орынсыз байбалам. Бар дегені болып жатқан өктем ағайындар: «Қазақстанда орыс тілі қысым көріп отыр!» деп шуласа, өздерін қақысы кеткен мүсәпір етіп көрсетсе, мұндай көпе-көрнеу аярлық зорлықшылға жарасады. Түпкі мақсат - бұрынғыдан әрмен жаныштай беру. Егер осыған керісінше, шын қорлық көріп отырған дәрменсіз мүскін өз жағдайын аз-маз әсірелеп, тіпті мүшкіл етіп көрсеткісі келсе, бұл тек қана жиреніш туғызбақ. Біздің жанашырлыққа шақырған, шарасыздан шыққан «Ойбай, қырық пайыз!» айқайымыз ойлағанға қарама-қарсы нәтиже беріп, «Е, өздерінің де шамасы бітіп отыр екен ғой, енді мойнын үзе салайық» деген шешімге жетелейді.

 

Сонда осы бақытсыз «қырық пайыз» қайдан шықты? 1989 жылғы, советтік ең соңғы халық санағының қорытынды деректеріне қарағанда, республикадағы қазақ жұртының 62,8 пайызы орыс тілін еркін игерген. Сәйкесінше, қалған 37,2 пайыз орысшаға онша емес немесе мүлде білмейді, яғни тек ғана қазақша сөйлейді. 37,2 - дөңгелектеп, 40 деп қойыңыз, әйгілі қырық пайыздың түп төркіні, міне, осыдан шықса керек. Бұл ғажайып логика бойынша, алпыс пайыз қазақ қазақша білмеуі керек. Алпысыңыз да айтылып қалып жүрді, бірақ біздің дарақыларға көбірек көрінсе керек, кері айналып, қырыққа тоқтаған.

 

Сол жолғы санақ деректеріне жүгінсек, қазақ тілін ана тілім деп есептейтін қазақтардың ұзын саны  98,6 пайыз екен. Ол заман үшін тамаша көрсеткіш. Яғни, қазақ тілінен мүлде мақұрым, орыс тілін ана тіл санайтын қазақтар - барлық жұртымыздың 1,4 пайызы ғана. Әлбетте, әлгі 98,6 - түгелімен қазақша сайрап тұр деуге болмас. Біразы тұрмыстық деңгейде ғана, біразы ауызекі тілді түсінер жағдайда, енді біразы қазақшаға мүлде жоқ - жинақтап келгенде, әлде 5, әлде 7, бәлкім 8-9 пайыз, бірақ бәрі де өзінің қазақтық тегінен, ата-бабасының тілінен мүлде жеріп кетпеген, тілімді білмеймін деп айтудың өзін намыс көреді деген сөз. Сонымен қатар, қызмет тілі, өндіріс тілі, көше тілі түгел орысша болғаннан соң, ана тілінде күнделікті сөйлеу машығы жетімсіз, нәтижесінде белгілі мөлшерде қазақша біле тұра, қорғалақтау бар, бұл жағын да ұмытпаған жөн.

 

Десе де, еріксіз мойындау керек, орыс тілі қазақ арасында барлық деңгейде де өктем. Советтік кезеңде қалыптасқан жағдай, отаршылдық зардабы десек те, мәселенің ең басты кілтипаны өзімізде жатқанын, бізді ешкім де көпе-көрнеу зорламағанын, түптеп келгенде, барлық кінәрат - ұлттық сананың төмендігінен туындағанын мойындау қажет. Біз ойша шамалап отырған 7-8 пайыз түгілі, ресми 1,4 пайызыңыздың өзі тым көп. Тоқсан мыңның үстінде. Біз төмендете межелеп отырған 7-8-ге қисаңыз, кемі жарты миллион болып шығады. Тұтас бір халық. Ойлап тұрсаңыз, бұл жерде кеселдің үлкені санда ғана емес. Сапа демейік, тетікте. Әлгі, ана тілін білмесе де қалада өскен, негізінен билікке, бизнеске жақын мықтылардың шаңырағынан шыққан балаларымыз бүгінгі күні тағы да сол өкімет пен байлықтың тізгініне жақын отыр. Яғни, бұлардың ұлт болашағына тигізер әсері әлденше есе. Дәл қазіргі кезеңде, тәуелсіз аталатын елдегі ұлттық нысандардың бәрін айтпайық, өзіміз ежіктеп отырған қазақ тіліне ғана жүгінсек, оңбай жатқан жағдайымыз негізінен орыс тілді қазақтардың кесірі екенін атап айтуға тура келеді

