Жұма, 26 Сәуір 2024
Тарихтың бір күні 5494 0 пікір 29 Мамыр, 2014 сағат 14:26

Қол қою рәсімі Астанада өткені символдық мәнге ие

Дәл осы сағаттарда Елордадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болып, Астана экономикалық саммиті өтіп жатыр. Тәуелсіздік сарайында Еуразиялық экономикалық одақ туралы  ҚР Президенті Н. Назарбаев:

«Біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тәмамдадық. Оған қол қою Еуразиялық кеңістіктегі сапалы интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт   оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консенсусқа келіп отырмыз», - деді.

Ал, РФ Президенті В. Путин болса ЕАЭО-нің тарихи маңыздылығы мен интеграцияға  тоқталып былай деді:

«Біздің бүгінгі кездесу тарихи маңызға ие. Қазақстан, Ресей және Беларусь Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қояды. Бұл құжат мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, біздің елдерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады».

Еуразиялық одақ идеясының авторы қазақ президенті екендігіне ерекше екпін түсіре сөйлеген Путин баспасөз өкілдеріне осы жайтты қайталап айтты.

«Шартқа қол қою рәсімі Қазақстан астанасында өтіп жатқаны символдық мәнге ие, - деді РФ Президенті, -  Себебі, Еуразиялық одақ идеясының басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғаны белгілі. 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісі барысында Қазақстан Президенті осы идеяны алғаш рет жария еткен болатын».

Беларусь Президенті А. Лукашенконың атап өтуінше, Қазақстан, Беларусь және Ресейдің таңдаған жолының дұрыстығын өмір көрсетіп отыр. Посткеңестік кеңістіктегі елдердің дезинтеграциялануына жол бермеу үшін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды.

"Біз бірлесіп, бірнеше жыл бойы еуразиялық интеграцияның азапты жолынан өттік. Әрбір қадам оңай болған жоқ. Дегенмен, біздің халқымыз бейбітшілік пен достықта өмір сүріп, олардың мемлекеттері өзара тиімді ынтымақтастықтың мығым негізінде жүзеге асырылатындығына нық сенімді болуына негізделген басты мақсатымызды көре білдік",-  деді ол өз сөзінде.

Бұдан бұрын да айтылғандай Еуразиялық экономикалық одақ оған қатысушы тараптардың жеке құқығына, сыртқы және ішкі саясаттағы дербестігіне құл сұқпайды. Осы орайда ҚР Президенті: «Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртудың қуатты ынталандыру тетігіне айналатынына, елімізді әлемнің жетекші мемлекеттер қатарына көтерілуіне септігін тигізетініне сенімдімін», -деді. 

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы барлық халықаралық келісімдер, комиссияның міндетті сипаттағы күші бар барлық шешімдері орыс тілінде қабылданады. Біз осылай келістік. Дегенмен, ондай құжаттар бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне аударылатын болады. Сондықтан да тілдік принциптер бойынша да ешқандай кемсітушіліктер орын алмайды», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.

 Еске сала кетейік, отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысуда.

 Abai.kz

0 пікір