Сенбі, 27 Сәуір 2024
Өлең 6347 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 11:48

АЛЖИР мен КАРЛАГ

(Қуғын-сүргін құрбандарының рухына)

Бұл күндер АЛЖИР менен КАРЛАГ-тағы

Тарихты жайып бізге аңдатқаны.

Жақсыны «халық жауы» деп жаныштап,

Зұлматтың жұтардай боп қан-батпағы.

Айтылған күнделіктің беттерінде,

Көрінді күңіреніп зар жатқаны.

Күрсінді іштей тынып бауырларым,

Бір ауыз үн қатуға жан батпады.

Шойындай еңсемізді езіп кетті,

Буынды дірілдетті салмақтары.

Құлаққа сыбыр-сыбыр мұң шаққандай,

Қор болған арыстардың әруақтары.

Сорлыны солқ еткізіп құлатқаны

Секілді селк етпей-ақ аңды атқаны...

Қарайды жан-жағына зәрін шашып,

Жұтпаққа Әбжыландай жалмап бәрі.

«Халықты бұратана бұқтырам»- деп,

Көзіне Сталиннің қан қаптады.

Еденге кең жайылып қатқан екен,

Төгілген бейкүнәнің қан дақтары.

Үскірік өңменінен өткен ызғар

Тоңдырды қалшылдатып қарлатқаны.

Айыптап аналарды азаптады

Қор етіп, пасық сұмдар арды аттады.

Қара түн зілдей ауыр жатып алды

Жарқырап жуыр маңда таң да атпады.

Қазақтың кең даласы қамыққандай,

Ұятқа куә болды бар мақтаны.

Текті мен тегеурінді тепкі көрді

Жауыздық бас көтерді жан-жақтағы.

Құныққан құндыкерді нәлет айтып,

Ұрпақтың тұрғандай-ақ қарғап бәрі.

Зобалаң осындай да болған екен,

Тасталған тағдырларға қармақтары,

Жібітіп жүрегіңді дұға жаса,

Көріп қайт қасіретті КАРЛАГ-тағы.

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Ақын, ҚЖО-ның мүшесі.

Қырғыз Республикасы «Молда Бағыш» атындағы

әдеби сыйлықтың иегері.

0 пікір