(М. Мағауиннің «Ұлтсыздану ұраны» 2004 жылы жазылғанын қайыра естеріңізге саламыз. Содан бері аттай алты жыл өтсе де қаламгер көрсетіп отырған толғақты мәселе алты адым алдыға жылжыған жоқ. Қайта кері кетіп бара жатыр. - abai.kz).

 

Ең соңғы деректеме бойынша, биыл, жыл басы 2004 жылдың 1 қаңтарында

Қазақстандағы қазақтың жиын саны 8 миллион, 550 мың, 846 жанға жетіпті, елдегі халықтың 57,2 пайызы. Егер біздің қазақ республика тұрғындарының 80-90 пайызына жетіп, оның ішінде туған тіліне жат, тек қана орыс (оған қосымша ағылшын, неміс, испан, түрік, эскимос, чукча, т.т.) тілді бауырларымыз миллион емес, жүз мың, бес мың емес, жаңағы, дөңгелектен озып тұрған 846 ғана кісі болсыншы, бәрібір қазақ тілінің көсегесі көгермес еді, Үкіметіңіз де, Парламентіңіз де дәл қазіргідей қазақ тілін аяқ асты етіп, орысша сайрап отырар еді. Өйткені, бар билік, бар билік болмаса да, президентіңіз бен соған тетелес тағы екі-үш адамна басқа, дүниенің тұтқасын ұстап отырған барлық қожайындарыңыз қазақша білмейді - небәрі 846 кісі, бірақ жол - солардікі, неше пайыз, неше миллион халқыңызға пысқырмайды да. Мұны көп көрсеңіз, мен қазіргі Елбасыңыз - қазақ ортасынан шыққан, қазақша сөйлей алатын ең соңғы президентіміз болмағай деп қауіптенем. Әсіресіз ақиқат. «Кенесары көп болса жүзге келер...» демекші, келесі демейік, арғы, одан арғы сайлауларда басыңызға кім мінетінін қайдан білдіңіз? Дүние мына қалыпта тұра берсе, бүгінгі күніңізге зар болатын жағдай да алыс емес. Оның айқын мысалы - тақаудағы Парламент шешімі.

 

 

Бүгінгі жұртқа мәлім, болашақ ұрпақ ұмытып қалмас үшін тасқа таңбалап, тарихқа енгізіп қою қажет, осы жақында ғана республика Парламенті «Ел билеген қазақтың қазақ тілін біліп, мәдениеті мен тарихын құрметтеуі қажет емес!» деген шешім қабылдады! Сұмдықтың соңғы түйінін бірден ашпай, басына көтерсек, депутат Амангелді Айталының сайлау туралы заңға: «Депутаттыққа кандидат қазақ азаматтарының мемлекеттік тілді білуі, елдің мәдениеті мен тарихын білуі міндетті» деген арнайы тармақ енгізу туралы ұсынысын өткізбей тастады. Еуропа нәсілді депутаттар түгел қарсы болғаны ештеңе емес, ұлты қазақ үлкен-кішінің біразы, қазақ бола тұра, қатардағы қазақ емес, ел билеу тетігіндегі, бай, бағлан қазақ бола тұра, қазақ тілін де, қазақ тарихы мен мәдениетін де біліп қажеті жоқ деп есептейді екен, бұл топта, тілі де бар, биліктің де дәмін тумысынан татып келе жатқан, елге тұлға деп саналатын, сыйлы ақсақалдарымыздың айқайы тіпті басым шығыпты.

 

Таң қаларлық ештеңе де жоқ. Ұлт мүддесін саудаға салу - бұлардың совет заманынан бергі үйреншікті тәсілі. Сол арқылы қызметі өскен, дегеніне жеткен. Ендігісі не десеңіз, дәл осы жолы, дәл осындай бап - қазақ тілін білу, қазақ мәдениетін құрметтеу, қазақ тарихынан хабардар болу - биік талап емес, тұрмыстық, күнделікті қолданыс, орташа ақпар деңгейіндегі тілек - өтіп кете қалса... ертең әңгіме Парламент сайлауынан озып, мемлекеттік қызмет, әкімшілік сала - барлық деңгейдегі құрылымдар үшін қағидаға айналуы мүмкін, ал бұл деген... бұл деген - жас ұрпақтың - бар қазақ емес, осы биік мәртебелі ағайындардың және олармен тұрғылас, сыбайлас, жемтіктес басқа да «игі жақсылардың» жаңа ұрпағының қызмет бабында өсіп-өркендеуіне бөгесін болуға мүмкін! Қазақ тілі, тарихымен, мәдениетімен, басқа да бау-шуымен, керек десеңіз, сондай артта қалған бұйымдарды күні бүгінге дейін пайдаланып отырған және әліне қарамай, алдағы замандарда да пайдалана бермек қара қазақ - бүкіл қазақ халқы құрып кетсін, әрмен кетсін, біржола түнекке батсын - онда тұрған не бар, тек өзімнің мәңгүрт ұрпағым аман болсын, өсе берсін, өркендей берсін, жей берсін, жеміре берсін, қайталап айтайық, қалған қазақ күл болмаса бүл болсын! - деген теріс тілеу осындай масқара кепке жеткізді. Өздері өкім құрып, нанын жеп отырған мемлекет - Қазақстан, яғни Қазақ елі деп аталатыны, өздері ең алдымен сол қазақ халқы        сайлаған, есепті, міндетті тұлғалар екені, әлгіндей, ақыл-есі түзу ұсыныс жасаған азаматтың артында қалың ел тұрғаны - бұйым емес. Бұйым болмайтыны - бұлар баяғы совет заманының өзінде-ақ қазақ халқын адам есебінен шығарып қойған. Одан бергі өздері үшін оң өзгерістер тек әуелгі, мыйға сіңген, көңілде орныққан пікір - қазақтың құнсыз жұрт екендігі, қазіргі, тәуелсіз аталатын елдің өгей ұлы, өгей ұлы да емес, құлақ кесті құлы, бүгін бар, ертең біржола құрып бітуге тиіс санасыз тобыр, тек қана аяққа бөгесін екендігі туралы сенім біржола бекіп, даусыз қағидаға айналған. Астамшылық дерсіз. Бекер айтасыз. Астамшылық емес, азғындық. Астамшылық болса, мұндай күшін қазақтан басқа жұртқа да көрсетер еді ғой. Орыс-орманды қайтеміз. Ол туралы сөз де жоқ. Тырс ете алмайды. Әлдебір ағайындар ұйғыр таршылықта отыр деп шағым айтсыншы. Немесе, күрд мектебінде әлемдік террорист Оджаланның суретін ілгізбей қойды деп. Немесе әлдебір кәрістің ит етін жеуі айыпталыпты деп. Ойбай-аттан, жайылып жастық емес, тілініп ұлтарақ болады. Өйткені, екі жүз мың ұйғырға жақпай көр. Жүз мың кәріспен санаспай көр. Отыз мың күрдке жағынбай көр. Қараптан-қарап  тұрып әке-шешесінен құлдилатса да кешірім сұрап, жік-жапар болар еді. Ал қазақ деген... қазақ деген не. Әдірем қалсын. Сегіз емес, жиырма миллион болсын. Кім ол қазақ деген. Тілі неге керек. Тарихы мен мәдениеті неге керек. Тілін, мәдениетін, тарихын айтасыз, өзі неменеге керек! Қандай қысас жасасаң да қайтарым, қарымтасы жоқ. Не істесең де рауа. Өйткені, өз ата мекен жерінде, өз елінде отырған қазақ - бүгін әлемдегі ғана емес, өз ошағының басында да құнсыз жұрт. Сондай ұғым қалыптасқын. Кімнің кінәсі? Жетпіс жыл бойы советтегі бар кемшілікті патша самодержавиесіне жабушы едік. Енді өзіміздегі бар кінәратты қашанға дейін өткен отарлық тәртіпке жабамыз? Парламентте өз тіліңізге қарсы дауыс бергізген де кешегі советтік тәртіп пе? Қайта коммунист Серікболсын Әбділдин жұрттың алдымен тіліңізді жақтап шықты емес пе? Шынын айтсақ, коммунистер билігі күні бүгінге дейін орнында тұрса, жеріңізді, қазынаңызды, басқа да байлығыңызды айтпай-ақ қояйық, тіліңіз бен ұлтыңыз дәл осындай қорлауға түсер ме еді? Жоқ! Қазақ тілі - тіл емес деген Масанов ертеңіне сотқа тартылып, бүрсігүні түрмеде отырар еді. Өйткені қалай айтсаңыз да, ешкімнің ар-ұжданын, ұлты мен дәстүрін (ашық) қорлауға болмайды деген заң бар еді. Бұл заң қазір де күшінде болуы мүмкін. Бірақ қазаққа жүрмейді. Қазақ - осы, Қазақстан аталатын географиялық кеңістіктегі жалпы жұрттың қорлауына қойылған тәжірибе жандығы. Ерінбеген есектің бәрі тас лақтыруға тиіс. Әрине, ең алдымен өзіміздің интернационал белсенділер.

 

Енді манағы, қазақ тілінің кедейлігі, икемсіздігі туралы әңгімеге оралсақ, бұл да қазақты көпе-көрнеу кемсіту, ұлттық намысын қорлаудың бір көрінісі ғана. Қазақ тілі, бұрын да талай рет айтқанбыз, жазғанбыз, өзінің табиғи мүмкіндіктері тұрғысынан алғанда, атақты орыс тілінен әлдеқайда қуатты. Бұған келіспеңіз. Үйренбеген, аса сөлекет сөз екен. Ендеше, байлығына күмән келтірмеңіз, неміс-қазақ Герольд Бельгерден бастап, қаншама нақты мысалдар айтылған. Бұған да тоқтамадық. Кедей екен, жұтаң екен. Сонда, тіліміз кемшін екен деп, мемлекеттік тәуелсіздіктен бас тартпаймыз ғой. Әлемдік қауымдастық, ұлы державалар түгел мойындаған. Ендеше, сол егемен елдің мемлекеттік тілі - мемлекет құраған, негізгі, тұрғылықты халықтың тілі болуға тиіс. Амал жоқ, кедей болса да, кемшін болса да, ауру, сырқау болса да қабылдайсыз. Қазақстандағы, яғни Қазақ еліндегі Мемлекеттік тіл - қазақ тілі! И баста! - болды, бітті дейді орыс ағайындар. Қаламасаңыз да қабылдайсыз. Ал термин мәселесі... саяси, ғылыми, экономикалық... Қай тілмен қоса жаратылыпты? Ел өркендеп, ғылым-білім дами келе қалыптасқан. Және... Орыс тіліндегі термин сөздердің неше пайызы таза орыстық? Үш? Бес? Мейлі, он, жиырма, елу болсын. Бүкіл медицина - латын, бүкіл техника - неміс, итальян француз, бүгінгі дамыған нақты ғылымдар - түгелге жуық ағылшынша... Аласыз да, қажетіңізге жаратасыз. Ғылым мен өндірісте ғана емес, саясатта да... Тек... бір сорақы мысал. Бізбен арғы тарихы ортақ, қазіргі жұрты туыс, кеудесі зор, ұлттық намысы шеңбірек атқан түрік ағайындар... «политика» дейді, «культура» дейді, әуелде дәл өзіміздей «саясат», «мәдениет» екен, баяғы 20-жылдары, монархия құлап, демократияға аяқ басқан кезде, бүгінгі біздегідей, аяқ астынан шыққан білгір «патриоттар» араб, парсы текті термин, атаудан түгел құтылуымыз керек деген ұранмен, «мәдениетті» - «культураға», «саясатты» - «политикаға» ауыстырған. Бұл ғана емес. «Мұғалім», «мектептен» бастап, мыңдаған сөз тазартуға түскен, кейбірі, жоғарыдағыдай, батыс тілдерінен, кейбірі өз тарапынан, жаңадан - мәселен, «мектебіңіз» - «оқұл», сірә, оқитын жер, «мұғаліміңіз» - «өгретмен» - үйретуші. Нәтижесінде, түрік тілі байымаған, кедейленген, оның үстіне, мың жылдық туыстас түрік тілдері - қазақ, өзбек, қырғыз, татар - мына бізден алыстай түскен (Бұған арабта бар, әрі «дөрекі», «анайы» деп, тілден «қ» дыбысын аластау және қосылған; бүгінгі түрік тілінде «қ» жоқ, алыс ауылдарда ғана сақталып қалыпты). Біз де, тәуелсіздік алып, бұрынғы бұқпантайлар мен жалтақтар түгел ер шығып, бұрынғы ұлтсыздар мен бетсіздер түгел патриот болып шығып, қазақ рухына қатысты бар істің тетігін ақыл емес, айғай шешкен кезде, осы екі аралықтағы, ең сорақы жолды таңдаlық. Тілімізде әбден қалыптасқан жат негізді атаулар қисынды, қисынсызына қарамай, түгел «қазақшалана» бастады. Мәселен, өткендегі мемлекеттік және саяси құрылым атауы - «Совет» сөзін алайық. Советтер Одағы. Советтік Социалистік Республикалар Одағы. Қазіргі «Кеңес» болды, СССР немесе ССРО орнына КСРО. Мұндай мемлекет, мұндай атау болған емес. Жетпіс жыл бойы олай жазылған емес (20-жылдардағы әлсіз талапты еске алмасақ). Өткен тарихқа мүлде үйлеспейді. Егер түгел қазақшалау керек болса, «социализмді» де аударыңыз. «Ортақшыл» деп, баяғыша. Жарар, «республика» - жұмхұрият екен. Қайткенде де «Совет» өзгермеуге тиіс. Бүкіл әлемде солай қабылданған. Америкада, Германияда, Францияда - бәрінде. Ағылшын тілінің, неміс тілінің, француз, испан тілдерінің кемістігінен емес. Қарапайым ғана қисын бойынша. Біздің дәл осы реттегі «патриотизм» - тек білместік қана. Бүкіл әлем қабылдаған, ғасыр бойы қалыптасқан мұндай атау ғана емес. Күнделікті тұрмысқа байланысты тағы қаншама тұрақты ұғым. Айталық, «әптек» деген сөз бар еді, жазуымызға енген, жұртқа етене; тапа-тал түсте «дәріхана» болды, мен көшеде көрген сайын «дәретхана» деп оқып барып түзетем. Бүкіл дүниеге ортақ «паспорт» бар еді, «төлқұжат» деген сөз ойлап таптық, негізі теріс емес, бірақ жеке басқа қатысты барлық құжаттың жиынтық атауы ретінде қолдануға лайық, ал «паспорттың» жөні бөлек. Әрине, «құжат» орынды; қандай орайда болса да, туыстас тілдерге енген, қалыптасқан атауларды іркілмей ала бергені жөн. Әлбетте, қажетті жерінде балама табу, жаңа сөз, жаңа термин тудыруға да болады, бірақ ғылымда, экономика мен өндірісте, мәдениетте ондаған жылдар бойы қолданылып, әбден қалыптасқан атаулардың талайын бүлдірдік. Бұдан тіліміз байыған жоқ, керісінше, кедейленді, жайдақтанды, керек десеңіз, кейде қазақша оқып отырып, түсіне алмайтын дәрежеге жеттік. Аңғалдық дейсіз бе, надандық дейсіз бе, қайткенде де, асыра сілтеу болды. Қайтадан оңдау - бірталай күшке түспек.

(Жалағасы бар)

 

0 пікір